“Оқушылардан ұялсаңыздаршы”. Оқулық авторларының қателігін оқушы әшкере етті

7644
Adyrna.kz Telegram

Оқулық авторларының қателігін 2-сынып оқушысы әшкере етті. Бұл туралы журналист Дина Имамбай фейсбук парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, белгілі ақын Қуат Адистің қызы оқулықта әкесінің өлеңін өзге ақынның өлеңі деп қойғанын байқаған.

“Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” деген осы. Жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған “Әдебиеттік оқу кітабының” авторлары Б.Қабатай, В. Қалиева және Ү. Зейнетоллина оқулыққа ақын Қуат Адистің өлеңін белгілі балалар ақыны Қастек Баянбаевтың атынан берген. Қуаттың 2-сыныпта оқитын қызы әкесінің өлеңін танып, авторы қате жазылғанын байқаған.

Оқулық авторлары, басқадан ұялмасаңыздар да кішкентай оқушылардан ұялсаңыздаршы!

Оқулыққа енгізілетін мәтіндерді интернеттегі күмәнді дереккөздерден алып құрастыру репутацияларыңызға сын!

Қуат Адис - балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы, танымал ақын”,- деп жазды ол.

Сондай-ақ, Дина Имамбай оқулық авторларына қазақ әдебиетінің қазіргі классигі Байбота Қошым-Ноғайды кеңесшілікке шақыруына кеңес берді.

“Балалар ақындары мен жазушыларын танымасаңыздар, қазақ әдебиетінің қазіргі классигі Байбота Қошым-Ноғайды кеңесшілікке шақырыңыздар.

Байбота аға - он томдық “Қазақ балалар әдебиеті антологиясының” құрастырушысы.

  • Оқу-ағарту министрлігін ұятқа қалдырған оқулық авторлары марқұм Қастек Баянбаевтың отбасынан және Қуат Адистен кешірім сұрауы тиіс.
  • Мына оқулық түгелдей қайта тексерілсін, жұмысына жауапсыз авторларға айыппұл салынсын. Әйтпесе оқулық саласындағы былық тоқтамайды.
  • Сапасыз оқулық балаларды қазақ мектебінен бездіруге әкеп соғады. Бұл ұлт мектебіне жасалып отырған қастандықпен тең”,- деп жазды журналист.

 

Ақын Қуат Адис те ренішін жасырмады.

“Кеше 2 сынып оқитын қызым "Сіздің шын атыңыз Қастек Баянбай ма?", — деп сұрайды. Түк түсінбей "Жоқ, балам, Қастек Баянбай қазақтың үлкен ақыны ғой", — деймін мен. Қолындағы кітабын көрсетіп, "Мынау сіздің өлеңіңіз ғой. Мен бәрін жаттап алғанмын. Бірақ, мына жерде сол адамның аты жазылған, суреті де басқа", — дейді қызым таңырқап. Қарадым. Расымен, 2 сыныптың "Әдебиеттік оқу" оқулығында менің "Дәрумендер дауасы" деп аталатын өлеңімнің екі шумағын Қастек Баянбайға теліп жіберіпті. Әуелде басқа ақынның өлеңін көшіріп жазғандай болып қызымнан ыңғайсызданып қалдым. Мүмкін, сәйкестік шығар дейін десем, өлеңімнің үтір, нүктесіне дейін танып тұрмын. 2021 жылы жарық көрген кітабыма енген. Тіпті ол кітапты "Дәрумендер дауасы" деп те атағам.

Бірден байбалам салмайын деп байыппен қарап шықтым. Аталған оқулық биыл, яғни 2022 жылы "Атамұра" баспасынан шығыпты. Алғашқы бетіне "Оқулық бастауыш білім беру деңгейінің 2-4 сыныптарына арналған "Әдебиеттік оқу" пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалды" деп жазылыпты”,- деді Қуат Адис. 

Сондай-ақ, ол оқулық авторларының тексерілмеген сайттан алып, кітапқа жариялай салатынына қапалы.

“Мүмкін, осыған ұқсас өлеңдері бар шығар деген оймен үйдегі кітапханамда бар Қастек Баянбайдың кітаптарын бірнеше мәрте қарап шықтым. Таба алмадым. Болмаған соң Гуглға кірдім. Міне, қызық! bilim all, zharar сайттары "Дәрумендер дауасын" толықтай жариялап, авторын Қастек Баянбай деп көрсетіпті. Бақсам, бақа екен демекші, кілтипан осы жерде сияқты. Кітапты құрастырушылар өлеңді әлгі сайттардан алып, оқулыққа қотара салған. Авторын нақтылауға құлқы болмаған немесе ерінген. Жауапкершілік бар жұмыста да болуы керек қой. Бірақ, ұрпақ тәрбиесі үшін қолға алған игілікті жұмыста жауапсыздық танытқандарға не деуге болады?

Бұған дейін де мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер айтылып, жазылып келеді. Әйтсе де, тыныс белгілері немесе әріптік қателер емес, тұтас туындының авторларын шатастырғандарын түсіне алар емеспін.

Қастек Баянбай менің ғана емес, біздің буынның ең сүйікті ақыны, тәтті өлеңдерімен тәрбиелендік. Балалар әдебиетінің классигіне екі шумақ өлеңімді қимай отырғаным жоқ, тек сондай тұлғаны біздей пақырдың деңгейіне түсіргендерге айтар сөзім болмай отыр...”,- деді ақын.

Пікірлер