Cенат депутаттары кеше құтқарушылардың әлеуметтік мәртебесі, жалақысы мен зейнетке шығу жасына қатысты сауал жолдады. Сауалға ресми түрде жауап қатқан үкімет басшысы Әлихан Смайылов құтқарушылардың зейнет жасы төмендейтінін мәлім етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме көрсете отырып.
Премьер-Министр ресми мәлімдемесінде құтқарушылардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге қатысты мәселе пысықталып жатқанын сөз етті:
«Құтқарушылардың зейнет жасына келсек, қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін пысықтап жатыр» делінген жауапта.
Оның хабарлауынша, бұл қадамдар арқылы құтқарушылардың зейнетке шығу жасын ертелетіп, шектік жасын төмендетуге негіз бар.
«Аталған өзгеріс құтқарушыларды әлеуметтік кепілдендіру шараларын жетілдіреді. Оның ішінде еңбек өтілі бойынша (25 жыл) немесе шекті жасқа (48 жас) жетуіне байланысты зейнетке шығуға құқық береді. Сондай-ақ, құқық қорғау органы қызметкерлеріне берілетін өзге де жеңілдіктер ұсынылады», - деп жазады Премьер-Министр.
Сонымен қатар, мәлімдемеде құтқарушылар қызметін жандандыру, олардың әлеуетін оңтайландыру мақсатымен тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәсілдерінің ойластырылып, қайта талқыға түсіп жатқаны да сөз болады.
"Адырна" ұлттық порталы