Бүгін “Қасіретті қаңтар оқиғасына” бір жыл толды. Осы уақыт аралығында не өзгерді? Билік қандай сабақ алды? Алда не істеуіміз керек? Осы сұрақтарға қоғам белсендісі, режиссер Еркін Рақышев “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында жауап берді.
Қоғам белсендісінің айтуынша, “Қаңтар оқиғасынан” кейін билік халықтың сөзіне аздап құлақ асатын болған.
“Бұрынғыға қарағанда бүгінгі билік халықтың сөзіне, қоғам белсенділерінің сөзіне аздап болса да, құлақ асатын болған. Оны былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін өзіміз де байқадық. Сол кезде мыңдаған түрмеге қамалған азаматтарды, оның көпшілігі жазықсыз қамалған еді, соларды, оның ішінде азын-аулақ заң бұзғандарды да билік босатты. Одан бөлек, қиналып, кредитін жаба алмай жүрген жандардың “несиесін жауып береміз” деп те түрлі осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл енді құптарлық іс.
Алайда билікке ұсыныстарымыз көп. Мен “Қаңтар комиссиясының” мүшесі болғандықтан айтып кетейін. Әлі де түрмеде жазықсыз отырған азаматтар бар, саяси көзқарастары үшін отырған саяси түтқындар бар. Билік халыққа жақындаймыз десе, оларды босату керек.
Қайтыс болған азаматтардың туыстарына билік аз да болса көмектерін беріп жатыр. Бірақ оның ішінде бала шағалары әлі кішкентай, асыраушысынан айырылған, тұрмысы өте төмен жандар көп. Пәтер жағалап жүрген жандарға билік үй алып беруге жағдай жасау керек. Өйткені, олар отбасын асырап отырған азаматтардан айырылып отыр. Оған билік кінәлі”, - деді Еркін Рақышев.
Сонымен қатар, режиссер билікке халыққа жақын болып, қоғам белсенділерімен пікірталас ұйымдастыру керегін айтып, талап қойды.
“Саяси реформа жалаң ұранға негізделмей, шынайы жасалу керек. Бұрынғыдай “халықты алдап қоя саламыз” дегенді қою керек. “Өтіріктің арты бір тұтам” деген мақалдың шындыққа айналғанын біліп жүрміз. Сондықтан саяси реформа жасай ма, жасасын. Әділ сайлау өткізе ме, өткізсін. Халықты бұрынғыдай алдай алмайды, оны қою керек. Егер билік халыққа шынайы бет бұрмаса, оның арты тағы Қаңтарға ұласатынын өздері біліп отыр.
Билік бұдан сабақ алу үшін “қаңтар қасіреті” неден шықты? Оны білу керек? Оның шыққан себебі, биліктің 30 жыл жүргізген саяси-сауатсыз экономикалық саясаты көзбояушылыққа, жалаң ұранға негізделген саясат кінәлі. Халықты алдап, бар қазба байлықты ұрлағаны кінәлі. Нәтижесінде халық жұмыссыз, кедейшілік пен қымбатшылық белең алды. Осының арты халықтың наразыллығына, көтерлісіне алып келді. Қазіргі таңда билік “Қаңтар оқиғасынан” сабақ аламыз десе, бұл қайталанбасын десе, халықтың жағдайын жасасын. Әділетті қоғам орнатамыз деп жай айта салмай, оны шынайы орнататын ниеттерін халыққа көрсетсін. Қоғам белсенділерімен жиылып, пікірталастар ұйымдастырсын. Олар ұйымдастыруға қорқады. Себебі, біз бетпердесін ашып береміз. Сондықтан билік шынайы реформа жасаймын десе, қоғам белсенділерімен бір столда отыру керек. Олардың талаптарына құлақ асып, соларды орындау керек! Бұдан басқа қоғам белсенділеріне ештеңе керек жоқ. Біз халықтың сөзін билікке жеткізіп жүрміз және оның орындалуына ықпал етіп жүрміз.
Халықтың билікке деген сенімі болмай, мына биліктің күйбен тіршілігінен ештеңе шықпайды. Халық пен билік бір жұдырық болып алға жылжуы керек. Сондықтан да мына билік бүгінгі күні халытың көңілін табу керек. Халықтың көңілін табу үшін бірінші ашықтық керек. Әрбір жасаған жұмысты, жоспарларын халыққа түсіндіріп айтып, ақылдасып отыру керек. Елдің арасындағы білімді, озық ойлы, алғыр азаматтарды өзіне тарту керек. Міне, министрлерді алмастырып жатыр, неге оны халыққа түсіндіріп айтпайды? Халық оны білмейді. Халықты менсінбегенді, халық та менсінбейді. Егер “Жаңа Қазақстан”құрамыз, бағдарламамыз орындалады” деген ниеттері шын болса, шынайы реформа жасап, халыққа бет бұру керек”, - деді Еркін Рақышев.