Пәкістандағы халыққа лық толған мешітте лаңкес үлкен жарылыс жасады. Пешаварын қаласындағы жарылған жәмидің [үлкен мешіт] сау-тамтығы жоқ. Оқыс оқиға салдарынан 100-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "NewTimes.kz" пен Aljazeera-ға сілтеме жасай отырып.
Қолда бар мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, 90-нан астамы жарақат алған. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді.
"Ғимараттың бір бөлігі опырылып түсті, астында қалған бірнеше адам болу мүмкін", — деп полиция өкілі Сикандар Хан оқиғаны баяндады.
Жарылыс Пешевардағы полиция бөлімшесінің жанында болды. Полицияның мәліметінше, лаңкес қуатты бомбаны мешіттің ішінде, бірінші қатарда тұрып жарған.
Науқастардың кейбірінің хәлі мүшкіл.
Қазір жарылыс болған аймақ қоршауға алынып, қалада төтенше жағдай режимі енгізілді. Жарылысты жасаушы адамның лаңкес екені анықталды.
"Адырна" ұлттық порталы