Орал қаласының экс-әкімінің ұлы Украина жерінде Ресей жағында соғысып жүр

2697
Adyrna.kz Telegram

Орал қаласының экс-әкімі, мәжілістің бұрынғы депутаты Сәмиғолла Оразовтың Ресейде тұратын ұлын былтыр қыркүйекте мобилизациямен алып кеткен. Ол қазір ұлының Украинада жүргенін растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 45 жастағы Бауыржан Оразов Украинада ресейліктер жағында "соғысып жүрген болуы мүмкін" екені жөнінде хабар тараған.

Оразовтың айтуынша, ұлы бұрын Қазақстанның батысындағы Орал қаласында милицияда жұмыс істеген. Кейін Ресейге кетіп, сол жақта үйленіп, отбасын құрған. Ресей азаматтығын алған.

"Мобилизация басталған кезде "мұнда кел, қайт" дедім. "Ой, папа, мені кім алады? 45-темін. Ауыратыным да бар" деді. Сосын оны шақырып алып, әскери комиссариатқа қамаған. "Мына жерім ауырады" (дегеніне ешкім қарамаған). Ешқандай комиссия жоқ. "Анда барғасын жазыласың" деп айдап жіберіпті. Қазір Запорожье АЭС-інің маңында Энергодар деген қала бар, сонда жүр. Ол жақта соғыс жүріп жатқан жоқ", - дейді экс-депутат. 

Орал қаласының бұрынғы әкімі Сәмиғолла Оразов Ресей басқыншылығы туралы сұраққа "өзімнің көзқарасым, позициям бар, бірақ балама зиян келе ме деп қорқамын" деп ашығын айтқан.

Пікірлер