Тұңғышбайдың кешірімі

2690
Adyrna.kz Telegram

Исі қазаққа есім-сойы ерекше таныс Тұңғышбай Жаманқұловты білесіздер ғой...  2017жылы киноға бөлінген қаржыны жеп қойғандармен қатысы болып шығып, сот шартты жаза кескен, ол кісіге.

Сот боларға дейін Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің бұл іске шатылуына министр Мұхамедиұлының қатысы барын айтып, жұрт алдында сөйлеген. Тіпті, Президентке де бірнеше мәрте қайрыла сөйлеп, өзіне араша түсуін өтінген еді.


«Феникс» фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты айыпталған тоғыз адамға үкім шықты. Сотталушылар түгелдей айыпты деп танылып, бәріне шартты жаза кесілді. Негізгі айыпталушылардың бірі, осыған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет көмек сұраған актер Тұңғышбай Жаманқұлов сот залынан шыққаннан кейін «президентке өкпелі» екенін айтты.
«Арнайы үндеу жасаған Президентіме үлкен інісі ретінде өкпелімін. Араша түспегеніне өкпелімін. Президентіміздің қасында жүрген кейбір қаскөйлердің болғанына өкпелімін. Президентіміздің ақ адал сенгіштігін пайдаланып, қасында жүргендердің ол кісіні көп нәрсе жайында басқа пікір қалыптастырып жүргеніне ашуланам. Сондықтан да мен үкімді қабылдамаймын.
Мен Елбасыма да кіріп шығуға тырысамын, егер қабылдаса. Осы жағдайды айтып шығамын. Бұрын қазақи әдептілікпенен, қазақи тәрбиелілікпен, інілікпен, кішілікпен көп нәрсені айтпай, ол кісінің көңілін бұзбау үшін аузымды тартып, тілімді байлап жүрген едім. Енді мен неден қорқам?..», деген еді Тұңғышбай Жаманқұлов, сот үкімі оқылғаннан кейін.

Халық артисінің бұл сөздері бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жария болды. Кеңінен тарады.
Жақында Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың Елбасына үшбу хат жазып, артық ауыз сөйлеп қойғаны үшін кешірім сұрағаны белгілі болды.

Аса құрметті Президент мырза!
Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қадірлі Нұр-аға!
Қолыма қалам алдырып, Сізге осы хатты жазуыма мәжбүрлеген бірінші себеп – ол Сізге деген ерекше ықыласым мен адал ниетім. Сонан соң, соңғы кездердегі әлеуметтік желілерде шулап кеткен оқиғаға деген теріс және келіспеушілік көзқарасым.
Министр А.Мұхамедиұлымен арамыздағы жұмыс барысында туған айтыстарымыздың қоғамда етек алып, оны кейбір теріс пиғылды оппозиция өкілдерінің ушықтырып жатқанына қатты өкіне отырып, мені Сіздің алдыңызда ұятқа қалдырғанына жер болып отырмын.
Осы бір ыңғайсыз жайтқа байланысты, алдыңызда басымды иіп, Өзіңізден кешірім сұраймын. Менен үлкен ағаттық кетті, тап осылай болады деп ойламаппын.
Еліме, Өзіңізге деген ізгі, таза ниетімнің жұмыс барысындағы түсініспеушілікке бой ұрғанына қапалымын. Министр екеуіміз ұғынысармыз, іскер жігіт қой.
Тек Сіз мейірімділік жасап, маған өкпе артпауыңызды өтініп сұраймын.
Мені кешіріңіз, аға!!
Сізді құрметтеуші ініңіз Тұңғышбай Жаманқұлов

Әсет Қуандықов

 

P.S. Редакциямыздың поштасына беймәлім оқырманнан осындай хат келіп түсті. "Адырна" ұлттық порталы бейтарап позиция ұстанатынын, автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейтінін тағы да ескерте келіп, қарсы тараптың айтар пікірін де жариялауға дайынбыз.

Бұл хат шын мәнінде Тұңғышбай Жаманқұловқа тиесілі ме, әлде арандатушы адамдардың кезекті айла-шарғысы ма? Оның ақ-қарасын алдағы уақта Тұңғышбай Жаманқұловтың өзінен сұрап білетін боламыз.

Құрметпен Сіздің "Адырнаңыз"

Пікірлер