ҚАЗЫБЕК ИСА: Ұлтты сатып кеткен Абильдаевпен көрші елдің арнаулы қызметі арнайы айналысқан секілді...

4433
Adyrna.kz Telegram

Бұл қазақ парламенті тарихында бұрын соңды болмаған оқиға. «Ақ жол» партия ұстанымын бұзған депутатты Парламент Мәжілісі шақырылымының ең соңғы күні таратылуға дейін үш сағат қалғанда партиядан, бір сағат қалғанда депутаттық мандатынан айырып үлгерген Қазақстандағы, бәлкім әлемдегі жалғыз партия! Парламент Мәжілісі тарайтын күннен бір күн бұрынғы депутат Абильдаевтың теріс пиғылды сұхбатына байланысты «Ақ жол» партиясы тез және қатал шара қабылдады. Оны 2023 жылғы 19 қаңтарда түске дейін екі сағатта партиядан да шығарып, парламенттік мандатын да қайтарып алды. Түстен кейін парламент тарағаны туралы мемлекет басшысы жарлығы шықты. Бұл шешім барлық баспасөзде жарияланды. «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашевтан бастап, партияның басшылары мен белсенді мүшелері, елге белгілі қоғам қайраткерлері, журналистер өз ой-пікірлерін жариялады.

Осымен бәрі түйінделгендей болып, демімізді басқан едік. Дегенмен, әлеуметтік желіде «Ұлтшылдарды жау санаған депутат туралы ұлтшыл депутат Қазыбек Иса не дейді?»-деген пікірлерді көзіміз шалып қала бергесін, өзіміз де ой түйінімізді елмен бөлісуге тура келді. Біз 2002 жылғы наурыздан бері, “Ақ жол” партиясының 20 жылдан асқан ғұмырында талайды көрдік. Алғаш партия құрылғанда биліктің қарсылығын, кейін партия «байлар мен кедейлер» болып, екіге бөлінгенде, бір жағынан «біз ғана “нағыз оппозицияшылдармыз” дейтіндердің үздіксіз шабуылы, екінші жағынан биліктің, ертелі-кеш ертісбаевтардың тас лақтыруын да көргенбіз. Бәріне төтеп беріп, ешкімге қарыз боп қалмай, қарымта қайтарып, лайықты жауап бергенбіз.

Сол кезде де, “Ақ жолдан” бөлінгендердің Ресей астанасына шауып барып, “Біз Мәскеуде оқығанбыз, ұлтшылдар емеспіз, бізге сеніңдер” дегендерін де есіттік. Ол туралы кезінде жаздық та. Бұлардың бәрі «Ақ жол» партиясының әр кезде кітап болып, шығып келе жатқан құжаттар тарихында жазылған. «Қазақ үні» ұлттық басылымының сарғайған беттерінде де сайрап жатыр...
Ол майданның бәрі партия, ұйымдар арасындағы әдеттегі бәсеке мен күрес болғандықтан үйреншікті жәйттер еді.

 

АНТБҰЗАР АБИЛЬДАЕВ ҰЛТТЫ САТЫП КЕТТІ!

 

Ал енді мынау Мәжіліс депутаты Азамат Абильдаевтың айдың-күннің аманында жер астынан жік шыққандай, сайлау басталғанда сайтандай сап ете қалған сатқындығы нағыз арқадан сұғылған қанжар болды… Өйткені, бұл жерде бір партияның ғана мәселесі емес, ұлт мүддесі, Тәуелсіз Қазақ Елінің мүддесі қарақан бастың қараулық пиғылымен жеке есеп үшін сатылып кетіп тұр…Абильдаевтың “Мен малдың ішінде жүргенде партияны ұлтшылдар жаулап алыпты” деген мағынада сайраған өтірігіне келейік.

Оның “Азаттық радиосына” берген сұқбатында да, Азаттығымызға қарсы қарау пиғылын ашық білдіріп келе жатқан Ресейдің Соловьев пен Симоньяндарына қарайтын арналарға айтқан “арызында” да аузынан түспей айыптаған Ұлтшылдарында кімдерді меңзегенін жақсы біліп отырмыз. Жат елдің арнасына жағы талмай сарнауы алдымен ол атаған ұлтшылдардың алдыңғы қатарындағы өзімізге бағытталып жатқандықтан, бұл мәселені қазақша тәпсірлеп көрейік.

Алдымен айтарымыз, А.Абильдаев деген кім еді?!. Оның парламент сайтындағы өмірбаянына қарасақ, 1972 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылында туған. 2012 -2016 жж. бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты. 2015 жылдан «Қалмақ тұқымының Республикалық Палатасының» төрағасы, 2021 жылдың қыркүйек айынан "Қазақстанның Ет Одағы" басқармасының төрағасы. Бірден айтарымыз, ешқандай партияда да, парламент пен үкіметте де, тіпті ешқандай құзырлы органдарда да, қатарындағы қызметкердің ішінде не барын тексеріп, анықтай алатын рентген аппараты шыққан жоқ әлі...

«Іштен шыққан жау жаман», ”Адам аласы - ішінде” деген мақалдарды атам қазақтың босқа айтпағанына анық көзіміз жетті! Яғни, ел ішінде ондайлар да кездесіп тұратынын біле бастадық. Өз басым парламентке барғалы екі жыл болды. Мен Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени комитетте, ол аграрлық комитетте істеді. Тек аптасына бір рет қана фракция жиынында ғана көріп қаламыз.
Жақын араласқан жоқпыз.

Оның “партия бұрын кәсіпкерлер партиясы еді, кейінгі кезде ғана аяқ астынан ұлтшыл боп кетті” дегені қып-қызыл өтірік. “Ақ жол” партиясы бұрыннан, 2007 жылы Қазақстандағы Ұлттық концепсия қабылдаған тұңғыш және жалғыз партия! 2012 жылы Парламент Мәжілісіне өтіп, партия фракциясы құрыла салысымен Алаш бағдарламасын қабылдаған партия! Оның ұлттық мүддеге қарсылығын, қой терісін жамылып жүрген қарау пиғылын қайдан білеміз? Ол осы Алаш Бағдарламасын қабылдауға, т.б. ұлттық мүддемізді қорғайтын шараларға қатысып жүрді ғой!? Тіпті бір рет Кенесары ханның басын қайтару туралы сауал да жасап еді...

Иә, мәселе сонда болып тұр ғой! Бұрын Кенесары ханның басын қайтару туралы депутаттық сауал жасаған жасаған адамды бұлай ұлттық мүддені сатады деп кім ойлайды?! Енді аяқ астынан құбылып шыға келгені біз үшін күтпеген жағдай болды? Одан БАҚ-тар да сұхбат ала бермейтін «Азаттықтың» тілшісі Нұргүл Тапаеваның біздің бір әріптесімізге айтуына қарағанда, өзі сұхбат беруге келісіп, одан тілші Украина-Ресей қатынасын, ұлтшылдық мәселесін сұрамаса да, сұхбат барысында аяқ астынан бірден сол тақырыпқа кірісіп кетіпті...

Елбасы туралы заңның жойылуынан кейін бірден мұндай ел мүддесіне қарсы сұхбат беруі, тәуелсіз мемлекеттер туралы, олардың президенттері жайлы ешқандай депутаттық этикаға жатпайтын сөздер айтуы қисынсыз. Тәуелсіз Украинаға Ресейдің басқыншылығын «арнайы операция» деп, көрші елдің етігін сүйреткен қатардағы сарбазы жаттаған ұранды өзге елдің саясаткер депутатының айтуы, бір елді жерге тығып, бір елді көкке көтеруі «Ақ жол» партиясының ұстанымына да еш сай келмейді, қарама-қайшы! Оның осы тірлігі көңілге көп күдік ұялатады.

Саяси ұстанымына сай біреулер партиядан шығып, біреулер кіріп жатады. Ал экс-ақжолдық, экс-депутаттың партияны былай қойып, «кілең ұлтшылдар жиналып алған» деп, парламенттің, елдің, мемлекеттің үстінен ат айдауы бәрімізді де таңғалдыруда. Оның партиядан шығарылып, мандаттан да айрылғасын ары қарай өзінің әңгімесінің ауанын ұлғайтып, елдің үстінен өзге елге арыз айтуы - алдыңғы оқиғаның кездейсоқ емес екенін дәлелдеуде.

 

«АҚ ЖОЛ» АЛАШ ИДЕЯСЫН ҰСТАНҒАН ҰЛТШЫЛ ПАРТИЯ

 

Бұндай кезде «Ақ жол» партиясы бірден өте дұрыс шешім қабылдап, оны партиядан шығарып, өзінің нық ұлттық ұстанымын көрсетті. Ары қарай енді оның партиямызға еш қатысы жоқ. Бірақ бұл жерде екі мәселені айтуымыз керек:

1.Оның “партия тек кәсіпкерлікті қолдаған, аяқ астынан ұлтшыл болды” дегені шындыққа сай келмейді. “Ақ жол” партиясы қашаннан ұлтшыл болғанын ел өте жақсы біледі. Яғни, осы Ұлтшылдықты Абильдаев Қазақстан үшін емес, өзінің Ресейлік тапсырма берушілері үшін айтып отырған сияқты... Бірақ оның ол өтірігін оп-оңай әшкерлеуге болады: жоғарыда айтқанымыздай, 2007 жылдан бастап, Ұлттық тұжырымдамасын жариялап, 2011 жылдан бастап, партиямыз “Алаш” идеясын ту ретінде ұстап, бас құндылығымыз ретінде ресми түрде жария еттік.

Мысалы:
- 2012 жылдан бері “Алаштың Ақ жолы” дәстүрлі байқауын өткізіп жатырмыз.
- 2014 жылы партиямыздың съезінде Саяси бағдарламамызға “Алаш ұстанымын насихаттау” қосымша бағдарламасын қабылдадық,
- 2016 жылдан оны Саяси бағдарламамызға ең бірінші құндылық деп, нөмірі 1-бапты “Тәуелсіздік пен “Алаш” ұлттық идеясы” деп кіргіздік.
Содан бері бұл бап біздің Саяси бағдарламада басты орында тұр.

Қаншама рет партия құрылтайлары өткенде, саяси бағдарлама ашық талқыланғанда, Абильдаев ешқашан оған қарсы шыққан жоқ, не жалпы ұлттық ұстанымдарға қарсы сөйлеген де жоқ. Дауыс бергенде ылғи қолдап жүрді, қалыс қалып көрген емес.

- Парламенттік мінбеден фракциямыз 2012 жылдан бастап, 50-ден астам ұлтшылдық депутаттық сауал жасадық, тек Алаш тақырыбымен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Мысалы – мемлекетіміздің атауын «Қазақстан Республикасы» емес, «Қазақ Республикасы» деп, тарихи атын қайтару туралы, т.б. Абильдаев барша мұндай сауалдарымызды фракция мүшесі, депутат ретінде қолдап, қол қойған (2012-2016, 2021-2023 ж.) Яғни, оның ұлтшылдыққа қарсы әңгімелері енді ғана, кеше ғана аяқ астынан шықты деуге болады. Бұл дегеніміз - осы партиямызға жат көзқарас оған таяуда пайда болған тапсырма берушілердің талабы екенін анық көрсетуде.

2.Оның қазіргі істеп жатқаны партиямызға ғана қарсы емес, Елімізге, Тәуелсіздігімізге, жер тұтастығымызға қарсы қарекет. Мәселе партияда емес. Оны бірден Ресейдің атышулы шовинистік арналарына шақырғаны, олар оны “қаһарман” жасауға қатты тырысып жатқандары - бұл жәй оқиға еместігін дәлелдейді.

 

АБИЛЬДАЕВ - РЕСЕЙ ЖОБАСЫ МА?

 

Абилдаевпен көрші елдің арнаулы қызметі арнайы айналысқан секілді... Украинада осындай орысшыл депутаттар ОПЗЖ атты бір блок құрған болатын, олардың мақсаты - басқыншылар келгенде, парламентті өздері қолға алып, Ресейге саяси қолдау көрсету еді. Бұндай қатердің басын сезген сәтте «Ақ жол» партиясы оны бір сәтте партиядан да, парламенттен де шығарып, ондай әрекеттерге жол бермейтінімізді айқын көрсеттік.

Енді елімізге де, парламентке де, барлық партияларға Абильдаев синдромы сабақ болуға тиісті. Бәлкім, Парламентке ант берген депутаттың антты бұзғанда қандай жауапқа тартылатынына ел алғаш куә болуға тура келетін сәт келген болар... «Қазақстан Ресейсіз күн көре алмайды» деген депутаттың сөзі мемлекет Тәуелсіздігін теріске шығарып, ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп! Бұл - Парламент депутатының: «ҚР халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген міндеттерін адал атқаруға АНТ етемін!»-деген Антын бұзып отыр емес пе?!

Сол сияқты билік орындарын қатаң тексеруден өткізіп, басқа да теріс пиғылды, «орманға қарап ұлитын» сатқындар болса, тез әшкерелеп, жолдарын кесетін уақыт келді. Әрине, бұл деген ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметі. Дегенмен, саяси, қоғамдық күштер бұған баса назар аударғаны жөн.

Ал енді бұл оқиғадан қандай ой түюге болады?

1.Бұл қазақ парламенті тарихында бұрын соңды болмаған оқиға.

2.«Ақ жол» партия ұстанымын бұзған депутатты Парламент Мәжілісі шақырылымының ең соңғы күні таратылуға дейін үш сағат қалғанда партиядан, бір сағат қалғанда депутаттық мандатынан айырып үлгерен Қазақстандағы, бәлкім әлемдегі жалғыз партия!

3.“Ақ жол” партияға, ұлтқа қарсы шыққандарды қалай шұғыл жазалау керектігіне жол көрсетіп, үлгі болды!

Осындай ұлт пен мемлекет мүддесі үшін қабылдаған қатал шешімімен “Ақ жолды” «Алашшыл, ұлтшыл партия емес”-деп жала жауып жүргендердің аузына құм құйды! “Ақ жол” Ресейшілдерге, Путиннің басқыншылдығын қолдайтындарға деген қатал шешімін айқын көрсетті!

4. Ел Ресейдің басқыншылық саясатына барынша қарсылығын айқын көрсетті. Көпшілік «Ақ жолды» ұлтшыл партия ретінде қабылдайтынын анық байқатты. Егер мұндай келеңсіз жағдай басқа партиялардың бірінде болғанда, бұншалықты қатты резонанс болмас еді деп ойлаймыз.

5.Абильдаев ұлтшыл партияны ғана емес, Ұлтты сатып кетті! ҚАЗАҚТЫ, ЕЛДІ САТЫП КЕТТІ!

6.Бұл бәрімізге сабақ болды! Басқа партияларда да Абильдаевтар аз болмауы мүмкін! Ал ол партиялар да мұндай жағдай болғанда «Ақ жол» секілді шұғыл да, қатаң шаралар қолдануға дайын болуы тиіс!

7.Ұлттық Қауіпсіздік үшін ПАРЛАМЕНТ пен ҮКІМЕТ те, басшылық құрамның, мемлекеттік қызметкерлердің ұлттық ұстанымын қадағалап, қатаң тексеруден өткізіп, ОСЫНДАЙ “АҚ ЖОЛ” секілді ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУЫ КЕРЕК!

8.Біз кейінгі кезде отанға опасыздығы үшін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарынан бастап, жауапты қызметкерлерінің алды сотталып, арты тергеліп жатқандарын жақсы білеміз. Ал ол біздің мемлекетке жасалған опасыздықтың, сатқындықтың бәрі қай мемлекеттің мүддесіне орай жасалып жатқанына баса назар аудардық па? Неге олардың бәрі Ресейдің мүддесіне жасалып жатыр? Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бүгінгі басты шаруасы болуы керек.

Дәл қазір ел аузында, көптің көкейінде: «Абильдаев кімдерге, қаншаға сатылды? Оның артында кімдер тұр? Оған елге сатқындық жасағаны үшін тапсырыс берушілер қандай қандай сый-сыяпат бермекші?!. Ол қаншаға сатылды?» деген сауалдар самсап тұр. Жұрт жазып та жатыр жамырап. “Абильдаевтың қылмысын әшкерелеген арнаулы органдар парламент сайлауы алдында “Ақ жолға” қарсы арнайы айдап салып отыр” деген пікірлер де жиі айтылуда...

Dalainside каналы да Абильдаевқа «Za наш дом - Казахстан!» атты арнайы мақала жариялапты. Олардың жазуынша "Орыс әлемі" идеологиясын жүргізетін Россотрудничество ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын және орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға ниетті азаматтардың басын қосып, олардың бастамашыл топ ретінде қозғалыс не партия құру мүмкіндігін ойластыра бастаған.

«Осы орайда, мандатынан айрылған депутат Азамат Әбілдаевтың кандидатурасы лайық деп танылған. Бірақ бұл мәселені шешу үшін, алдымен Әбілдаевпен келіссөздер өтетін болады. Партияның идеологиялық блогын Ресейден көп жылдан бері грант алып жүрген саясаттанушылар Данияр Әшімбаев пен Марат Шибұтовтар оңай құрып бере алады. Россотрудничествомен жұмыс істейтін саяси технологтар лидер ретінде міндетті түрде қазақша жақсы сөйлейтін қазақ керек екенін түсінген. Азамат Әбілдаев осы рөлге таптырмайтын кандидат болып тұр. Болашақ партияның нақты атауы бекітілмеді. Әзірге Россотрудничествоға "Za наш дом - Казахстан!" атауы көбірек ұнап отыр.»-деп жазады.

 

ҰЛТШЫЛДЫҚ - ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ, МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖҮРЕГІ!

 

Ал енді Абильдаев айтқан «Елді жаулап алған Ұлтшылдық» қайда? Керісінше, бізге отыз жылдан бері Ұлтшылдық жетіспей келеді. Биліктің әлемдегі әрбір тәуелсіздікке ие болған елдер үшін ерекше маңызды, заңды да Ұлтшылдық идеологияны ұстануына ұлттық намысы мен қайрат-жігері жете алмай келеді ғой! Барлық тәуелсіздік алған елдер міндетті түрде жасайтын Отарсыздану идеясы да жасалған жоқ! Егер «Ақ жол» ұсынғандай мемлекет ұлттық мүддені қорғауда Ұлттық идеологияны жолға қойып, Ұлтшылдық ұғымды ұстанғанда дәл бүгінде парламент төрінен ұлттық мүддені сатқан Абильдаевтар шықпас еді...

ҰЛТҚА ҚАУІП ҰЛТШЫЛДЫҚТАН ЕМЕС – ҰЛТСЫЗДЫҚТАН ТӨНЕДІ!
ҰЛТШЫЛДЫҚ - ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ, МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖҮРЕГІ!
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ ҰЛТТЫҚ РУХТАН БАСТАЛАДЫ!

«АҚ ЖОЛҒА» ҚАРА КҮЙЕ ЖҰҚПАЙДЫ

Тағы бір айтарымыз, әлеуметтік желідегі қоғамдық пікірдің қатты қызуын байқадық. Әрине, 300 мыңдай мүшесі бар “Ақ жолдың” ұлттық ұстанымына қарсы теріс пиғылды бір мүшесі шыққанға партияның абыройы түсіп қалмас... Дегенмен бұл оқиғаға қатты өкінеміз. Ел де өкінуде! Елге көп рахмет, қиын сынақта ашық қолдауларын көрсетті, сенімдері сетінемеді. Қиындықта табалай жөнелмей, сын сағатта қабылдаған қатал шешімізді бағалай білгендерге айтар алғысымыз зор.

Бірақ, осындай оқиғаға өкініштің орнына қуаныштарын жасыра алмай жатқандар да аз да болса, бар екенін көрдік… Олар әрине, көп емес және көшелі жандар емес, көше кезбелерінің қабырғаларға қалағанын жазатыны секілді желіде желігіп, өртенген үй көрсе, өшірудің орнына, қойының басын үйітіп алатындар... Олардың ішінде ұлттық мүддемізге, тілімізге қарсылықтарын жасыруға тырысып, өтірік елге жағымды «оппозиционерлер» рөлдерін ойнап, «Аңқау елге арамза молда» болып жүргендер де бар... Олардың кейбіреулері өздері сөйлейтін Ресей тілінде ауыздарына келгенін жазып жатты...

Бірінші күні, Абильдаевтың сұхбатын естіген алғашқы күні олар: «Бұл депутаттың Ресейді қолдауы - партияның да ұстанымы» деп оттады... Екінші күні партия елді таңғалдырып, екі-үш сағатта Абильдаевты партиядан да, парламенттен қуып шыққанда, барлығы «Ақ жолға» алғыс айтып жатқанда, олар кешегі сөздерін ұмытып: «Бұл Ақ жолдың» арнайы қойылған қойылымы, пиары, ішінде біреуін әдейі құрбан етті» деп соқты... Өздері осындай халық жауының, қарабеттің рөлін ойнауға көне беретін секілді сөздеріне қарағанда... Бірақ олардың ұсқынына қарасаң, шынында да сондайға да баратыны байқалады... Үшінші рет, Абильдаев партия түгілі елді сатып кеткенде, енді «партия оның не ойлайтынын анықтап білуі керек еді» деп шықты басқа не дерін білмеген олар... Тап бір сондай адамның ішкі ойын анықтай алатын аппарат ұстап жүрген сияқты өздері...

Бір күн бұрын түнгі ұйқыны ұмытып, қуана сынағандар енді Абильдаевты «Ақ жол» партиядан шығарып, депутаттығын қайтарып, қатаң шара қолданғанымызға да қуанып отырған жоқ… Өйткені, сынауға сылтау табылмай қалды... Ал қарапайым қалың ел “Ақ жол” нағыз ұлтшыл партия екенін көрсетіп, шұғыл қатал да, дұрыс шешім қабылдады!” деп қуанып, қолдап жатыр… «Ақ жолға» қара күйе жұқпайды! Алла жар болсын!

Қазыбек ИСА

Пікірлер