Сан қырлы, саңлақ ғалым

3119
Adyrna.kz Telegram

Аса көрнекті ғалым, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Телғожа ағайымыздың 95 жылдық мерейтойы Алматы, Астана қалаларында – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инстиутында аталып өтті; Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің ұйымдастыруымен ғалымның «Қазақ ономастикасы» атты 5 томдық еңбегі жарыққа шықты. Түркі академиясы 22 мамырда кітаптың тұсаукесерін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізді.

Биыл ағайымыздың ғылым жолына да 70 жыл толып отыр.

Қазақ тіл білімінде ономастика ғылымының негізін қалаған ғалымның еңбек жолы ерте басталған. 1942 жылдан, 15 жасынан колхозда жұмыс істеп, тылдағы еңбек майданына араласқан. 1944-1947 жылдары аудандық мал дайындау мекемесінде есепші, бухгалтер, аға бухгалтер болып қызмет еткен. Алайда есепке жүйрік бозбала соғыс аяқталған соң, 1947 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Студент кезінен-ақ алғырлығымен, зеректігімен, көркем мінезімен көзге түскен жігітті профессор Сәрсен Аманжолов 2-курсынан ғылымға баулиды. Институтты үздік бітірген Телғожа Жанұзақ аспирантураға қалдырылады. 1952 жылы Тіл және әдебиет институтының директоры А. Ысқақовтың шақыруымен Ғылым академиясына кiшi ғылыми қызметкер болып орналасады. Ағайымыздың өзі «Өмір белестері» атты кітабында осы кез туралы: «Институттың терминология бөліміне барып, бөлім меңгерушісі профессор М. Балақаевтың алдында сөйлесіп отырғанда: «Мен бас терiсi келiскен, етi тiрi азаматтарды жақсы көрем. Өзiң ашық, жайдары, болашағың бар, екi көзiң оттай жанып тұр. Сенен түбінде жақсы ғалым шығар деген үмітім зор. Іске кіріс. Бізде тіл білімінің терминдері әлі күнге қолға алынбай жүр. Сен осы іспен шұғылдан. Тiл бiлiмi терминдерiн жина. Сөйтіп «Орысша-қазақша тiл бiлiмi терминдерiнiң сөздігін» жасайсың», – деп ақыл-кеңес берді», – деп еске алады. Сол кезден бастап осы институтта табан аудармастан 70 жыл қызмет етіп келеді.

Телғожа Жанұзақ 1952 жылдың қазан айында Ғылым академиясының президенті – Д. Қонаевпен кездеседі. Болашақ зерттеушінің дарынын, қабылет-қарымын тани білген Д. Қонаев орнынан тұрып: «Сәламатсыз ба, жолдас Жанұзақов?» – деп, өзі бұрын амандасқан екен. Ғалым ағаларының қамқорлығын ешқашан жадынан шығарған емес. Сол себепті ағайымыз кітабында: «70 жылдық ғылым жолындағы табысым мен бақытты өмiр жолым үшін осы Институт басшыларына, Институт ұжымына, алдыңғы толқын аға ғалымдарға, бiрге өскен әріптестерім мен замандастарыма, ұлағатты ұстаздарыма борыштымын», – деп жазыпты.

Профессор 1953-1954 жылдары тәжірибе жинау мақсатымен Ленинград, Мәскеу қалаларына іссапарға барған кезін шексіз ризашылықпен еске алады. Әсіресе танымал түркітанушы ғалым, Ленинград университетінің профессоры С.Е.Маловпен кездескенін тебіреніспен әңгімелейді. Ономастика саласы қазақ тiл бiлiмiнде, бүкіл түркітануда әлi зерттелмей жатқанын айта келіп, С.Е.Малов болашақ ғалымға кандидаттық диссертациясының тақырыбын «Қазақ тiлiндегi есiмдер» деп алу туралы ұсыныс жасайды. Тақырыптың өте өзекті әрі күрделі екенін, жан-жақты білімді, ізденісті қажет екенін, халық тiлiнiң тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей байланысты ескерткен ғалым болашақ зерттеушіге «1) араб, парсы тілдерiндегi материалды пайдалану үшін сол тілдерде оқып, жаза білуің керек; 2) Орхон-Енисей жазуын бiлуің керек; 3) тарихи әрi этнографиялық еңбектердi жетік меңгеруiң керек», – деп, үш түрлі шарт қояды. Сол кезде Телғожа Жанұзақ Байтұрсынұлының төте жазуымен де, руна жазуымен де өзінің аты-жөнін жазып береді. Болашақ зерттеушіге көңілі толған С.Е.Малов кітаптарын беріп, күнбе-күн ақыл-кеңесін айтып отырған. Сонымен қатар болашақ ғалым «Салтыков-Щедрин атындағы кітапханадан да көп материал оқып, ой-өрісін кеңейткен».

Телғожа Жанұзақ Ленинград қаласында академик А.Н. Кононов, профессор А.К. Боровков, сөздік секторының мамандары, орыс лексикографиясының майталмандары – А.П. Евгеньева, А.М. Бабкин, Ю.С. Сорокин, С.Л. Баженова сынды ғалымдармен де кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдаған. Мәскеуге келген соң Н.А. Баскаков, А.К.Дмитриев, С.Г. Бархударов, С.И. Ожеговтермен кездеседі. КСРО ҒА-ның корреспондент мүшесі, «Орыс тілі грамматикасы» оқулығының авторы – С.Г. Бархударовпен кездесуін Телғожа Жанұзақ былай деп еске алады: «...С.Г. Бархударовтың қабылдауында болып, ұзақ әңгімелесіп отырғанда ұзын бойлы, ақ шашты, ақ мұртты, денелi кiсi келiп, отыруға жайғаса бергенде С.И. Бархударов ол кісіге қарап: «Познакомтесь, со мной разговаривает казахский Ожегов!» дегені. Сөйтсем, әлгi келген кiсi – «Словарь русского языка» атты белгiлi еңбектің авторы – С.И. Ожеговтің өзi екен. Қалжың сөзге өзара күлісіп, желпініп те қалдык. Құдай аузына салған болар, Степан Григорьевичтің сол сөзі айнымастан арада 50 жыл өткен соң менің жалпы редакциясын басқарып, айтарлықтай тер төгіп, көп еңбектенуімнің нәтижесінде «Қазақ тілінің сөздігі» (50 мың сөз бен сөз тiркесi қамтылған, 774 бет) жарық көрді. Осы бiр томдық «Қазақ тілінің сөздігі» туралы халық жазушысы М. Әлімбаев «Халыққа қажеттi сөздік» атты сыни мақаласында: «...Илаһимда «Қазақ тiлiнiң сөздiгiне» жиырма реттен аса қайталанып басылған С. Ожегов сөздiгiнiң жолын берсін. Жаңа сөздiк жалпы алаштың, бүкiл қазақ баласының қолынан түспес құрал кiтап болғай!» – деп жазды.

Әлемге әйгілі ғалымдардан тәлім алған Телғожа Жанұзақ 1952-1980 жылдары Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында диалектологиялық және ономастикалық ғылыми экспедициялардың құрамында болды; 1987-1988 жылдары филология ғылымдарының кандидаты А.Әбдірахманов, кіші ғылыми қызметкерлер А.Мектепов, Ш.Рахимовтарға басшылық етіп, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан, Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарында ономастикалық ғылыми экспедицияда болып, жер-су, этноним, антропонимдер бойынша материал жинақтады; 1956 жылы «Орысша-қазақша тіл білімі терминдерiнiң сөздiгін» шығарды; 1959-1961 жылдары қазақ тіл білімінде алғаш құрастырылған екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жұмысына белсене ат салысты; 1964-1968 жылдары «Абай тілі сөздігін» құрастырушылардың бірі болды; 1974-1986 жылдары қазақ тіл білімі тарихында тұңғыш рет құрастырылған он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» авторларының бірі, редакциялық алқа мүшесі ретінде қатысты; 1999 жылы «Қазақ тілінің сөздігі» атты көлемді еңбектің жалпы редакциясын басқарды. 1989 жылы Министрлер кеңесінің жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру үшін ат салысып, кейін Мемлекеттік ономастика комиссиясының ғалым хатшысы болып қызмет етті. 1990 жылы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның ережесін жазып, академик Ә. Қайдармен бірге 1991 жылы Қазақ ССР-індегі Мемлекеттік және әкімшілік-территориялық бірліктердің атауларын реттеу, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің тұжырымдамасын, 1993 жылы «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеудің тұжырымдамасын» жазды. 1992-1998 жылдары Алматы қалалық әкімшілігіндегі ономастикалық комиссияның мүшесі; 1995-2002 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ ономастикасы бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі; 1998-2008 жылдары Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның мүшесі, «Халықтар бірлігі және ұлттық тарих жылы» бағдарламасын өткізу бойынша Ғылым академиясы тарапынан құрылған комиссияның мүшесі, 2000-2005 жылдары Тілдерді дамыту, терминология және ономастика мәселелері жөніндегі сараптама тобының мүшесі болды.

1961 жылы «Қазақ тіліндегі кісі аттары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация (кеңесшісі – КСРО ҒА корреспондент мүшесі, көрнекті түркітанушы С.Е.Малов, жетекшісі – академик І.Кеңесбаев), 1976 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1991 жылы қазақ тiлi мен түркологияны дамытуға қосқан үлесі үшін «түркі тілдерінің профессоры» деген құрметті атақ берiлдi. Докторлық диссертациясына Мәскеу, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, Татарстан, Башқұртстан ғалымдарынан келген пiкiрлерді профессор Телғожа Жанұзақ бойтұмарындай сақтап келеді.

Т. Жанұзақтың «Қазақ тілі ономастикасының негiзгi проблемалары» атты докторлық диссертациясына бірінші оппонент болған профессор А. Ысқақов: «Диссертационная работа Т.Д. Джанузакова содержит много новых данных как по истории языка, так по этнографии, историко-культурной жизни народа, тем самым имеет большое теоретическое и практическое значение и имеет служить примером для выполнения аналогичной работы в других тюркских языках. Уверен, что научные выводы и основопологающие положения Т. Д. Джанузакова найдут применения в разработке различных проблем казахской лексикологии и в практике преподавания на спецфакультетах вузов республики, как это практикуется в других союзных республиках», – деп жазса, академик Ә. Марғұлан мен профессор Х. Арғынбаев: «Следует отметить, что автор в процессе работы над диссертацией всесторонне ознакомился с существующей историко-этнографической литературой как древней, дореволюционной, так и современной. Положительной стороной диссертации является и то, что автор не ограничивается анализом лишь казахских имен, но подвергает такому же анализу заимствованные имена собственные, приводит многочисленные сравнительные материалы из других тюркских и монгольских, тунгусских языков. На наш взгляд, историко-этимологические анализы этнонимов: аргын, уйсун, абдал, албан, канлы, дулат и др., а также установление автором древнейших форм множественного числа в этнонимах весьма ценны и убедительны. Труд тов. Джанузакова Т. Д. несомненно представляет большой научный интерес как для филологов, так и для этнографов и имеет большое практическое и теоретическое значение. Диссертационная работа содержит много новых данных как по истории языка, так отчасти и по этнографии, социально-культурной жизни народа. Исследование является новым и перспективным в казахской языкознании», – деп пкір білдірген.

ҚР ҰҒА академигі Ә.Қайдар «Еңбегі бардың өнбегі бар» атты мақаласында Телғожа Жанұзақ туралы: «Ғылымға беріліп, бар ғұмырын туған тілін зерттеуге арнаған ғалымның қарымы кең, өресі ауқымды. Ол қазақ тілінің ономастикасы, лексикография, терминология, орфография, статлингвистика және халық ауыз әдебиетінің көне жанры – халық жұмбақтарын жинау, бастыру, зерттеу және аударма мәселелерiмен шұғылданды», – деп жазған-ды. Бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Жанұзақ ағайымыздың орыс әдебиетiнiң классигі – А. Куприннiң әңгiмелерiн, балалар жазушысы – А. Гайдар, В. Бианкидің шығармаларын қазақ тiлiне аударғанын екінің бірі біле бермейді.

Ғалым 1959 жылы «Қазақ халық жұмбақтары» деген кітап шығарған. Кітаптың алғы сөзін академик М. Әуезов жазып: «Қазақ жұмбақтарының жинақ болып, екiншi рет баспасөзде шығуы біздің әдебиетiмiз бен ғылымымызға қосылған құнды қазына екені даусыз. Еңбектiң осы басылуына лайықты қосылған жаңа жұмбақтарды және айтыс жұмбақтарды институттың ғылыми қызметкерi Жанұзақов Телғожа орындады», – деп баға берген. Телғожа Жанұзақ 1964 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» «Қазақ жұмбактары» атты тарауын жазған, 1968 жылы профессор Н.С. Смирнованың тапсыруы бойынша «История казахской литературы» атты монографияның «Казахские загадки» тарауын жазған авторлардың бiрi.

Профессор Телғожа Жанұзақтың ізденімпаздығына, қажымас қайратына тәнті болған ғалым, мемлекет қайраткері Н. Ондасынов 1987 жылы Мәскеуден жолдаған хаттарының бірінде: «Көптен бері көре алмай, сағынған асыл інішек, Телеке! Ардақты халқымның «Інісі бардың тынысы бар» деген дана сөзі еске жаңаша қайта оралды. Хатыңыздан байқағаным, ерінбей көп творчестволық еңбек етіпсіз. Ол үшiн сiзге мың да бiр рахмет! Халық алдында толық жауапкершілік пен тиянақтылық қызмет атқару барлық адамда бола бермейді. Ізденіс, еңбекқорлық – тек нағыз ғалымға ғана тән қасиет. Қарт ағаңыздың шын тiлегi осы қасиет сiзге дайымы Қыдырдай серік болсын» деп жазған екен.

Телғожа Жанұзақ қазақ тіл білімінде соны жол тауып, ономастика­ның түрлі салалары бойынша ғылыми еңбектер жазумен қатар шәкірт даярлау ісіне де ерекше мән берді. Ғалымның жетекшілігімен 6 докторлық, 15 кандидаттық диссертация қорғалды. Телғожа Жанұзақ 1979-1984 жылдары С.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Қазақ ұлттық университетінде, 1992-1995 жылдары Абай атындағы мемлекеттік университетте дәріс оқыды. Әр жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған кеңестің мүшесі болды.

Қазақ тіл біліміне, қазақ ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде профессор Телғожа Жанұзақ 1984 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты болды; он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастыруға қатысқаны, редакциялық алқасында еңбек еткені үшін 1988 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды; 1991 жылы «түркі тілдері» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді; 1995 жылы Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды; 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының» иегері болды; 2007 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі берілді; Қазақстан Республикасы Президентінің «Ерен еңбегі үшін» марапатының иегері болды. 2022 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақ ғылымдағы ерен еңбегі үшін ғалым ҚР Президентінің жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Орденді Ғылым және жоғары білім министрі – Саясат Нұрбек ағайымыздың шаңырағына арнайы келіп, табыстады.

Ағайымыздың өмірлік серігі – Ерғазиева Нарима апайымыз – филология ғылымының кандидаты, профессор, 100-ге тарта еңбектің, оның ішінде 14 ғылыми-әдістемелік оқу құралы мен 55 ғылыми мақаланың авторы. 1956 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1972 жылы «Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Алматы технологиялық университетiнде 40 жыл ұстаздық еткен, кафедраны басқарған. Телғожа ағайымыздың «Наримашқа», «Балаларымның асыл анасы», «Жан жарыма», т.с.с. өлеңдері асыл жарына ризашылығын көрсетумен қатар ғалым ағамыздың жаңа бір қырын танытады. Бүгінде ұлдарын ұяға қондырып, немере-шөбер сүйіп отырған Телғожа ағайымыз бен Нарима апайымыз – тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Ғылым жолында да, өмір айдынында да бір-біріне серік, сүйеніш болып жүрген ағайымыз бен апайымызға сүйсіне қарап, үлгі етеміз. Алла дендеріңізге саулық, бойларыңызға қуат берсін! Телғожа ағайымыздың 100 жылдық тойында төрде отырып, бата беріп отыруларыңызды Алла нәсіп етсін!

 

Рысқұлов М., докторант

Жұбай О., филология ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессор м.а.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер