Субсидия жыры бір жылға созылды, халықтың билікке деген сенімі өте төмен - Дайрабаев (ВИДЕО)

2562
Adyrna.kz Telegram

"Субсидия жыры бір жылға созылды. Халықтың билікке деген сенімі өте төмен. Сағаттап өтетін басқосуларда әр ұсыныстың экономикалық, құқықтық теңдігін салыстырудың орнына бос уақыт жоғалтып, бір-бірімізге нотация оқып отырамыз". Бұл пікірді «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

 

"Бүгінгі жағдай халықтың билікке деген сенімінің өте төмен деңгейде екенін көрсетіп отыр. Ал фермерлер болса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тіпті сенуді қойды. Неге? Мәселен, министрлік аппаратына қарайықшы, кім отыр онда? Өндірісті түсінетін, дала мен қаланың айырмашылығын білетіндер қанша? Расын айтайын, саусақпен санарлық. Мамандар фермерлермен бір тілде сөйлеспесе, қандай мәселені шешуге болады?! Президентіміз өз Жолдауында: "Министрліктер көп" деген сұрақтар бойынша дербестік алып, дара шешім қабылдауға мүмкіндік аламын деген еді. Сол принцип қашан енгізіледі? Вице-министр лазауымына келетін адамды Үкіметпен келістіруді тоқтату керек! Вице-министр болсын, департамент директоры болсын, олардың кандидатурасы қоғамдық ұйымдардың келісімімен бекітілуі керек! Сонда ғана фермерлер сенім артады. Ербол Шырақбайұлына өз басым кәміл сенемін. Алайда министрліктегі мамандардың әртістігінен таяқтың ұшы соған да тиіп жатыр", - дейді Жигули Дайрабаев. 

Екінші мәселе батылдық жайлы.

"Серік Мақашұлы! Байқайсыз ба? Министрліктердің барлығы қоғамдық резонанстан қорқатын әдет шығарды. Тит етсе үркетін болды. Соның салдарынан саламызға нақты қажет деген көптеген заң жобалары кері қайтарылды. Мысалы, қосалқы шаруашылық туралы заң. Осындайдың кесірінен қабылданбады. Блогерлер мен әр түрлі диван эксперттерінің кесірінен субсидия жыры бір жылға созылды. Сенесіз бе? 1 жыл. Министрлік қызметкерлерінде жұмысшы топтар не айтса, соған ғана ауатын үдеріс пайда болды. Бұл не сұмдық? Сонда Атамекен палатасының әрбір өнеркәсіптік кешен комитеті қайда? Министрліктің жанынан құрылған қоғамдық кеңес қайда? Жоқ, оларға сенім жоқ па? Сенімнің болмағаны ма, қалай? Субсиция мәселесінде Ербол Шырақбайұлы ұсынған реформалар ауадай қажет! Экономикалық тұрғыдан әбден пісіп, жетілген, санмен дәлелденген ұсыныстар. Бірақ, орынсыз шу көбейтіп кетті де, ақыр аяғы баяғы қалпына қайта оралды. Жиналыстарда реформалардың экономикалық тұсы тіпті айтылмайтын жағдайға жеттік. Сағаттап өтетін басқосуларда әр ұсыныстың экономикалық, құқықтық теңдігін салыстырудың орнына бос уақыт жоғалтып, бір-бірімізге нотация оқып отырамыз. Айтпағым, министрліктерге дербестік пен қоса батылдық керек. Осыны қаперіңізге алсаңыз, құрметті Серік Мақашұлы!",- деді Дайрабаев.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер