Даниал Ахметов мемлекет басшысына Ақордада есеп берді

2339
Adyrna.kz Telegram
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады. Кездесуде мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берілді деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан президенті «Рухани жаңғыру» және облыстың туристік әлеуетін дамыту бағдарламаларын сапалы іске асыру қажеттігіне баса назар аударды.

"Жалпы, ішкі өңірлік өнім көлемі 104 пайызға артты. Өсім деңгейі өнеркәсіп саласында 118 пайызға, ауыл шаруашылығы бойынша 107 пайызға жетті. Көздеген көрсеткіштердің бәріне қол жеткізіп келеміз", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Сонымен қатар, Ахметов мемлекет басшысына өңірдегі денсаулық сақтау саласы бойынша халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.

"2015 жылы онкология, кардиология, ана мен бала, травматология сияқты 4 бағыттың қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін анықтау мақсатымен денсаулық сақтау саласына талдау жасадық.

Сонымен қатар, дәрігерлер даярлаудың үш деңгейлі жүйесін әзірледік. Бұл Семей қаласындағы Мемлекеттік медицина университетінде білім беру, шеберлік сыныптарын өткізіп, шетелде оқыту ісін қамтитын болады. Біз осы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Даниал Ахметов білім беру, ауыз сумен қамту, жаңа тұрғын үйлер салу және елді мекендерді абаттандыру салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

Кездесу соңында мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер