«BAQYLA» ҚҚ бақылаушыларды даярлау курстарын ұйымдастыру жайын талқылады

2735
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар саулауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 19 наурызы күні елімізде кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді.

Былтырғы Президент сайлауы қарсаңында қоғамдық бастама негізінде есімдері елге белгілі азаматтар құрған «BAQYLA» қоғамдық қозғалысы алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінен бақылаушыларды даярлау курстарын ұйымдастырып, 19 наурыз күні өтетін кезектен тыс сайлауда бақылаушылар тобын жасақтауды жоспарлап отыр.

Осыған байланысты 2023 жылдың 14 ақпаны күні Алматы қаласында «BAQYLA» ҚҚ бастамашылары арнайы баспасөз жиынын өткізді. Баспасөз жиынында «BAQYLA» ҚҚ бақылаушыларды даярлау курстарын қалай ұйымдастырады талқыланып, сарапшылар жан-жақты пікір білдірді.

Сөз тізгінін ұстап, пайым-пікір білдіргендердің қатарында: саясаткер Дос Көшім, саясаттанушы Эдуард Полетаев, саясаткер, блогер, Сәбит Рыспаев,  Алматы қалалық штаб жетекшісі Әсет Базарбай бар.

Алқаластар арасынан сөз алған саясаткер, оқытушы Дос Көшім: 

- Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы өздерінің азаматтық-саяси көзқарастарын қалыптастырады, Қазақ еліндегі сайлау жүйесін өзгертуге де үлестерін қосады. Билік, өкінішке орай, сайлау жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын нығайтудан көрі сайлауды бақылау процесін қыйындату бағытында бірнеше өзгертулер енгізіп отыр.  Еліміздегі құқық қорғау органдарының сайлау барысындағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюға құлықсыз екені де белгілі. Демек бақылаушылардың сайлау заңын меңгеруі мен өздерінің құқықтарын біліп қоюы жеткіліксіз, оларға «мінез» керек, - деп кесіп айтты.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев бұл мәселеге ақпараттық ашықтық, бақылаушы институтының қызметі тұрғысынан келіп, дауыс беру үрдісі жайлы ой бөлісті.

- Сайлаудағы қоғамдық бақылау, бірінші кезекте, сайлау процесінің ақпарттық ашықтығын, сондай-ақ байқаушылар институтының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Дауыс беру кезіндегі азаматтық бақылау әлемнің көптеген елдерінде кең тараған үрдіс. Бұл сайлау процесінің ашықтығын көрсететін дәлелденген құрал.

Алдағы күндері бақылаушыларды тарту үшін ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер пайдаланылатын болады. Бақылаушылар арнайы түрде сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы ұйымдастырылған курстарда білімі мен білігін жетілдіреді. Мұндай қадамдар, сөзсіз, қоғамдағы сайлау насихатын жандандыруға, белсенділігін арттыруға, азаматтардың саяси білігін жандандыруға ықпал ететін болады.

 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер