Көкшелік қаламгерлер бас қосты

2142
Adyrna.kz Telegram

Осыдан тура жүз жыл бұрын Лондонда «PEN» халықаралық жазушылар ұйымының алғашқы жиыны өтті. Ұйымның атауы ағылшын тіліндегі «poets» - ақындар, «essayists» - очеркшілер және «novelists» - жазушылар деген үш сөздің алғашқы әріптерінен құралған. Сондай-ақ, Тұманды Альбион халқы «pen» деп қаламды атайды.

Әлқисса, 1986 жылы ұйымның 48-ші халықаралық конгрессінде жүзден астам мемлекеттен жиылған ұйым өкілдері 3 наурызды «Жазушылардың халықаралық бейбітшілік күні» деп жариялады. Сол сәттен бастап бұл күн әлемнің тұкпір-түкпірінде «Жазушылар күні» ретінде атап өтілуде. Сөз еркіндігі үшін күресіп, қоғамды жалған ақпараттан қорғап жүрген жазушылар мен журналистердің мүдделерін бір арнаға тоғыстыру – бұл кәсіби мерекенің басты мақсатына айналды.

 

Қаламгерлер мейрамы өңіріміздегі ақын-жазушыларды да айналып өтпеді. Ақмола облысының мәдениет басқармасы бүгін Әдебиет және өнер музейінің қабырғасында жергілікті қаламгерлердің басын қосып, көркем сөз шеберлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Әрбіріңізді өңіріміздің танымал, беделді азаматы деп білеміз. Сіздерді осынау кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Ақмола облысының рухани әрі мәдени дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін зор алғыс айтамыз. Баршаңызға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілейміз» - деді басқарма басшысы Айгүл Сәбитова.

Сонымен қатар, ведомство басшысы жиынға қатысқан қаламгерлерді ел мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ақын-жазушылар қауымы тарапынан өңір мәдениетін өркендетуге қатысты біршама ұсыныс айтылды, Мәдениет басқармасының таяу жылдарда жергілікті қаламгерлермен бірігіп атқаратын жұмыстары жоспарланды.

Пікірлер