Күні кеше 6 жылға сотталған Гауһар Әлімбекованың оқиғасы дүйім қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Өнер адамдары жаппай абақтыға жабылған әншіге қолдау білдіріп жатыр. Ал әлеуметтік желіде Әлімбекованың елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хаты жарияланды. Өнер иесі жаланың құрбанына айналғанын айтып, Нұрсұлтан Әбішұлынан желтоқсан айында араша сұраған.
Хатта Әлімбекова күні кеше өзімен бірге сотталған Феруза Ордабаеваға алданып қалғанын айтады.
“Оралбаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танитын едім. Үнемі концерттеріме келіп жүретін, өнеріме тәнті жандардың бірі болғандықтан, кейін бір-біріміздің жиын-тойларымызға қатысып, араластығымыз арта түсті. “Адам аласы ішінде” дейді ғой, қанша уақыт танысам да, ол кісінің анық қандай екенін түсінбеппін”, – деп жазған Әлімбекова.
Айтуынша, азаматша Ордабаева 2013 жылы әкімдікте танысы барын айтып, мемлекеттік бағдарлама арқылы Алматыдағы “Ақкент” тұрғын үй кешенінен үй алып беруге көмектесетінін айтқан. Әнші 40-тың бел ортасына дейін баспанасыз жүргенін, сондықтан да осы мүмкіндікті пайдаланбақ болғанын жеткізген. Ол ағасымен бірігіп Ордабаеваға 80 мың АҚШ долларын ұстатқан. Ол аздай, қанша жылдан бері араласып жүрген құрбысы Бақыт Назароваға да осындай мүмкіндіктің барын айтқан. Екеуі де келісілген пәтерге ие болған. Алайда екі жылдан кейін Ордабаеваның пәтерді заңсыз жолмен әпергені анықталып, Гауһар Әлімбекова да, оның құрбысы да далада қалған.
Сан соғып қалғандардың бірі Бақыт Назарова Ордабаеваны жақсы танымайтынын алға тартып, бұл іске Әлімбекованы кінәлай бастаған. Ақырында сотқа дейін барған.
“Аса қадірменді Елбасы, мені тығырыққа түсірген осы мәселе бойынша маған араша түсуіңізді сұраймын. Сіздің салиқалы саясатыңызды аяқасты етіп, жан ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол бергендердің заң алдында жауап бергенін қалаймын. Құқық қорғау органдары әділ заң аясында шешім шығарып, нағыз алаяқ әділ жазасын алады деп үміттенемін.
Менің ендігі үмітім – тек Сізде! Мен сізге “мені қалайда ақтап алыңыз” демеймін. Тек істің ақ-қарасын айырып, әділдіктің салтанат құруын өз бақылауыңызға алсаңыз болғаны. Бүкіл елге танымал әншіні еш дәлелсіз күдікті деп тануға, заңсыз қудалауға жол бермесеңіз екен”, – деп түйіндеген хатын Әлімбекова.
Хаттың толық нұсқасымен төменнен таныса аласыз!
Еске сала кетейік, күні кеше Гаухар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға басч бостандығынан айырылды. Отандық жұлдыздар әріптесіне қолдау білдіруде.