Қарақат ханымның «қалыңдық салығы». Іске асу мүмкіндігі қандай?

2601
Adyrna.kz Telegram

Жаңадан сайланған мәжіліс депутаты шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздарына салық салу туралы айтты. Бұл мәселе қоғамды екіге жарды. Оған қарсылар да, оны қолдайтындар да кездеседі.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

2022 жылдың 11 қарашасында кезектен тыс президент сайлауына үміткерлер арасындағы теледебатта кандидат  Қарақат Әбден шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына салық салуды ұсынды.

«Егер қыз тұрмысқа шыққысы келсе, мен не айта аламын – бақытты болсын. Бірақ қазір есеппен үйленетін жастар көп. Біз дәстүрді сақтау тұрғысынан қарауымыз керек. Біздің қыздар – біздің құндылығымыз. Мен шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққысы келетіндерге үлкен салық салуды ұсынамын. Содан кейін қыздар мен олардың ата-аналары ойланатын шығар», – деген болатын Қарақат Әбден.

Ал 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қарақат Әбден сайлаушылардың бар болғаны 2,6 пайыз дауысын жинады. Сөйтсе де ол үміткерлер арасында дауыс жинау жағынан үшінші адам болды. Оны қолдап 206 206 сайлаушы дауыс берген.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАРАҚАТ ХАНЫМ

Президент сайлауынан кандидат болып қайтқан Қарақат Әбден биыл «Ауыл» партиясының қатарында кезектен тыс мәжіліс сайлауына қосылды. Сөйтіп ол партиялық тізіммен мәжіліс депутаты атанды. Оған аталған партияға өту ұсынысы қай тараптан болғаны белгісіз.

«Байқасаңыздар, президент сайлауында Қарақат Әбденнің тұжырымдамасы халықтық дәстүрлермен, ауылдық бағыттағы дәстүрлермен байланысты болды. Сондықтан оның дәстүрді, мәдениетті, адами капиталды, шығармашылықты дамыту идеясы – біз ұстанған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан Қарақатты қатарымызға қуана қабылдадық», - деген «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Мәжілістің алғашқы отырысынан кейін журналистердің cұрақтарына жауап берген Қарақат Әбден президент сайлауында айтқан ұсынысын әрі қарай жүзеге асыратынын айтты. Оның ішіне өзі атап айтпаса да, «қалыңдық салығы» да қамтылатыны байқалды.

«Осыған дейін айтқанымның бәрі, барлық идеяларым, айналысқан барлық мәселелерім, олар менің кейінгі қызметімде жалғасын табады. Қазір айтып отырғандарымды және қалай жүргізілетінін түсіндіру керек. Неге енгізбеске?!» – деді Қарақат Әбден тілшілер сауалына жауап бере келе.

ТҮРКІМЕНСТАН ТӘЖІРИБЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Осыдан кейін қоғам белсенділері Қарақат Әбденнің ұсынысына наразылықтарын білдіре бастады.

Құқық қорғаушы, NeMolchi.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қарақат Әбденнің әйелдердің құқықтары туралы конституциялық нормаларды сақтамайтынын алға тартты. Сондай-ақ Қарақат Әбденді депутаттық мандатынан айыру туралы петиция жариялады.

«Депутат бола отырып, ол әйелдердің құқықтарын кемсіту, жыныстық және ұлттық негіздер бойынша конституциялық емес нормаларды ілгерілету ниетін растады», – делінген петиция мәтінінде.

Қоғам белсендісінің сөзінше, бұл Қазақстан Конституциясының 39-бабын бұзу болып табылады.

Ал партияластары Қарақат ханымның ұсынысына қарсы емесін білдірді.

«Біз тыйым салмаймыз. Әр депутаттың жеке пікірі бар. Қарақат Әбден бұған дейін, президент сайлауына қатысқанда да бұл туралы айтқан. Фракцияның позициясы бөлек, депутаттың позициясы бөлек. Сондықтан бұл сұрақ фракцияда қаралады», - деген Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев.

Мұндай тәжірибе көршілес томаға тұйық Түркіменстанда бар болып шықты. Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарға арналған салық түрі Түркіменстанда 2001 жылдың жазынан бастап енгізілген. Түркіменстан азаматынан қалыңдық алғысы келетін күйеу жігіттің қалтасында 50 мың АҚШ доллары болуы тиіс.

Күйеу жігітке салынатын салық «қалым» деп аталады. Қазақша айтқанда, мемлекетке берілетін «қалың мал». Бұл салық тікелей мемлекет қорына түседі. Оның үстіне күйеу жігіт Түрікменстанда кемінде бір жыл тұруы керек, сондай-ақ жеке мүлкі болуы тиіс.

«ЖАЙ ПІКІРГЕ БОЛА ПЕТИЦИЯ ЖАРИЯЛАУ ДА АСЫРА СІЛТЕУ»

Мәжілістің жаңа депутаттарының бірі, мамандығы заңгер  Абзал Құспанның пікірінше, «қалыңдық салығын» міндеттейтін заң қабылдау мүмкін емес.

«Кез келген заң алдымен логикаға құрылады. Бірақ бұл біздің заңнамаға да, ұлттық менталитетімізге де келмейтін дүние. Өзім қарсымын. Себебі Конституцияда әйел, не ерлерге қатысты жекелеген шектеу жоқ. Жалпы бұл ұсыныс заңымыздың негізіне қайшы келеді. Меніңше, мұндай заң қабылдау мүмкін емес», - дейді ол.

Мәжіліске екінші мәрте депутат болған Айдос Сарым петиция Қарақат Әбденді мандатынан айыра алмайды деп есептейді.

«Әр адамның өз ойы, өз пікірі бар. Қазақ қыздары шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр, жігіттеріміз өзге ұлт өкілдерінің қыздарын алып жатыр. Біз олардың тағдырына, таңдауына қалай мемлекеттік немесе заңнамалық тұрғыда әсер ете аламыз? Мұндай ұсыныстар жақсылыққа алып бармайды. Осылай бірінші тиымды, екінші тиымды қабылдармыз, соңында қалай концлагерде отырғанымызды байқамай қалуымыз мүмкін. Дина Таңсәрі алдымен заңнаманы оқып алғаны жөн шығар. Депутаттарды кері қайтаруға петиция әсер ете алмайды. Ол жекелеген бірмандаттық округтер арқылы сайланғандарға ғана жарамды. Дәл осы Қарақат Әбденнің мәселесін өз партиясы ғана шеше алады», - деді Айдос Сарым.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, адам құқықтарына қатысты мәселелерді заңмен реттеу дұрыс емес.

«Кезінде біздің парламент екі әйел алу керек пе деген мәселені талқылаған. Бұл да сол сияқты. Жалпы Қарақат Әбденнің айтқаны адам құқықтарына қатысты болып отыр. Ал адам құқықтарын қандай да бір заңмен, салықпен реттеу үлкен қателік. Ал халық оны мандатынан айырып, қайта шақырып ала алмайды. Жай ғана пікірге бола петиция жариялаудың өзі асыра сілтеу», - дейді Дос Көшім.

Қазақстан қоғамында даулы мәселе туындағанда екі әйел алу, «тоқал» мәселесі сөз болып тұрады. Мәселен, 2016 жылы «жер митингісінің» қарсаңында тағы бір Қарақат – әнші Қарақат Әбілдина күйеуі Қыдырәлі Болмановты туған күнімен құттықтап, оған «екінші әйел алып беруге шешім» қабылдағанын жазған. Инстаграмдағы бұл пост қоғамда кеңінен талқыланған. Кейін Қыдырәлінің өзі баспасөзде «қантөгіс қаупінің алдын алу үшін осындай кішкентай амалға» барғанын мойындаған. Ал биыл 19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының нәтижесіне орай да дау қоздағаны белгілі. Сайлаудан соң ескілі, жаңалы кейбір депутаттардың жасаған мәлімдемелері мен әрекеттері де резонанс тудырған. Сондайда Қарақат Әбденнің дегендері де ел назарын аударған оқиғаға айналып отыр.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер