AMANAT партиясы сайлауалды бағдарламасында «Нар тәуекел!» тіркесін ұран қылып алды. Содан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының бір тобы бұл тіркестің бірге жазылатынын айтып дауласа, тағы бір тобы оның бөлек жазылатын айтып, оған түрлі дәлел келтірді. Осы ретте Halyq Uni тілшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыповтан бұл тіркестің дұрыс жазылу нұсқасы қайсы екенін сұрап білді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ғалымның айтуынша, қазақ тілінде екі зат есімнің тіркесуі арқылы сөз тіркесі жасалады. Ал екі сөзді бірге жазып жүргендер мұны ескермеген.
«Тарихи жағынан айтсақ, бұл «нар» және «тәуекел» деген екі сөзден тұратын сөз тіркесі. Бұл жерде «нар» шыдамды, зор, күшті, мықты, төзімді деген мағынаны білдіреді. Екінші сөзбен тіркескен кезде тәуекелдің зор екенін көрсетеді. Яғни, нар – тәуекел сөзінің анықтауышы. Қазақ тілінде екі зат есім қатар келіп, сөз тіркесін жасайды. Мысал ретінде ағаш есік тіркесін алуға болады», - дейді ғалым Жантас Жақыпов.
Ал бұл тіркес «нар» сөзінің метафоралық мәніне байланысты кейін тұрақты сөз тіркесіне (фразеологизм) айналған.
Фразеологияда байлаулы мағына деген болады. Бірге жазу керек дегендер байлаулы мағына бар екенін біліп, біріктіріп жазайық деп жүр. Бірақ ол сауатсыздыққа жатады, - дейді Жантас Жақыпов.
Сондай-ақ, ол 2005 жылы шыққан «Фразеологиялық сөздікте», 2013 жылы жарыққа шыққан «Орфографиялық сөздікте» және «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (11-том) де нар тәуекел тіркесі бөлек жазылғандығын айтты.
«Орфографиялық сөздікте» сөздерді бір-біріне біріктіру үрдісі белең алған. Сол сөздіктің өзі «нар тәуекелді» біріктіре алмай тұр. Сондықтан бұған дауласудың қажеті жоқ, дауласудың өзі ұят. Нар тәуекел тіркесі бөлек жазылады, себебі фразеологиялық тіркестің әр сыңары бөлек жазылады», - дейді ғалым.
Сонымен қатар, ғалым бұл екі зат есімнің қабысуынан жасалып тұрған анықтауыш тіркес екенін айтты.
«Шығармашылықпен айналысатындар тұрақты сөз тіркесінің арасына сөз қоса береді. Түйе үстінен сирақ үйіту тіркесін өзгертіп, түйе үстіне сирақ үйітіп отыр дейді. Алайда нар тәуекел тіркесінің арасына сөз де қосылмайды. Себебі синтаксистік табиғаты екі зат есімнің қабысуынан жасалып тұрған анықтауыш тіркес», - дейді профессор Жантас Жақыпов.
Ғалым мысал ретінде қате қолданылып жүрген тағы бірқатар тіркесті атады. Бұл қатарда «ұр да жық» тіркесі бар. Бұл жерде «да» – демеулік шылау. Қазір оны «ұрда-жық» деп қолданып жүр.
Бұл сөз сандырақ болып шықты. Бас қосуды да бірге жазып жүр. Бұл да фразеологизм. Ал екі зат есімнің қабысуы арқылы жасалған сөзге келсек, алтын той мен күміс той. «Орфографиялық сөздікте» екі тіркес те бірге жазылып кеткен, - дейді Жантас Жақыпов.
Ғалымның айтуынша, сөзжасам бойынша екі сөз біріккен кезде жаңа сөз жасалуы қажет. Нар мен тәуекелді біріктіргенде жаңа сөз пайда болмайды. Сондай-ақ екі сөзді біріктіріп жазуға ешқандай уәж жоқ.
«Фразеологиялық сөздікте» нар тәуекел тіркесіне қатысты «қиын-қыстау жағдайды көре тұра, іске көз жұмып кірісуде айтылады» делінген.
Ал «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» 11-томында «жағдайдың қиын екенін біле тұра бір іске батыл кірісіп кету» деген анықтама берілген.