Қаржы орталығы 4 жобаны жүзеге асырады  

2688
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында «Қаржы орталығы» АҚ-на қарасты департамент басшысы Диас Жамбылов айтты.

Маманның айтуынша, Қаржы орталығының жүзеге асырып жатқан бірінші жобасы – студенттік жатақханалар салуды қаржыландыру. Яғни, белгілі бір кәсіпкер Алматы секілді мегаполисте не басқа облыстық маңызы бар қалаларда жатақхана салуға ниетті болса, қаржы орталығы тарапынан ақша ала алады. Бұл тетік мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады.

«Жатақхана тұрғызу кезінде Қаржы орталығы төсек орынына байланысты қаражат бөледі. Алматы қаласында нысанды жаңадан салып жатқан кәсіпкерлерге жылына әр студент үшін 230 АЕК көлемінде ақша бөлінеді, басқа қалалар үшін бұл соманың көлемі – 195 АЕК мөлшерінде болмақ. Кәсіпкерлер 6 жыл бойы қаржыландырылады. Ал нысанды қайта пайдалануға беру мақсатында жасалатын жөндеу жұмыстарына бір студент үшін Алматы қаласында 92 АЕК, басқа қалаларда 47 АЕК көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл жағдайда бизнес өкілдеріне 8 жыл бойы ақша төленеді», - деді Диас Жамбылов.

Қазіргі таңда Қаржы орталығының еншісінде 10 мың төсек орынын қамтитын жобалар бар.

Орталықтың қолға алған келесі жобасы – мектеп құрылысын қаржыландыру. Бірақ мұнда төлем екі бағытта жүргізіледі:

• Амортизациялық төлемдер – жеке меншіктегі мектеп ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде әр оқушы үшін жылына 96 АЕК көлемінде, ал оқу ошағын қайта жаңарту үшін берілетін қаржы көлемі бір балаға - 47 АЕК.

• Операциялық төлемдер - оқушылардың нақты саны бойынша өтеледі. Жан басына шаққандағы норматив бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңгені құрайды (төлем мектеп жұмыс істеп тұрған кезде барлық уақытта жүргізіледі).

Қазіргі таңда елімізде 270 мың оқушы орны тапшылығы бар.

Сонымен қатар спикер Қаржы орталығында «Aqyl», «Bilim-Life» депозиттерінің жұмыс жасайтынын айтты.

«Aqyl» депозитінің артықшылығы көп. Мысалы, банктің сыйақысынан бөлек, салымшыға 7 пайыз мемлекеттік сыйақы төленеді. Салымдағы ақшаны несиені, басқа да қарыздарды өтеу үшін мемлекет те, басқа тұлғалар да ала алмайды және жас шектеуі жоқ», - деді маман.

Маманның айтуынша, келісім аясында "Халық-Life" АҚ өмірді сақтандыру компаниялары арасында бірінші болып өмірді жинақтаушы сақтандырудың жаңа өнімі - "Bilim-Life"шығарды. Бұл өнім Қазақстанның кез келген азаматына өз баласын біздің елімізде де, шетелде де ЖОО-ға оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік береді. Өнімнің мақсаты: мемлекет сыйлықақысымен білім алуға жинақтау, жинақтау мерзіміне ата-ананың өмірін сақтандыру.

«Ал ЖОО-на оқуға түсу үшін берілетін несиеге келсек, мұнда студенттер 20 пайыздық мөлшерлемемен кредит ала алады. Бұл бағдарламаның артықшылығы несиені өтеу уақытын 10 жылға дейін созуға болады», - деді Диас Жамбылов.

Толығырақ ақпаратты 7123 нөміріне хабарласып біле аласыздар.

 

Пікірлер