Өткен аптада атышулы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 60 жылдығын тергеу изоляторында қарсы алды. Ол мемлекеттен 221 миллион теңге жымқырды деген айыппен 2022 жылы қамауға алынған болатын. Сот процесі жақындап келе жатыр және Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушы жағы бар кінәні оның сыбайластарына, көмекшілеріне, бағыныштыларына артатыны, сол арқылы экс-министрді ақтап алуға жанталасатыны анық. Осыған орай, редакциямыз «Ескі Қазақстан» дәуірінде жалғанды жалпағынан басқан атышулы министрдің барлық эпизодтарына қайта көз жүгіртуді жөн деп санады.
2019 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қызметінен Ұлттық музей директорлығына ауысқан кезде, Арыстанбек Мұхамедиұлының адам сенгісіз көлемдегі байлықтары туралы белгілі болды. Оның 2008 жылдан бастап Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры, ал 2014 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қызметінде болғанын ескерсек, байлықтың басым бөлігі дәл осы мемлекеттік қызметте жүрген уақытында пайда болғанын аңғарамыз. Бұл бойынша Антикордың да Арыстанбек Мұхамедиұлына сұрақтары болғанысөзсіз.
Бірақ қазір әңгіме ол туралы емес. Осы видео жарық көргеннен кейін, 2021 жылы Арыстанбектің түсініктеме беруіне тура келді. Бірақ ол көп нәрсені жасырып қалған.
Экс-министр 2000 жылы Саха гауһарлары дүкенін аштым және сол арқылы байыдым деген мәлімет келтіреді (ол дүкен аумағы 9 шаршы метр жерде жалға алынған дүкен екені белгілі болды. Артынан уақытында жалға алып, ақысын төлей алмай тастап кеткен). Бірақ, бір дүкеннің табысына видеода аты аталып, түсі түстелген құны миллиард теңге тұратын «The Family» мейрамханасы, «Сауран» сауда орталығы, Қазақ энциклопедиясының ғимараты, колледж, «Дипломат» қонақ үйін, елордадағы «Шапағат» базарының 45 пайыздық үлесін, Көктөбедегі коттеджді иелену мүмкін бе? Мүлде мүмкін емес.
Бірақ оның барлығы Арыстанбектің атында деп ойласаңыз әрине қателесесіз. Экс-министр «Қаңтар оқиғасын» көргеннен кейін бірден қимылдады. Жаңа билік тарапынан өзіне сұрақтар туындайтынын білді. Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасына тиесілі бірнеше миллион долларлық активтер Арман Байқадам есімді азаматтың атына аударылған. Бұл жерде де нағыз театрлық қойылым орын алуда: сырт көзге күдік тудырмас үшін Арыстанбек Мұхамедиұлы Арман Байқадаммен соттаса бастады.
«Қаңтар оқиғасы» мен Арыстанбек Мұхамедиұлының миллиардтары
Арыстанбек Мұхамедиұлы кезінде өзінің барлық бизнесін «Alem Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айналасында топтастырған болатын. Фирманы Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы Ғалия Ысқақова, ұлдары Жандос пен Дінмұхамед басқарды.
Egov.kz выпискасы. Фото: Orda.kz
2022 жылдың сәуір айына дейін «Alem Corporation» құрамында «Қазақ энциклопедиялары», Астананың қақ ортасындағы «Дипломат» қонақ үйі мен бизнес орталығы, «THE FAMILY» мейрамханасы, Астанадағы көпсалалы колледж, Alem study, Alem IT pro, Alem Travel сынды фирмалар кірді. Бірақ, сол көктемде осы бизнестің ең негізгі нысандарында басқа қожайын пайда болады. «Қазақ энциклопедиялары», «Қазақстан Швейцария-Америка колледжі», «Дипломат» қонақ үйінің жаңа құрылтайшысы болып Арман Байқадам жазылған. Арман Байқадамды өзі филолог, өзі құрылысшы, фермер, тіпті IT-маман деп айтуға болады. Ол басқаратын бірнеше холдинг экономиканың барлық саласымен айналысады. Ал өзі латын әліппесінің нұсқасы бойынша бірнеше сұхбат берген. Бірақ қазір құқық қорғау органдары Арман Байқадамның «Қазақ энциклопедиясы», «Қазақстан Швейцария-Америка колледжі», «Дипломат» кешенінің үлестеріне шектеу қойып тастады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы бизнес империясын қалай құрды? Миллиардтаған соманың нысандары жалақысы жоғары емес мемлекеттік қызметкердің қолына қалайша түсті? Бұл өте қызық сұрақ. Және оған жауап беру үшін экс-министрдің бизнес империясының негізін құрайтын «Қазақ энциклопедиялары» мен «Дипломат» кешенінің тарихына көз жүгірту керек.
«Дипломат» және кәсіпкер мен қыздардың көз жасы
Әу баста «Дипломат» кешені кәсіпкер Серік Қарымсақовтікі болды. Алайда, ол есімін бірнеше рет өзгерткен Абдулғани Беделхан есімді тәжірибелі алаяққа алданып, нәтижесінде банкке 2,5 миллиард теңге берешек болады. Дәл осы кезде іске Арыстанбек Мұхамедиұлы кіріскен.
2018 жылы Серік Қарымсақовқа басқа жобаларға қаржы керек болғанда, оған кәсіпкер Абдулғани Беделхан шығып, «Дипломат» кешеніндегі коммерциялық орындарды сатып алуға дайын екенін хабарлайды. Тараптар 15 000 шаршы метр болатын мүлік құнын 4,5 миллиард теңгеге бағалайды. Бірақ Беделхан 4,5 миллиард теңге қаржының орнына 2,5 миллиард теңгені сол «Дипломат» кешенін кепілге қойып, Нұрбанктен несиеге алуға шешім қабылдайды. Сол үшін Қарымсақовтың қолтаңбасын жалған жасатып, кешенді банкке өткізіп жіберген.
Серік Қарымсақов артынан сотта жеңсе де, өз қонақүйі үшін банкке қарыз болып қалды. Дәл осы кезде, Арыстанбек Мұхамедиұлы уақытша қарыз бере тұруды ұсынады. Серік Қарымсақов ол ақшаны алып, банк алдындағы қарызды жауып, «Diplomat» кешенін аресттен босатады. Сол кезде Арыстанбек Мұхамедиұлы қарыздың кепілі ретінде «Diplomat» кешенінің 71 пайызын өзіне аударып беруді талап еткен. Артынан, Серік Қарымсақов Арыстанбекке қарызды қайтарғысы келсе де, ақшаны алмай, құны 8 миллиард теңгеге бағаланған кешенді өзіне алып алған. Осылайша ол Астананың ортасындағы мүлікті алдау жолымен төрт есе арзанға қолға түсірді.
Бұл жерде тағы бір сұрақ, Арыстан Мұхамедиұлы 2,5 миллиард теңгені қайдан алды?
Қазақ энциклопедиясы мен алданған мемлекет
Қазір «Жаңа Қазақстан» түрлі қылмыстық жолдармен қолды болған мемлекеттік мүлікті өзіне қайтара бастады. Осы ретте, тергеу органдарына «Қазақ энциклопедиясы» кәсіпорынының қалай жекешелендіргенін тағы бір тексеру қажет.
«Қазақ энциклопедиялары» ЖШС-нің мемлекеттік үлесі 2015 жылы арнайы аукционда 222 миллион теңгеге сатылды. Ол іргелі энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер және басқа да ғылыми және оқу әдебиеттерін шығарумен айналысатын елдегі жалғыз мамандандырылған кәсіпорын еді. Оны «Astana Inter Art» продюсерлік орталығы сатып алған. Арыстанбек Мұхамедиұлының бизнесін біріктірген «Alem Corporation» фирмасы әу баста осы «Astana Inter Art» деген атаумен жұмыс істеген болатын. Оның балансында нарықтық құны әлдеқайда жоғары болған жылжымайтын нысандар, онымен бірге мемлекеттік тапсырыстар болғандықтан, тым арзан бағаланып, жеке қолға өтіп кеткен. Мемлекеттік мүліктің бұлайша талан-таражға салынуына кім мүдделі болды?
«Қазақ энциклопедиясы» ЖШС. Фото: е-auction
2014 жылы «Қазақ энциклопедиялары» ЖШС активтерінің құны 68 миллион теңге, ал меншікті капиталында 59 миллион теңге жатқан еді. Мемлекеттік тапсырыстан жылына кем дегенде 70 миллион теңге әкеліп отырды.
Арыстанбекті тоқтатқан «Алтын адам»
2022 жылдың мамыр айында Ұлттық музейдиректоры Арыстанбек Мұхамедиұлын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қамауға алды. Негізгі айып - «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 146 миллион теңгенің жымқырылуы. Қазір шығын сомасы 221 миллион теңгеге өскен. Себебі, осы жылдың басында антикор Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразханды қамауға алғанда оған ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен және басқалармен сөз байласып, "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі" халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 миллион теңге сомасында сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлауға қатысты деген айып тағылған. Бір қызығы, сол шеру өтуі тиіс уақытпандемия кезімен тұспа-тұс келіп, шекаралардың барлығы жабық болатын.
Арыстанбек Мұхамедиұлы барлық кінәні Нұразханға артып, өзі жазадан құтылып кете ала ма? Қазір оның қорғаушы жағы осындай стратегиямен жұмыс істеп жатқандай. Сотта бәрін бүлдірген Алмаз Нұразхан, ал Арыстанбек Мұхамедиұлы ештеңе байқамаған деген уәждерайтылары сөзсіз.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Фото: inform.kz
Экс-министр, «Ескі Қазақстан» шенеуігінің образын өзіне сыйдырған Арыстанбек Мұхамедиұлының жүрген жері лаң болса да, заң бойынша шаң жуымады. Оның билік басында беделді қамқоршысы болғаны анық.
Біз оқырман онсыз да жақсы білетін «Тұңғышбай Жаманқұловты қудалау» оқиғасы, жәбір көрген қыздардың видеоүндеуі сынды эпизодтарды тілге тиек еткен жоқпыз.
Бұрын Қазақстанда миллиардтап ұрлаған жемқор мен 50 мың теңгеге қателесіп кеткен есепшіге бірдей жаза кесіліп жататын. Бірақ, енді «Әділетті Қазақстан» жағдайында кінәсі дәлелденген жан соған сай жазаға тартылуы керек деп ойлаймыз.
“Адырна” ұлттық порталы