«Қазақ газеттері» мен «Егемен Қазақстан» біріктіріліп, бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім етті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
«Қазақ газеттері» мен «Егемен Қазақстан» ЖШС-ның бірігу жұмыстары сәтті аяқталды. Сондықтан «Қазақ газеттері» деп аталатын құрылым өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты деп айта аламыз. Жаңа құрылым жаңа ғимаратта жұмысын бастады. Ұжым қызметкерлерінің жалақысы, қаламақы және сыйақы өсті. Алда да атқарылатын жұмыс көп, - деп жазды министр.
Министрдің хабарлауынша, енді «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары бір шаңырақтың астында қызмет істейді. Бұл – ортақ ақпараттық қызмет.
"Екі ұжымның бірігуіне орай "Қазақ газеттерінің" Бас директоры болып академик Дихан Қамзабекұлы тағайындалды. Сондай-ақ белгілі журналист Думан Анаш «Қазақ газеттері" бас директордың орынбасары – Алматы филиалының басшысы, Ерлан Жүніс "Ана тілі" газетінің бас редакторы және Асыл Сағымбеков «Мысль» журналының бас редакторы болып тағайындалды. Әріптестерімізді жаңа қызметімен құттықтаймын!", - деді Дархан Қыдырәлі.
"Адырна" ұлттық порталы