Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Іс сотта «аса құпия» қаралды.
К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.
Сот шешімі
Кәрім Мәсімов ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
А.Садықұлов ҚК – нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
Д.Ерғожин ҚК – нің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды. М.Осипов Қылмыстық кодекстің 362 – бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин және М.Осипов генерал атақтарынан және мемлекеттік наградалардан айырылды.
Мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы мен 24 млн АҚШ доллары өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.