Үкімет басшысы соңғы екі апта бойы азық-түлік бағасының өспегенін айтты

2390
Adyrna.kz Telegram
Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смаилов бағалардың тұрақталғанын хабарлады. Оның сөзінше, өсудің негізгі себебіне айналған өсімдік шаруашығысында өнім өндіру 15 пайызға артып, өткен екі аптада бағалардың өсу дерегі тіркелмеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Халықаралық геосаясаттың шиеленісуі мен экономиканың күрделі кезеңге тап болуы және әлемдік деңгейде шикізат жеткізу, тасымалдау тізбектерінің бұзылуына байланысты Қазақстан Республикасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы жоспар қабылдаған. Жоспар 2022-2024 жылдар аралығын қамтиды.
Жоспар бойынша егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сонымен қатар мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр. Жалпы өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіптік кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр айтты.

"Мысалы, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9%-ке ұлғайып, 9,3 трлн теңге болды. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15%-ке артты. Жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Қабылданған шаралар оң нәтиже берді. Өткен 2 апта ішінде негізгі азық-түлік бағаларының өсуі тіркелген жоқ. Агроөнеркәсіп саласында бірқатар жобалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады", деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты. Әсіресе, нарық қажеттіліктерін анықтап, көкөніс қоймаларын жаңарту,  қысқа мерзім ішінде субсидиялаудың онлайн-платформасын дайындауға мән берілмек.

Және де  «Қазақстан Темір Жолы» компаниясымен бірлесіп, маусым айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті өнімдерін сатып алу, оның ішінде көрші елдерден әкелеуді қамтамасыз ету, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын нарыққа сай қайта құру бағыттары да басты назарда.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер