Талдықорғанда 3 жасар баланы байқаусызда өлтіріп алған бойжеткенге үкім шықты

2500
Adyrna.kz Telegram

Талдықорғанда 3 жасар баланы ұрып өлтірген 24 жастағы тұрғын 10 жылға сотталды. Бұл туралы Жетісу облыстық соты баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық поратлы. 

"Кінәні жеңілдететін мән-жағдайларды, яғни сотталушының бұрын сотты болмағандығын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушінің оны кешіруін және кінәні ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді", - деді Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.

Айта кетейік, 2022 жылғы қыркүйекте Талдықорғандағы аурухананың бірінде 3 жасар бала көз жұмды. Дәрігерлер балаға бас жарақаты диагнозын қойған.

Сәби өліміне қатысы бар деген күдікпен осы баланы қарап-баққан 23 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бойжеткен УҰИ-ға қамалды, бірақ қалалық сот күдіктіге "үй қамағы" санкциясын берді. Алайда, күдікті кейін қайтадан түрмеге тоғытылды.

"Үйқамаққа жіберілген күдікті бұған дейін сотталмаған, кінәсін толық мойындаған, тергеуден қашпаған, тұрғылықты жері болған. Осыны негізге алып, сот оны үйқамаққа жіберген. Бұл жерде біз соттың шешімін заңсыз деп санамаймыз, бірақ негізсіз деп санаймыз. Сол себепті, қылмыс ауыр санатқа жататындықтан, күдікті қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін. Соған сәйкес, біз прокуратура тарапынан соттың күдіктіні үйқамаққа жіберген шешімімен келіспей, қайта күдіктіні қамауға алу жөнінде өтініш хат жолдадық. Сот біздің өтінішімізді қанағаттандырып, күдіктіні қайта қамауға алу жөнінде шешім шығарды", - деген еді қала прокуроры Бақытжан Ашеев.

Аталған факті бойынша сараптама тағайындала отырып, тергеу ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) негізінде жүргізілді.

Пікірлер