Салт пен дәстүрдің бірі - саятшылық
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жасалып жатқан басты шаруалардың бірі – жоғалтқанымызды қайта түгендеу. Соның бірі – ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қайта қарап, қалпына келтіру болса, екіншісі – халық санасынан өшіп кеткен жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың есімдерін қайтадан тірілту. Үшіншісі – ұмытылып кеткен жер-су, елдімкендердің тарихи атауларын қалпына келтіру. Төртіншісі – ұлттық тағамдарымызды әлемдік деңгейде таныту. Бесіншісі – сан ғасырлық тарихы бар салт пен дәстүрімізді, ұлттық спорттық ойындарымызды барынша насихаттау. Міне, бұл бағыттағы жасалып жатқан шаруалар осылай жалғасып кете береді.
Біздің төмендегі бір-екі ауыз әңгімеміз ұлттық салт пен дәстүрге, оның ішінде саятшылыққа байланысты болмақ. Салт пен дәстүр дегеннің өзі күнделікті тұрмыс-тіршілікке байланысты – торқалы той, топырақты өлімде жасалатын жоралғылар; күнделікті ырым-тиымдар; ауыз әдебиеті саласындағы – айтыс, жаңылтпаш, жұмбақ айтысу т.б. болып кете береді. Осындай дәстүрлеріміздің бірі – аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнері.
Бұл да бүгінгі күні қайта жаңғырып, халықтан қолдау тауып жатыр. Әсіресе атбегілік. Қазір өзіміз білетін қыз қуу, аударыспақ, теңге алудан басқа, өткен жылы асау үйретуден де республикалық байқау болып өтті. Қалтасында қаржысы бар адамдар шет елдерден жүздеген мың доллар тұратын сәйгүліктерді сатып әкеліп, бәйгеге салып, қанжығаларын майлап жүр. Қазіргі бәйгелердің жүлдесі де осал емес. Мысалы, иесіне бір жылда қымбат бағалы бірнеше автокөлік алып беретін жүйріктері бар. Қарап тұрсаң, осының барлығы да жақсы-ау, бірақ неге біз ағылшынның тірсегі майысқан мәстектеріне қарап қалдық? Заманында 50-60 шақырымға талмай шапқан өзіміздің қазақы жүйріктердің тұқымы қайда кеткен деп ойлайсың.
Ит ұстап жүрген азаматтарға да айтарамыз осы. Қазір қайсыбір жігіттер ит өсірумен де айналысады. Бұлардың да көбі сол баяғы қалта қамын ойлап, ақшы тігіп, ит таласына салу үшін асырайды. Бірақ, бұл біздің салт-дәстүрімізден тыс әдет, кейіннен келген нәрсе. Бұлар да иттерді өздері өсірмейді, күшіктерін сатып алады. Осыған қарап отырып тағы да, қазақтың баяғы үйірлі қасқырға жалғыз шабатын бөрібасарларының тұқымы қайда кеткен деген ойға қаласың.
Тіпті, бұл секілді иттердің болғаны қазір кейбіреулерге ертегі-аңыз секілді болып естіледі. Бірақ болғаны рас. Біздің бүгінгі әңгімемізге өзек болғалы отырған – сонау екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде, одан кейінгі жылдары аймаққа аты шыққан Сұркиік атты тазы. Ескерте кетейік, біздер ауыз үйренген әдетпен, жақсы итті «тазы» деп атай береміз. Тазы деген елдің түсінігі бойынша жүні тықыр, құлағы ұзын, қол-аяғы сидаң, жүгіріске ыңғайлы ит. Ал көргендердің айтуы бойынша, Сұркиіктің бұндай иттерден тұрқы бөлек: ірілігі кіші-гірім тайыншадай, басының үлкендігі де тана-торпақтың басындай, жүні жырта-қарыс, сарғыш-сұр түсті екен. Екі қасиеті болыпты: ит болып кісіге үрмейді екен және басқа итпен таласуды білмеген.
Иттің сырттаны Сұркиік
Астанадан Ерейментауды басып, Павлодарға қарай жол жүрген адам біледі, Ерейментау ауданының шекарасы бітер тұста Өлеңтінің өзені ағып жатыр, асфальт жол осы өзеннің үстімен өтеді. Бұл өзен сонау ерте замандардан-ақ Ерейментауды жайлаған Қанжығалы елі мен Баянауылды қоныстанған Сүйіндік елінің арасындағы шекара болған. Қазіргі күнде де, Павлодар мен Ақмола облыстарының арасындағы шекара іспеттес болып жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Өлеңті өзені кешегі патша заманынан бері екі елдің арасындағы не түрлі дау-дамайға себеп болып келген. Қанжығалылар сүйіндіктерді Өлеңтіден әрі өткізбейміз десе, сүйіндіктер оларды бері өткізбейміз деп, үнемі тартыста жүрген. Осының аяғы ақыры, 1831 жылы «Ереймен жанжалы» деген атаумен тарихта қалған қанды оқиғаға ұласады...
Бір қызығы, кеңес өкіметі орнағасын да, Өлеңтінің өзені екі облыстың арасында шекара болып қалған. Осы өзеннің бергі бетінде Ажы, Бозтал деп аталатын екі сүйіндік ауылы бар. Бұл ауылдар 1939 жылға дейін Павлодар облысының Баянауыл ауданына қараған. Бірақ Баянаула Өлеңті бойынан 200 шақырымнан артық жерде тұр. Ол уақытта салт атпен жүретін кез, Баянауылдан шыққан аудан өкілдерінің Бозтал мен Ажыға қатынасуы қиын болады. Тіпті, қыс ішінде ауданнан өкіл болып шыққан бірер адам далада үсініп қалса керек. Осыдан кейін Баянауыл жағы «бұл екі ауылды бізден алып, Ақмола облысына беріңіздер» деп жоғары жаққа өтініш жазады. Сөйтіп, Ажы мен Бозтал 1939 жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданына берілген екен. Әңгімемізге өзек болып отырған Сұркиіктің иесі Мешітбай Айтжанұлы деген кісі осы Ажы ауылының адамы.
Ұзамай,Ұлы Отан соғысы басталады. Жаңағы Баянауылдан бөлінген екі ауылды Ерейменнің тау ішіндегі ауылдарына қосып, колхоз құрады. Жоғарыда аталған Ажы ауылын қазіргі Ерейментау қаласының сыртында 15-20 шақырым жерде тұрған Жарық деген ауылға қосып, бір колхоз етеді. Колхоздың төрағалығына Әндіржанның Қалиәкпары деген кісі тағайындалып, Айтжанның Мешітбайы оның орынбасары болады.
Бұл екі адамды, шынын айтқанда құдай қосқан деуге болады. Қалиәкпар Қанжығалының Лабашы деген атасынан тарайды, өзі елге сыйлы, түсінігі мол және аңшылыққа құмар, сері көңіл адам болса керек. Ал, Мешітбайдың түп тегі Баянаула-Қызылтаудың сүйіндігі, оның ішінде Құлболды-Күлік, өзі домбыра шертіп, ән салатын, серілік, саятшылығы бар адам екен.
Соғыстың қайнап тұрған кезі. Сол уақытта төменгі Ақкөл-Жайылма елінен Сұркиік деген алғыр тазының атағы шығады. Иесі Рымжан деген адам саятшылықтан алыстау, қарапайым кісі болса керек. Тазының алғырлығы сондай, иесімен ат шананың үстінде келе жатып, кездескен қасқырды өзі қуып жетіп, ала береді екен. Сұркиіктің атағын естіген Қалиәкпар мен Мешітбай қалайда алғысы келеді. Ақыры Ақкөл-Жайылмаға барып, Рымжанмен жолығып, оның тілін тауып, тазыны саудалап алуға сөз байласады. Сөйтіп, Рымжанға бір құнан, бір құнаншығар тайынша, үш пұт астық беріп, тазыны алып келіпті.
Байқасақ, тазының өтеуіне берген мал мен астық ол кезде әркімнің қолы жете бермейтін байлық деуге болады. Бұндай іске бару Сталин заманында нағыз бас кететін шаруа. Халық бір уыс бидай үшін сотталып жатқанда, бұлар бұндай қадамға қорықпай қалай барған деп ойлайсың. Дегенмен саятшылық, аңшылық құмарлық ештеңеге қаратпаса керек. Оның үстіне сол кездегі халықтың ауызбірлігі де мықты болғанға ұқсайды. Әйтпесе біреу-міреу «түртіп» жіберсе, екеуі де айдалып кете барады ғой.
Бірақ, кейін Қалиәкпар сынды асыл азамат түкке тұрмайтын бір іс үшін ұсталып кетіп, содан оралмапты. Әңгіме былай. Ол кісі соңынан Ерейментаудағы «Алғабас» колхозының төрағасы болып ауысады. Колхоздардың әлі жүдеулеу уақыты. Мал бағуға мінетін ат та жоқ. Қалиәкпар сол төңіректен өтіп бара жатқан сығандарға құнан өгіз беріп, малға мінетін бір мықты ат айырбастап алса керек. Кейін осыдан көрсетінді болып, біржола кете барады.
Енді, Сұркиік жайлы әңгімеге ауыссақ. Көзі көрген ақсақалдардың айтуынша, Сұркиік сары-сұр түсті, тұрқы биік, басының үлкендігі тайынша-тананың басына парапар, қол-аяғы жуан, жүндес ірі ит болыпты. Бір ерекшелігі, топты қасқырға жалғыз шаба береді екен. Негізгі әдісі – жетіп алған соң, бір бүйірге қарай шығып кетіп, қасқырды екпіндеген бетте омыраумен соғады екен. Төрт-бес домалап кеткен бөріні алқымынан бірер мытып алып, әрі қарай басқасын қуып кететін деп қариялар жырдай қылып әңгімелеп отыратын бала күнімізде. Сұркиіктің тағы бір ерекшелігі, адам таңдамайды екен. Бала апарып қосса да, үлкен қосса да, көзіне көрінген қасқырды ала берген. Ол уақытта ит-құстың мол кезі. «Қасқыр ауылдың іргесіне дейін келеді, кейде өзенде мұзда ойнап жүргенімізде, анадайдан қасыр көрсек, «кәһ-кәһлап» ауылдан Сұркиікті шақырып аламыз да, қосып жібереміз, әлгі қасқырды тағы сондай жер жібермейді, қағып түсіретін» – деп еске алады соғыс уақытында бала жасында болған қариялар.
Сұркиіктің тағы да бір қасиеті, ешқашан бөтен итпен таласпаған дедік. Тіпті мазасын алып, ауыз салмақ болғандар болса, оларға басын сәл бұрып, азу тісін көрсетіп, бір «ыр» етіп, жүре береді екен. Және бір ерекшелігі – ит болып кісіге үрмеген. Сұркиікті ауыл адамдары ит емес, дәл бір адам секілді сыйлаушы еді, Мешеңмен (Мешітбай) еріп қонаққа бірге барса, үй иесі оның сыбағасын алдына бөлек салып береді дейтін сол заманды көзі көргендер. Кейде өзі ауылды аралап, үй-үйлерге кіріп, кей үйдің төріне шығып, арыстай болып жататын көрінеді. Барған үйі «Сұркиік келіп қалды» деп, құр жібермей, аузына бірдеңе тосады екен.
Сол уақыттардан жеткен, бала күнімізден құлағымызда қалған мынадай бір әңгіме. Соғыс уақыты. Ауыл аралап жүрген Сұркиік үйренген әдетімен бір үйге кірем дегенде, әлгі үйдің әйелі: «Кетші әрі, өзіміз тамақ таба алмай отырғанда, сен-ақ сүмеңдеп келе береді екенсің!» – деп, қолындағы көсеуімен сілтеп қалыпты. Сұркиік үн-түнсіз шығып жүре береді. Кейін осы әйел әлде бір шаруамен Мешеңнің үйіне барғанда, ғұмыры кісіге қарап үрмейтін Сұркиік әлгі әйелге қарап арс ете қалыпты. Сол кезде тұмсығының ұшы әйелдің кеудесін сәл ғана жалап өтсе керек. Кейін осы әйелдің кеудесіне жара шығып ауырып, ақыры содан қайтыс болады.
Тағы бір әңгіме. Бірде Мешеңе еріп Жарық ауылына барған Сұркиікке сол жердегі бір есерсоқ адам ит қосып, тас атып, әбден әуре қылса керек. Кейін сол адам салт атпен Ажыға келмей ме. Әлгіні көрген Сұркиік атылып барып, аттың үстінен қағып түсіріп, алдыңғы екі аяғымен кеудесінен басып біраз тұрады. Жаңағы байқұс есінен танып қалыпты.
Бала күнімізде елдің үлкендері Сұркиік жайлы небір әңгімелерді айтып отырушы еді. Бірақ оны зерделеп тыңдаған кім бар. Енді міне, Сұркиік туралы есте қалған шамалы әңгіме осы ғана. Қазір Сұркиікті көзімен көрген қариялар да таусылып бітті. Ал, кезінде бұл туралы дерек іздеп, жаза қойған адам жоқ секілді.
Енді Сұркиіктің тұқымы қайдан шыққан деген әңгімеге келсек, негізі Ерейментаудың өзінің көкқасқа тазыларының тұқымы деген сөз бар. Бұлар сонау Бөгенбай заманынан қазақ даласына әйгілі болған, ерейментаулық көкқасқалар деседі. Және қоян мен түлкі қағаты шиборбай, тықыр жүнді тазылар емес, үлкендігі кіші-гірім бұзау-тайыншаға бара-бар, қол-аяғы сом, жүні қарыстан асатын, азулы, ірі тұқым болған.
Оның үстіне, Ақкөл-Жайылма жерін ерте замандардан бері Тентек-Қанжығалы болысы жайлаған, Ереймендегі елмен түбі бір ағайын. Тіпті бұл болыс 1883 жылға дейін Ақмола уезінің құрамында болып, Ерейменнің тауларын қыстап жүрген. Сондықтан көкқасқалардың тұқымы Ақкөл жақта болуы әбден мүмкін.
Осы көкқасқа тазылардың тұқымы – айтулы екі аққасқа тазыны 1925 жылы Әлкей Марғұлан Ерейментаудың оңтүстік-шығыс бөктеріндегі бір ауылда тұратын Оспан деген аңшыдан қалап алып, Семейге Мұхтар Әуезовке Ертіс арқылы кемеге салып апарып бергенін «Еңбекпен өткен өмірім» атты мақаласында жазады. Осыдан кейін көкқасқалардың тұқымы Шыңғыстау өңіріне де тарап кетіпті.
Енді, Сұркиік әңгімесіне қайтадан оралсақ, одан тараған талай-талай алғыр тазылар болған. Бірақ кейін құнттайтын адам болмағасын, олар да таусылып немесе басқалармен қаны араласып, азынып кеткен секілді.
Баянауылдың Егіндібұлақ ауылында тұратын Теміртай атты ақсақал мынадай бір әңгіме айтты: «Елуінші жылдардың іші болатын. Ол кезде біздер Қарағанды облысындағы Ульянов ауданының (қазіргі Ботақара) орталығында тұрамыз. Бір жылы сол ауданның прокуроры Ерейментау жағына барып, Сұркиіктің бір баласын сатып алып келді. Әлгі итті алғаш көрген адам арыстан деп қалардай. Жүні жырта-қарыс, өзі өте ірі. Бір өкінішті жері, прокурор итті сатып алғасын, жүк машинасының қорабына салып, он бес-он алтылардағы бір інісін иттің қасына отырғызыпты. Әлгі бала иттің шынжырының бір ұшын беліне байлап алады. Осылай келе жатқанда, далада жортып жүрген бір қасқыр кездесіп, оны көрген ит машинаның қорабынан бір-ақ секірмей ме. Шынжырға байлаулы бала да бірге кетеді. Сөйтіп аяқ астынан прокурордың інісі жолшыбай қаза болып кетеді...
Елге келген соң, прокурор әлгі итке талай қасқыр алдырып жүрді. Дегенмен, бір күндері басқа жақққа қызметі ауысып, ол көшіп кеткен соң, ит иесіз қалды. Тамақ беріп, сүйек-саяқ тастайтын адам жоқ. Осылай ашығып жүрген ит бірде өзеннің жағасында ауылдың тайыншасын жарып жеп жатқан екі қасқырды көріп, әлгілерді қуып жіберіп, жемтікті өзі жәукемдейді. Осыдай кейін бұл ит қарыны ашқанда, ауылдың малына шабатын болды. Бірде ауылдың бір адамының жалғыз сиырының бұзауын жарып жепті. Әлі есімде, әлгі адам итті ұстап алып, бір бағанға байлап, үйінен мылтығын алып келді. Біз бір топ бала қызықтап қарап тұрмыз. Сөйтіп жаңағы адам итті он жеті рет атқанын санадық. Әлде мылтығының оғы әлсіз бе, әлде ит мықты ма, әйтеуір әрең деп құлатты. Бірақ, иттің обалы жібермеді, ертеңінде әлгі адамның үйінен түтін шықпағасын көршілері барса, төсегінде қатып қапты дейді».
...Сұркиікті қартайған шағында бір жасөспірім бала ауыл маңынан көрінген қасқырға қосады. Жонға қарай жыта қашқан бөріні қуып жеткенімен, баяғыдай кеудемен соғып құлататын хал жоқ. Қасқырға үш-төрт мәрте ауыз салады. Бірақ, тісі мұқалған қызыл иек сарт етіп шығып кете берсе керек. Қасқырды ала алмасын білген Сұркиік қайтып келіп, қораның төбесіне шығып, екі-үш күндей назаланып жатып, жан тапсырыпты. Мешітбай саятшының баласы, қазір Екібастұзда тұратын Жұмабек Айтжанов ағамыздың айтуынша, бұл 1952-53 жылдардың шамасы болса керек.
Бала күнімізде, Мешең үйінің қорасының артындағы қалың шидің ішінде бір кішкентай төмпешік болатын. Соны үлкендер Сұркиік жерленген жер деуші еді. Бүгінде ол да жермен-жексен болып кетті. Міне, ел ішінде «Мешітбайдың Сұркиігі» атанған иттің сырттаны жайлы біз білетін аз әңгіме осындай.
Сайлау Байбосын