Депутат Ресейді сынап сотталған блогерлерді бостандыққа шығаруды талап етті

2961
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісмен Ермұрат Бәпи ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында Ресейді сынап сотталған блогерлерді бостандыққа шығаруды талап етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық поталы.

"Петропавл қаласында жуырда болған сепаратизм сипатындағы оғаш оқиға Қазақстандағы ұлттық-жікшілдік пиғылдың өте қауіпті тақырып екенін тағы бір рет көрсетті. Бұл - "Жаңа Қазақстан" идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек", – деді депутат.      

Сондай-ақ, ол ел ішіне іріткі салу қоғамның қатты алаңдаушылығын туғызып отырғанын айтты. 

"Иә, ел Конституциясы мен тиісті мемлекеттік заңдар кез келген сепаратизмге қарсы тұра алады. Бірақ халықтық мүдденің қасиеттін қорғайтын "ұлттық намыс" деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар. Дегенмен, біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев "ұлтаралық араздықты тудырды" деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті. Анығында, бұл азаматтар "ұлтаралық араздықтан" бұрын, қазақ халқының намысын "жыртып", ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Бұл жігіттерге өрескел қиянат жасалды", – деді Бәпи. 

Депутаттың пікірінше, көршілес елдердің азаматтары аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. 

"Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды? Олар неге "орыс патриоттары" болып саналады, ал өз халқының намысын жыртқан Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Көрші елдің "ұраншылары" қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады? Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін", – деген депутат Бас прокурорға құзіретін пайдалана отырып, жаңадан пайда болған жағдаяттарға сәйкес, Қазақстанның Жоғарғы сотынан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты сот үкімін қайта қарауға, оларды түрмеден босатуға пәрмен беруді сұрады. 

Еске салсқ, былтыр блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай Ресей туралы жазбалары үшін 5 жылға сотталды. Олар ресейлік саясаткерлердің Қазақстан туралы пікірлеріне қарсы өз ойларын ашық айтқан. Сонымен қатар Ресеймен интеграциялық байланыстың дамуына қарсылықтарын білдірген. Әрі Ресей әскерінің Украинадағы іс-әрекетін де сынға алған. 

Пікірлер