«Онкологиялық ауруы болмаған»: Дәрігерлер лагерьдегі өлімге қатысты мәлімдеме жасады

2755
Adyrna.kz Telegram

Бурабайдағы «Балдаурен» сауықтыру орталығында көз жұмған жасөспірімнің ешқандай онкологиялық ауруы болмаған. Дәрігерлер лагерьге кетерден бес күн бұрын ғана толық медициналық тексеруден өткен Нұрдәулет Манаптың денсаулығынан еш кінәрат таппаған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

«Біз сараптама тұжырымымен мүлдем келіспейміз! Оның ағзасында қаны аз, бойында қатерлі ісік бар деуі тіпті дұрыс емес. Лагерьге барар алдында ғана толық тексерістен өтті. Сол кезде қатерлі ісіктің бір белгісі болмас па еді?! Таптаза, еш сырқат табылмаған. Біз бұны бұлай қалдырмаймыз»,—деді Хромтау ауданы ауруханасының бас дәрігері Мақсат Серғазин.

Нұрдәулет Манап лагерьге аттанар алдында тексерістен өтіпті. Анализінің бәрі дұрыс болған дейді дәрігерлер. Оның үстіне жасөспірім ешқандай есепте тұрмаған. Тіпті онкология ауруы да болмапты. Алайда баланың денесіне сараптама жасаған Көкшетаудағы мамандар марқұм қатерлі ісіктен көз жұмды деп отыр. Тіпті ұлының денесін алып кетуге келген туыстарына нақты өлім себебі жазылған бір жапырақ қағаз ұстатыпты. Бурабайдағы «Балдаурен» сауықтыру орталығына демалуға келген 14 жастағы бала кеше көз жұмды. Нұрдәулеттің түнімен іші ауырып, таң ата жедел жәрдем келгенше қайтыс болды дейді лагерь басшылары. Аталмыш оқиғаға қатысты қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.

«11 қаңтар күні жасалған сараптамада баланың өліміне ағзаның қан аздығы және жамбаста қатерлі ісіктің пайда болуы себеп болған. Тергеу жалғасып жатыр»,—деп түсіндірді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Пікірлер