Қарағанды қаласына жаңа әкім тағайындалды

2819
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстан президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Қарағанды қаласының әкімі болып Мейрам Мұратұлы Кожухов тағайындалды. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімдігі ресми сайтында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ведомствоның мәліметінше, өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына Мейрам Кожуховтың кандидатурасын ұсынған. Депутаттар оны қолдаған.

"Мейрам Мұратұлы көп жыл бойы Қарағандыда жұмыс істеді. Барлық мәселемен таныс. Ең бастысы, қала тұрғындары оны жақсы біледі. Жинақталған тәжірибе мен білім Мейрам Мұратұлына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзінің әлеуетін іске асыруға көмектеседі деп сенемін", – дейді облыс әкімі. Сондай-ақ Ермағанбет Бөлекпаев жаңа әкімнің басты міндеті қарағандылықтардың өмірі үшін қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол қала басшысына облыс орталығын, инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру және жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді. Айта кетейік, Мейрам Кожухов 1972 жылы дүниеге келген. 2001 жылдан бастап мемлекеттік қызметте.

Саран мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм бөлімінің бас маманы, Ақтас кентінің әкімі, Саран қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласы Октябрь ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2022 жылдың сәуір айынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болған.

Пікірлер