Астанада ер адам анасына қатысты балағат сөздер айтып, оның ар-намысын қорлағаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Елорданың 81 жастағы тұрғыны 55 жастағы ұлының үстінен шағым түсірді. Айтуынша, баласы үйде жанжал шығарып, оны қорлаған және кемсіткен. Балағат сөздер айту арқылы психологиялық зорлық-зомбылық көрсете бастағаны анықталды»,—деді басқарма.
Бұл дерек бойынша Сарыарқа ауданы ПБ учаскелік инспекторы құқық бұзған ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен ер адам 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, наурыз айынан бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске балағат сөздер айтқаны үшін жазаны қатайтатын түзетулер күшіне енген болатын.
Мұндай әрекет үшін 20 АЕК (69 мың теңге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алады.