Мигранттардың ел экономикасына тигізер пайдалы тұстарын да ескеру қажет- Геннадий Шиповских

3668
Adyrna.kz Telegram
Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz

Қазақстанға өзге елден қоныс аударушылар қазақ тілі мен салт-дәстүрін үйренуі керек. Сондай-ақ, ел экономикасына пайдасын тигізуі қажет. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских “Адырна” ұлттық порталына айтты. 

Қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін депутаттың айтуынша, мигранттардың ел экономикасына тигізер пайдалы тұстарын да ескеру қажет.

“Әрбір мәселенің екі жағы болады. Дұрыс жағы және бұрыс жағы. Ресейден қоныс аударушы азаматтар болсын, басқа ел болсын, дұрыс жағын алып қарайтын болсақ, біріншіден, ел экономикасына пайда тигізетін тұсын ойлауымыз керек. Мәселен, елімізде болмаған мамандықтардың мамандарының келуі. Яғни, жақсы майталмандардың келуі елге пайдасын тигізер еді. Олар Қазақстанның мамандарымен тәжірибе алмасады. Нәтижесінде біліктілік артып, экономикаға пайда тигізер еді. Оны елімізде дұрыс жағынан пайдалануымыз қажет. Бұл еліміздің экономикасына таптырмас тәжірибе екені сөзсіз.

Мен ҚР-ның Парламент Мәжілісінің 7-сайланым депутаты болып жүрген кезде Қазақстан Халқы Ассамблеясының белсенді мүшелерімен бірлесе отырып, үндеу жасаған болатынбыз. Сол кезде біз Ресейден қоныс аударушылар ғана емес, басқа да шетелдік азаматтарға  ескеру керек дүниелерді атап өттік. Оларға егер елімізге келіп, қоныс аударып немесе бір жұмыспен келіп жатсаңыздар, сіздер әрқашан мынаны білулеріңіз керек: Қазақ елінің қазақ жерінің тілі, діні, мәдениеті және салт-дәстүрі ажырамас бөлік және біздің қастерлі дүниеміз. Соны сақтау, құрметтеу керек!”, -деді Геннадий Шиповских.

Пікірлер