Ресей соғысқа қарсы Қалмақияның бас ламасын "шетел агенті" атап, қызметінен түсірді

2926
Adyrna.kz Telegram

Украинда болып жатқан соғысқа қарсы шыққан Қалмақияның бас ламасы "шетел агентіне" айналып, қызметінен түсірілді. Ресейдің Әділет министрлігі 27 қаңтар күні "Шетел агенттерінің" тізімін жаңартты. Өзінің бейбітсүйгіш көзқарасы үшін Ресей билігінің "қаһарына" ұшыраған Қалмақияның бас ламасы Тэло Тулку Ринпоче (Эрдни-Басан Омбадыков) қызметтен кетіп, "шетел агенті" ретінде танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы қалмақтардың Орталық хурул порталына сілтеме көрсете отырып. 

"Азаттықтың" көрсетуінше,  Тэло Тулку Ринпоче 1990 жылдардан бері Қалмақияның бас ламасы қызметін атқарып келген. Ол тибеттік буддизм жетекшісі Далай-ламаның Моңғолия мен ТМД елдеріндегі ресми өкілі. Былтыр қазанда ол Украинадағы соғысты айыптап, украин жағының әрекетін қолдаған. Дін жетекшісі Ресейде соғысты жұрт көзінше сынаған алғашқы діни тұлға болған еді.

- Соңғы екі күнде көптеген адамдар менің шетелдік агенттер тізіміне енгенімді көріп алаңдаушылық пен жанашырлық білдірді. Олардың мені және менің атқарған ісімді жоғары бағалағанына шын жүректен ризамын.

Қалмақ халқына және буддизмнің барлық ізбасарларына осы қиын-қыстау кезеңдерде мойымайтын күш-қайрат, будда ілімі негізделетін жанашырлық, сүйіспеншілік тілеймін. Зорлық-зомбылыққа қарсы тұратын батылдық, табандылық пен адалдыққа шақырамын... "Будданың шыдамдылығы мен ілімін жүрегіңізде сақтаңыз, шындық түбі жеңеді". Мен әрқашан қалмақ халқымен біргемін, - деді бас Лама.

Қалмақ аймағының бас ламасымен қатар, "қараптан-қарап шетел агенті" атанғандардың қатарында:  Littlе Big тобының әншісі Илья Прусикин, "Соғысқа қарсы феминистік қарсыласу" тобының белсендісі Дарья Серенко, Moscow Times тілшісі Фидель Агумава, татар құқық қорғаушысы Рафис Кашапов және "Цифрлық құқықты дамыту" қоры коммерциялық емес ұйымы және "Күш көрсетпеу философиясы" қоғамдық бірлестігі бар.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер