Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Сюцай» мектебін тексеруді сұрады. Айтуынша, оның негізін қалаушы Жанат Қожамжаров халықтың санасын улап жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Қазақстанда Қожамжаров Жанат деген азамат өзін «бақсы» деп жариялап, «Сюцай» атты деген жалған ғылым, секта ашып халықтың санасын улап жатыр. 6000-нан астам «Сюцай» шеберін оқытып, сертификат берді. Енді ол «шеберлердің» әрқайсысы курс ашып, сектаның қызметін ары қарай дамытып жатыр. Заң бұзуышылықпен айналысқандықтан, Қазақстанға келе алмайды. Сол себепті тренингтерін Дубайда, Түркияда, Қырғызстанда өткізуде. Сюцай шебері болып, мол ақша табасың, байлыққа кенелесің деген жарнамаға сенгендер сектаның 5 күндік (1 000 000 теңге) сабағына банктерден несие алып оқып жатыр. Сабақ барысында Жанат Қожамжаров әйел адамдарды шешіндіріп, арқаларын ыстық сумен күйдіріп, еркектерді кір жерге жатқызып табанымен таптайды екен. Онымен қоса, түрлі былапыт, боқтық сөздерді қардай боратады. Ол «Сюцай дети», «Сюцай молодость» деген тренингтер ашып, енді жастардың санасын улауға дайындалып жатыр.
Құрметті Президент! Егер де бұл сектаның жұмысын тоқтатпасақ, арты насырға апаруым әбден мүмкін. Бүгінгі күннің өзінде әр қалада Сюцайдың бірнеше клубы, бөлімшесі бар. Олар күн сайын түрлі тренингтер өткізеді. Осы сектаның жұмысын тексеруге құзырлы мекемелерге нұсқау беріп, бұл індетті тоқтатуыңызды сұраймыз»,—деді ол.
<