2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойды. Содан бері аталған комиссия құрылып, саяси қуғын-cүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Комиссия өз жұмысын 2023 жылы аяқтады.
ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарына 425 ғалым, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Олардың 260-тан астамы өңірлік комиссияларға тартылды. Олар республика бойынша 60 мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда жұмыс істеді.
Жұмыс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Алайда, қазіргі таңда комиссияның атқарған жұмысы халыққа қалай дәріптелуде?
Бұл туралы Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, тарихшы Темірғали Аршабеков айтып берді.
“Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссияның жұмысы күрделі, әрине. Себебі, жабық және ашық қорлармен жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Жабық қор – прокуратурадағы, басқа да ішкі органдармен жұмыс атқару болатын. Бір ғана Қарағанды лагерінің (КарЛаг)өзінде 1 миллионға жуық адамға жеке іс ашылған екен. Яғни, 1 миллионға жуық адам жазасын өтеді. Жазасын өтегендердің ең көбі 58-бап, яғни “Отанын сатқандарға” арналған баппен сотталған.
Комиссияның атқарған нәтижесінде 2022 жылы 33 том үлкен жинақ шықты. 2023 жылы Алматы қаласында тарих және этнология бастамасымен 45 том басылды. Сонымен қатар, әр облыста, аймақтарда бұл жинақтарға кірмей қалған, тағы да қосымша әр өңірдің билікшілігіне байланысты, өзіндік жинақтар шықты. Бұл өте үлкен еңбек.
Сонымен қатар, 331 адам ақталды. Әлі де болса, ақталатын тұлғалар бар. Бұл енді ішкі істер органдарының ісі. Оны толықтай зерттеп, нәтижесін шығарады. Өйткені, ол кезде “Отанын сатқандармен” қоса, әртүрлі баптар өте көп болатын. Бірақ барлығы жалпы тізімде тұр”, - деді тарихшы.
Сонымен қатар, Темірғали Аршабеков атқарылған жұмыс нәтижесі тек жинақ болып қалмауы керегін айтты.
“Қазіргі кезеңде саяси қуғын-сүргін құрбандарын насихаттау жұмысы әлі алда тұр. Тек жинақтаумен шектеліп қана қоймайды. Мен атаған екі жылдың жинақтарының барлығы кітапхана, оқу орындарына таратылды. Барлығына қолжетімді.
Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы аталған жинақтармен тоқтап, 31 мамырда ғана еске алып қоймау керек. Бұл әрі қарай зерттеле беру қажет. 2-3 жылдың көлемінде бәрі толық зерттелді деп айта алмаймыз. Саяси қуғын-сүргіннен бөлек, аштық мәселесі өте өзекті. Өйткені, 3,5 млн халық қайда кетті? Аштықтың зардабы қалай болды? Бұл туралы ғылыми жинақ шықты. Алайда, әлі де болса нақтылай түсетін тұстары көп. Соның ішінде айтар едім: 1930-жылдардағы бұрын ешқайда жарияланбаған, араб қарпімен жазылған жазба құжаттар, хаттар, өтініштер мен есептер бар. Бұл толық Қазақстан көлемінде қолға алынған жоқ. Біз Қарағанды бойынша қолға алып, зерттеп жатырмыз. Қазір екі ауданның құжаттары аударылды. Келешекте ғылыми жинаққа айналдырамыз. Алайда, бұл тек бір ғана аймақта атқарылмау керек. Қазақстанның барық аймағындағы ғалымдар білек сыбанып кірісуі қажет. Өйткені, бұл — тарих. Ал тарих ешқашан ұмытылмауы керек”, - деді Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабеков.
“Адырна” үлттық порталы