«Генерал Күдебаев соңыма түсіп алды»: Қазақ баласы жазықсыз түрмеге қамалды

3285
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Сенат Төрағасы М.Әшімбаевқа
ҚР Жоғары соты мен Бас Прокуратурасына

Үндеу

Жолдасын сатқан жолда қалсын! Тәжік азаматына қазақтың тағдыры ойыншық па?..

Фейбук парақшама Нұрсапа Нұрқадыр есімді азамат хабарласты.

«Айтарым бар, сізбен жолыға аламыз ба, жоқ әлде телефон арқылы сөйлесе аламыз ба»»— деген соң жақсы деп нөмерімді бердім.

Сөйтсем, майда-шүйде ұсақ мәселе емес, күрделі тағдыр бойынша байланысқа шыққан екен. 2019 жылдан бері жиып-тергендерінен айырылып, темір тордың ар жағында жазықсыз жазасын өтеп отырған 1957 жылы туылған Жаудет Аюб жайлы сөз қозғады. Сөйлесіп отырып, «шыбын да аңқаудың аузын аңдиды» демекші, біздің дарқан, кеңқолтық қазақты кім қорламай жатыр деп ойладым. «Қазақтың бауыры, жанашыры қазақ болуы керек еді ғой» деген көңіліме ой келді.

Ер жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен дейді. Десе де, бұл серуен емес таза басынғандық. Азаматымыз абақтыда жатса, қайдағы қазақтың басына туған серуен күн?! Басынған емей немене, қасында бірге жүріп, бірге тұрып, жартысын жарып жеп, бүтіні болса бөліп жеп, бірге жүрген тәжік азаматы қаншама жылғы маңдай тер, табан ақысын тартып алып, бизнес иесі Жаудет Аюб есімді азаматты түрмеге қамаптып тастап, тайраңдап жүр.

Зайырлы еліміздің реалистік тұрғыдан айнымайтын әділ сотымыз үкім шығарып, азамат Жаудет Аюбты Қазақстан Республикасының Қылмыстық істерінің 99-бабы, 2-тармағы бойынша, яғни Адам өлтіру бабы мен (адам өлтіруге оқталды) 24 баптың 1-тармағы бойынша бас бостандығынан 7,5 жылға айырып, түрмеге тоғытып жіберген. Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, бірақ тілге кісен сала алмайсыңдар ғой. Қайтып саласыз, егер қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу болса?..

«Тасы талайымға түскен нағашымның жағдайы ауыр, алпыстан асқанда абақтыда отыр. Басы аман болса, дүние табылар. Егер бизнесін заңгерлер көмектесіп, тәжік азаматынан алып берсе, 50 пайызын беруге әзір. Мейлі қайда кетпей жатқан есіл еңбек, жағым сынса да, сағым сынбасын деп ызаға бөгіп отыр»,— дейді қазіргі таңда жазықсыздан-жазықсыз түрмеден жазасын өтеп жүрген азаматтың жиені Нұрсапа Нұрқадыр.

Біздің қазақ әлемжелінің ішінде отырғанда «батырға таяқ та жарақ» деп ірі сөйлейді, есіп сөйлейді, бөсіп сөйлейді. Ал бір қазақтың басына қиын іс түссе, табалайды, қаралайды, тіпті мойын бұрып қарамайды. Қазіргі таңда жазықсыз жала арқалап, түрмеде отырған қазақтың саны күн өткен сайын көбейіп бара жатыр деген ел ішінде әңгіме бар. Бірақ бәрі бірдей жазықсыз деп айтуға да болмас. Қылмыстың өтеуі — жаза, қылмыс істегенге, әрине, жаза болу керек, әйтпесе қоғамның тыныштығы бұзылып, берекесі кетпей ме? Десе де, ай-күннің аманында басы дауға қалып, темір торға қамалған Жаудет сияқты азаматтар қаншама екен?

Алматы қаласының тұрғыны Жаудет Аюб өзінің бизнесін ашып, тәп-тәуір ел қатарлы өмір сүрген. Алды қараңғы, қасында жүрген қудың түгі қалың, терісі бүтін, жылмыңдап бірге жүрген. Ол түбі ауғаныстандық тәжік А. Восток болатын. Мұсылманның баласы,кіндігі бір мұсылманбыз деп, имандай сенген сотталушы қолынан келгенше көмектесіп, намаз оқығанда бес уақыт бірге оқып жүрген. Қайдан білсін, ойы арам, ниеті қара, ішінде құйын жатқандығын.. Имандай сенеді. Бәлкім, көзбайлау арқылы арбап алды ма, әйтеуір сол тәжік азаматының құрған қақпанына қалай түскендігін өзі де аңғармай қалыпты. Жүргізіп отырған бизнесінің құжаттарын атына рәсімдеп алған ұлты тәжік, Қазақстан Республикасының азаматы Ахмадулла Восток бір күнде баяғы достық мінезді тастап, қасындағы досына, қызметтес досына жала жапқан. Жала жабу арқылы қаншама жыл кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтың барлық мал-мүлкін атына рәсімдеп алғандығы қызық емес, таза сұмдық болып тұр. Қазіргі күні Ж. Аюбтің бизнесіне А. Восток қожайын екен.

«Аспаннан шебер Құдай алақанын ашқанда уыстап бар байлықты бере салғандай жағасы жайлауда жүр. Нағашымның үстінен арыз жазып, абақтыға қаматып, ақыры иен байлыққа ие болды»,— дейді Нұрсапа.

Ұлты тәжік Ахмадулла Восток болса: «Мені өлтіруге кісі жалдады»,— деп азамат Ж. Аюбты сотқа береді. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 1-тармағы мен 99-баптың 2-тармағы бойынша шешім шығарып, сонымен қатар азаматтық істі қатар жүргізіп, Жәутек Аюбты түрмеге отырғызғанша бар күшін салады.

Ал А. Восток болса сотта
«2012 жылдан бері тегін жұмыс істедім. Қарыз ақшамды қайтармады» деп арыз қосымша беріпті, бірақ жұмысқа 2016 жылдан бастап келген. Шым-шытырман оқиға, әйтеуір. Сюжеттік желісіне қарап отырып, детектив жанрында драмалық кино түсіруге болады.

Алматы облысының Ішкі істер департаментін басқарған, былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде өзінің бас ғимаратын тастап кеткен генерал Серік Күдебаев пен Жаудет Аюб бірде сөзге келіп қалған. Жақсы жігіт ақылына жеңдіріп іс қылар демекші, атағы дардай, иығында оқалы жұлдызы бар генерал өзінің кәсібін жүргізіп отырған Ж. Аюбке сол күннен бастап тісін мықтап қайраса керек. Бұл қудалау жалпы 2016 жылдан бастап басталыпты. Ақырғы қортынды нәтижесі осыған әкеліп тірелді-ау деп бүгінгі күні сотталушы бизнесмен бармағын тістейді екен.

Біздің елде жеке кәсіпкерге құзырлы орындардың тиісуіне заңмен тыйым салынғандығын, кешегі Қаңтарда «халықты атуға қарсы болдым» деп сүттен ақ, судан таза болып тұрған генерал Серік Күдебаев, сірә, бұл заңғы пысқырып та қарамаса керек.

«Қазіргі күні Алматы қаласындағы Заречный түрмесінде жазасын өтеп отырған азамат тышқан мұрнын қанатып кісі өлтірмесе де, өлтірді деу ақылға сыймайтын қарекет, сұмдық масқара болды. Жаның сау болса, жарлымын деме деген. Қараңғы қапаста отырып шындыққа қол жеткізе алмай бармағын тістеп отырған нағашымды аяймын»,—дейді Нұрсапа Нұрқадыр.

Жаудет Аюбтің тағдыры тәлкекке айналғандығы соншалықты, істі қайта қарап, сот дұрыс төрелігін айтса екен деп хабарласқан Н. Нұрқадырдан соттың шешімен танысып шықтық. Алдағы уақытта бұл мәселені Жоғарғы сотқа жолдаймыз ба деп отырмыз.

Р.S Қазақта «Қасқырды сұрлығын үшін ұрмайды, ұрлығы үшін ұрады» деген сөз бар. Қасындағы досына имандай сенген Жаудет Аюбтің тағдыры жайлы барлығымыз ойлануымыз керек. Бір қазақтың баласы абақтыда ай-күннің аманында өзінің атамекен Отанында сотталып жатса, қалған қазақ неге үнсіз отырмыз!? Әлде А. Востоктың шатыры мықты ма? Ал Жаудет Аюб болса ертеде Қытай елінен келіп, атамекенінде бизнесін бастап кәсібін дөңгелеткен. Дөңгеленген дүние-ай! Өмір қысқа, бейнеті көп деген осы.

Кәсіпкер Жаудет Аюбтің басына түскен қиындықты ел болып бірге қорғайық, ақ-қарасын жоғарғы сот қарап, кінәлі-кінәсіздігін дәлелдеп берсін! Мафиялардың жемтігі болып, абақтыда отырған азаматтың жай-күйі кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Кім кінәлі және кінәсіз екендігін Жоғарғы сот анықтап берсе екен. Егер ел ішінен заңгерлер шығып, Ж. Аюбтің басқаға кеткен байлығын қайтарып алатындай мүмкіндік болса, 50 пайыз акциясын беретіндігін тағы да еске саламыз.

Бұл кісі жайлы алдағы уақытта е орыс тілінде де, мемлекеттік тілімізде де материалдар жолдап отырамыз. Әр қазақтың баласы — мен үшін елімнің басты тұғыры. Қазақ жыламасын, қазақ қорланбасын, қазақ қор болмасын дегендер бар ма екен?! Бар болса, үн қосайық ағайын!

Жеңіс Оспанов

Пікірлер