Ардақ Назаров журналистерге алғыс білдірді

8683
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың журналистердің сұрағына жауап бермегені қызу талқыланып жатыр. Кеше Аdyrna.kz ұлттық порталының тілшісі су жаңа депутаттың тәртібін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа жетізген болатын. Спикердің «Ардақ Назаровқа ескерту беріледі» дегенінен кейін депутат тәубесіне түскен секілді. Нақтырақ айтсақ, «интернетті ақтарып бас ауыртпайтын» азамат facebook әлеуметтік желісінде журналистерге алғыс білдіріпті.

«Аллаға шүкір, бүгін халқымыздың алдында АНТ беріп жаңа жауапкершілікті өз мойнымызға жүктедік. Маған шын ниетпен тілекші болып отырған ағайынға алғысымды білдіремін “Біраз сұрақтарға жауап берілмеді”-деп уайымдап отырғандарыңызды білемін. Біз спортшымыз ғой, рингке қыздырынбай кірмейміз. Дәл сол сияқты саяси рингте де қыздырынып, жан-жақты бағамдап, ішкі кухнясын көріп барып жауап бергеніміз дұрыс болады. Жақсы-жаманды таразылайтын, баға беретін уақыт әлі алда. Айтпақшы журналистер қауымына алғысымды білдіремін, бізді саяси майданға кірместен бұрын шыңдап жатырсыздар», - деп жазды депутат.

Ардақ Назаровтың жазбасы Ерлан Қошановқа қойылған сұрақтар кейін жарияланып отыр. Демек Мәжіліс төрағасы депутатпен сөйлескен болуы мүмкін. Ал Аdyrna.kz ұлттық порталының тілшісі Ерлан Жақанұлына қандай сұрақ қойып еді?

– Ерлан Жақанұлы депутаттар жұмысына кіріспей жатып «өнер» шығарып жатыр. Нақтырақ айтсам, кеше Ардақ Назаров Орталық сайлау комиссиясының алдында және бүгін Мәжілісте журналистердің сұрағына әдейі жауап бермей кетті. Мәжілістің жанындағы әдеп комиссиясында журналистердің сұрағына жауап бермейтін депутаттардың мәселесі қарала ма?

– Біз әлі әдеп кеңесін құрған жоқпыз. Бірақ біз мейлінше ашық болуға тырсамыз. Бүгін депутаттардың бірінші жаңа отырысы болды ғой. Әрине, мен Парламент спикері ретінде және өзге де басшылар депутаттармен жұмыс жүргізіп, журналистерге байланысты талапты жеткіземіз. Бұған дейінгі жетінші шақырылымда ондай оқиғалар болды деп мен айта алмаймын. Солай ғой!? Сондықтан, біз де оны қайталамауға тырысамыз. Әрине, журналистермен кездесу, сіздерге сұхбат беру – бірінші кезекте біздің мүддеміз. Себебі сіздер арқылы халыққа жасап жатқан жұмысымызды жеткізу – бізге қажет.

– Жеке өзіңіздің тарапыңыздан Ардақ Назаровқа ескерту бола ма?

– Ардақ Назаров біздің регламентті бұзатын болса, әрине, ескерту беріледі.

– Журналистердің сұрағына әдейі жауап бермейтін болса. заңда қандай тетік көрсетілген? Мысалы депутаттық мандаттан айыру мәселесі қарастырыла ма?

– Журналистердің сұрағына жауап бермеген екен деп, депутаттық мандатынан айыру деген заңда қарастырылмаған. Депутат өзі құқылы – жауап бере ме, жоқ па? Бірақ жауап беруі қажет.

– Егер журналистің сұрағына жауап бермесе неге депутат болды?

– Менің ойымша, бұл шешілмейтін мәселе емес.

P.S. Жалпы Ардақ Назаровқа қатысты сұрақ көп. Мысалы оның Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековке қандай қатысы бар? Егер Ардақ Назаров журналистердің сұрағына ашық жауап берсе, онда ол сыннан қорытынды шығарған болып саналады. Ал тағы да ескі әуеніне басса, онда мұндай адамның депутат болғанынан халыққа қандай пайда бар?

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер