Алматының Түрксіб ауданындағы базардан басы табылған әйел ВИЧ инфекциясымен ауырған.
Бұл туралы марқұм уақытша паналаған әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкері Ырыскүл Құсайынқызы мәлімдеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Елдің есін екеу, түсін төртеу қылған қылмыс 12 сәуірде болған еді. Марқұмды танитын Түрксіб ауданындағы дүкен сатушысы әйелдің бассыз денесін Шолохов көшесіндегі саябақтан ит тапқанын айтады.
Дене табылған жерде әлі де ұйыған қанның қалдығы бар. Ал сатушы бас салынған пакетте қан болмаған дейді.
Заңгер Нұрлан Байғазиннің айтуынша, қанды қылмысты қаскөй алдын ала жоспарлауы мүмкін.
«Ол іс-әрекетіне жауап беретін адам. Өйткені түрін көрсетпеді, еңкейіп тұрды. Бас киімін төмен түсіріп алған. Ол басты жууы керек апарып. Ол үшін су ағатын жерге не үйге апару керек дегендей. Соның бәрі қаншама уақыт қой. Басты кесу, жуу, тазалау, пакетке салу – бәрін ойластырған», - дейді ол.
Айта кетейік, қаскөйдің қолынан қаза тапқан әйелдің жасы 47-де. Тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталғаны айтылады. 27 жастағы бір қызы бар. Марқұмды танитындар оның күйеуі де түрмеде отырғанын, өзі үйсіз, дала кезіп жүретінін айтқан.
Ол қаза табарынан шамамен 4 ай бұрын әлеуметтік бейімдеу орталығын паналаған. Бұл мекемеде 3 ай тұрып, қайта шығып кетіпті.