Тегіңді тану - өзіңді тану

6768
Adyrna.kz Telegram

«Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды…»,-деген екен бүкіл саналы ғұмырын халықтың руханиятын көтеруге жұмсаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл әулие (1822-1915).

Халқымыз әр нәрсенің «арғы тегін», «шыққан тегін» білуге қашанда үлкен мән берген. Тек – адамның түп нәсілін, арғы атасын білдіретін тарихи ұғым. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «текті» сөзіне келесідей анықтамалар берілген: «1) шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес; 2) тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл». Яғни, тек бұл тұқым жалғастығы ғана емес, бұл ұрпақтың сапалық деңгейін айқындайтын көрсеткіш. Демек, қазақта тектің физиологиялық тұқым жалғаудан бөлек, адам ұрпағының сапалық белгілерін айқындайтын индикатор екендігін аңғаруға болады. Ежелден, ата - бабаларымыз тектіліктің деңгейлерін тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, халықтың тектілігі деп ажыратқан.Дала философтары болған ата-бабаларымызға қалай риза болмассың?!

Халқымызда «Тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан» деген сөздер ұғымдар бар. Алла жаратқан барлық тіршілік иесі қашанда өз тегіне тартып туады. Ешқашан бір тектен екінші текке өзгермейді. Бұл тіршіліктің бұлжымас заңы. Жаратушының күші. Мысалы суда тіршілік ететін балық тек балықты туады, балық болып өмір сүреді. Ол бақаны тумайды және бақа балық болып өмір сүрмейді. Құдай жаратқан барша тіршілік иесінің тегінде жазылған көбею, ұрпақ жалғастыру, оны өсіру, тәрбиелеу тәсілі бар. Осындай тұқым қуалау жолымен қандай тіршілік иесі болмасын ұрпағын жалғастырады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-деген қазақ мақалы осы тек, ұрпақ өрбіту, оның баулу мен тәрбиеге байланысты туғаны хақ.

Кейбір жандар басына ауыр сынақ түсіп қиналғанда, ауыр науқастанғанда немесе өмірінде күрмеуі қиын мәселелер кездескен уақытта: Мен кіммін?, Қайдан келдім?, Не үшін келдім? Қайда барамын?, Неге бұлай?, Неге менің басымнан мұндай жағдайлар өтіп жатыр?,-деп ойланатын, өзін-өзі жете танығысы келетін, отбасы тарихына тереңірек үңілгісі келетін сәті болады. Сөйтіп іздене бастайды. Іздену жолында баспаған тауы, бармаған жері қалмауы мүмкін.

Халқымыз ежелден тек тарихына, шежіреге ерекше мән берген халық.  «Өткенді білмей, болашаққа қадам басу және оны бағалау мүмкін емес». Өткенін бағдарлап  бағаламағанның келешекке деген сенімі де аз болады. Тегін тану, тегін білу әр адам баласы үшін өте маңызды. Өйткені өміріңізде жауабын таппай қиналып жүрген түйткілді мәселелеріңіздің шешімін тапқыңыз келсе, бабаларыңыз жүріп өткен ізге үңіліп, тамырыңызды зерттеп, зерделеңіз. Сонда «Кіммін, қайдан келдім, не үшін келдім және қайда барамын?,-деген сауалдың жауабын табарыңыз сөзсіз.

Бүгінде жастардың көбі біздің ұрпағымыз қандай болады?,-деп ойламайды. Өз басында туындаған көптеген аурулардың, агрессия мен депрессияның, тұйықтық пен оқшауланудың, тіл мен дінді ұмыту себептерін, рухсыздық пен тарихи зердесіздіктің себептерін түсіне алмайды. Тіпті, бұлардың қайдан келгенін де ойланбайды. Ал барлық мәселе осы текте жатыр. Ата-баба бойындағы барлық қиыншылықтар мен қарғыстар, күнәлар мен дерттер ұрпаққа айналып келіп соғуда. Өйткені көбі тегінен, төл тарихынан, тілінен, ділінен, ұлттық болмысынан қол үзген. Тек тарихын ұмытқан, жеті атасын білмейді.

Былтыр фейсбук желісіне «Сөздің киесі» жайлы бір пост жаздым. Жекеме тектанушы, халықаралық кәсіби родологтар лигасының Азия бойынша вице-президенті Әлия Сағымбаева хабарласып, «Сөздің күші» атты семинарына шақырды. Тектанушы Әлия Нұрпайқызымен таныстығымыз осыдан басталған,

Тектанушының пікірінше, адамның өміріне оның үшінші немесе төртінші буындағы ата-бабасының өмірінде болған жағдай ықпал етеді. Алла тағаланың әмірімен дүниеге келген сәбидің ата-анасы болады. Олар Жаратқанның жазуымен табысады. Олардың да өз ата-анасы болады. Осындай тізбек жалғаса береді, дәл сіздің өмірге келуіңіздің жолында қаншама жүздеген, мыңдаған адамдардың тағдырлары жатыр. Осының барлығы сіздің тегіңіз. Сіз сол тектің бір бөлігісіз. Тізбектегі соңғы бөлікті өзіңізден кейінгі бөлікпен біріктіріп тұрған бөлшексіз. Тізбектегі алдыңғы бөліктің рухани құндылықтарын, өнегесін, армандарымен мақсаттарын, тілектері мен үміттерін келесі ұрпаққа жеткізушісіз.

«Мың өліп, мың тірілген қазақ» халқының басынан кешпегені жоқ. Бұл ашаршылық нәубеті, саяси қуғын-сүргін, соғыс зұлматы. Әсіресе ХХ ғасыр – қазақ үшін өте ауыр болған. ХХ ғасырдың қасіреті қазақтың бойынан 3-4 ұрпақ алмаспай кетпейді. «Құны сұраусыз, өлімі жылаусыз» кеткен сол ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарының басынан өтіп жатқан оқиғалар мен сәтсіздіктердің себебі ата-тегінде жатуы мүмкін».

Халқымыз ежелден тек тарихына, шежіреге ерекше мән берген халық.  «Өткенді білмей, болашаққа қадам басу және оны бағалау мүмкін емес». Өткенін бағдарлап  бағаламағанның келешекке деген сенімі де аз болады. Тегін тану, тегін білу әр адам баласы үшін өте маңызды. Өйткені өміріңізде жауабын таппай қиналып жүрген түйткілді мәселелеріңіздің шешімін тапқыңыз келсе, бабаларыңыз жүріп өткен ізге үңіліп, тамырыңызды зерттеп, зерделеңіз. Сонда «Кіммін, қайдан келдім, не үшін келдім және қайда барамын?,-деген сауалдың жауабын табарыңыз сөзсіз.

Бүгінде жастардың көбі біздің ұрпағымыз қандай болады?,-деп ойламайды. Өз басында туындаған көптеген аурулардың, агрессия мен депрессияның, тұйықтық пен оқшауланудың, тіл мен дінді ұмыту себептерін, рухсыздық пен тарихи зердесіздіктің себептерін түсіне алмайды. Тіпті, бұлардың қайдан келгенін де ойланбайды. Ал барлық мәселе осы текте жатыр. Ата-баба бойындағы барлық қиыншылықтар мен қарғыстар, күнәлар мен дерттер ұрпаққа айналып келіп соғуда. Өйткені көбі тегінен, төл тарихынан, тілінен, ділінен, ұлттық болмысынан қол үзген. Тек тарихын ұмытқан, жеті атасын білмейді.

Халқымыз ежелден «арғы тегін», «шыққан тегін» білуге, тек тарихына, шежіреге ерекше мән берген. Ұрпағының бойына ата-тек тарихын, шежіресін сіңдіруге тырысқан.Кішкентайынан құлағына құйып жаттатқан. Шежіре бұл – ұрпақ дамуы, ата-баба даналығы мен олардың өмірлік тәжірибесінің заңдылықтары туралы көп ғасырлық ғылым. Сондықтан бүгінгі жастарға тектің тарихын үйрету арқылы кез келген адамның өмірі өткенімен тығыз байланысты екенін және болашақ ұрпағы өзінен бастау алатынын білдіру қажет.  Мұны барлық адам білетін болса, өз ана тілін, мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрін білуге ұмтылыс жасайтын болады.

Тектанудың басты әдісі — түсіну мен қабылдау. Бастан өтіп жатқан жағдайдың ата-баба көрген қиындықтың табы екенін сезініп, түсініп, оны қабылдасақ, санамызды тектің жадыда сақтау қабілетінен босатады екенбіз. Тектанушы Әлия Сағымбаеваның айтуынша, жалпы әлеуметтік катаклизмдер тек бойында сақталады, ұрпаққа беріледі. Содан кейін сол қорқыныш пен үрей ұрпағына мұра болып қалады. Қуғын-сүргін, ашаршылық, тәркілеу көргендердің ұрпақтары бүгінде мансапта жол болмай, кәсібі жүрмей және т.с. қиыншылықтарды басынан кешеді екен.

Тектік жады деген не?

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір қызық ақпарат оқыған едім. Ең алғаш Америка асырап алған құндақтағы нәресте Арман бес жасқа толғанда кішкентай саусақтарымен ақ параққа кең жазира далада шауып бара жатқан жылқының суретін салған екен. Өмірі ондайды көрмеген сәбиге мұндай ой қайдан келді? Міне, бұл тектің жады. Тектік жады бұл – адамның ата-анасының тектеріне қатысты бар ақпарат жазылатын «файл». Онда мінез-құлық, болмыс, кейбір ауруларға бейімділік және т.с.

Бір сөзбен айтсақ, әр адам  өз тегінің айнасы, ата-бабаларының текпен берілген дүниесінің жиынтығы. Тектану ғылымымен айналысатын (родология) ғалымдардың айтуы бойынша, тіпті психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер, әдет-қылықтар, дүниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуалау арқылы беріледі. Әсіресе,  адамның сол текті жалғаушысы немесе белгілердің тасымалдаушысы ретінде келер ұрпаққа не беретінін, не беруге болатынын да талдауға болады. Тіпті, ажырасу, ішімдікке салыну, психологиялық бедеулік, ер азаматтың отбасын тастап кету жағдайлары және тағы да басқа әлеуметтік мәселелердің тек арқылы берілетінін ғалымдар байқаған.

Халқымызда «Тегін білмеген теріс кетеді» деген сөз бар. «Ата-бабаңыздың, әсіресе, үшінші немесе төртінші атаңыз бен әжеңіздің не олардың ұрпақтарының қалай өмір сүргенінің қазіргі өміріңізге тигізетін әсері мол»,- дейді тектану ілімі. Онкологиялық аурулары бар адамдардың, сондай-ақ, психологиялық көмекке мұқтаж жандардың 80%-ы кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтары екендігі туралы статистика бар екен. Жалпы, соғыс пен қуғын-сүргін адам генетикасына қатты әсер етті. Қуғын-сүргін жылдары адамдар ауыр азап шегіп, жазықсыз құрбан болды. Сол жазықсыз жапа шеккен жандардың азабы ұрпақтарына  әсер етеді екен. Адамның генетикалық жадысында әке-шешесінен, ата-бабаларынан берілетін гендер сақталады екен.

«Психологиялық бедеулік» деген ұғым бар. Ерлі-зайыптының дені сау, бірақ өмірге ұрпақ алып келе алмайды. Неге? Сөйтсек, мұның тамыры тереңде екен. Арғы ата-аналарда өмірге келген сәбидің ерте шетінеуі, кейінгі ұрпақ бойында бейсаналы түрде үрей туғызып жүрген болуы мүмкін. Ұрпақ оны түсіне алмайды. Былайша еш қорқыныш жоқ секілді, тіпті, олар ата-бабалар өмірінде болған ол қасіреттен бейхабар болуы да мүмкін. Бірақ қанмен берілетін, тектің жадыда сақталған үрей болады екен. Сол үрей мен қорқыныш ананың өмірге бала алып келуін тежеп отырады. Сондықтан да тектің тарихына немқұрайлы қарауға болмайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін америкалық ғалымдар нацистік өлім лагерінде жұмыс істегендердің әлеуметтік тегін анықтауға кірісіпті. Жарты жылдай жүргізілген сараптамалық жұмыс нәтижесінде, мынадай жағдайды анықтаған. Адам жанын түршіктірер, айуандық жазалау жұмыстары мен бопсалаудың түрлерін жасап, қолын қанға бояғандардың ішінде бірде бір неміс ақсүйегі жоқ екен. Шетінен жұмысшылар мен қасапшылардың, бақалшылардың балалары немесе тегі белгісіз жандар болып шыққан.

Бұдан қазақтың «Қанына тартпай қоймайды», «Тегі жібермеді» деген сөздерінің босқа айтылмағанын көреміз. Қазақта «қандағы қасірет» деген ұғым бар. Француз ғалымы отбасылық психотерапевт, психодрамма маманы Анна Шутценберг «Ата-баба синдромы» кітабында белгілі бір жаста әке-шеше, ата-бабаның бойында, өмірінде болған әлеуметтік күйзелістер мен оқиғалар, дәл сол жас шамасында ұрпақ бойында қайталанатынын, өзінің көптеген зерттеулерінен байқағанын жазады. Мысалы, ата-бабасы репрессияға кеткен ұрпақтардың бойында, белгілі бір жасқа келгенде отбасыдан ажырауға бейімділік пайда болады екен.

Адамның есімінің адам өміріне ықпалы бар. Құранда «Ахирет күні сендер өздеріңнің және әкелеріңнің есімдерімен бірге аталып, шақырыласыңдар. Сондықтан балаға жақсы есім таңдаңдар» делінген хадис бар. Тектанушылар да адамның тағдыры қойылған есімге байланысты дейді. Қазақ баласына ат қоярда, сол есімге сай оған жүктелетін жауапкершілікті де ойлап, сақтықпен қараған, ырымдаған. Ырымның қырын кетпеуін қадалаған. Өзім тектану семинарына қатысқан кезде бір оқиғаға куә болдым, есімін кезінде әкесі «Жанна Д Арктей болсын!»,-деп қойған қазақтың келіншегі кейінгі кезде отбасына: «Мен өмірден өткенде мені жерлемеңдер, өртеп жіберіп (кремоторий), күлімді шашыңдар»,-деп айтқанда, шынында да қазақтың ырым-тыйымында терең мағына жатқанын көресің.

Қазір елімізде психология, генетика, физика, хронология, антропология және этнопсихология ғылымдарының басын біріктірген жаңа «Тектану» ғылымына қызығушылық танытып, алдымен өз отбасының тегін танып, кейін халыққа қызмет етіп жатқан тектанушылар көбейіп келеді. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» дейді. Кейде ренжіп балаларымызға да ойланбай, ауыр сөздер айтып қалып жатамыз. Ауыр сөз, қарғыс сөздің өзі  адам өміріне әсер ететіні жайлы көп айтылып, мысалдар келтірілді.

«Тектану бізге ата-бабаларымызды ұмытпау үшін керек. Әйтпесе, тамыры жоқ қаңбақ құсап кетеміз. Қазақта «Тегін білмеген – тексіз» деген ауыр сөз бар. Англия, Бельгия, Нидерландтар сияқты батыс елдерінде тек қана ақсүйек отбасылар өзінің шежіресін зерттейді, біледі. Ал, бізде қазақтардың көпшілігі өзінің жеті атасын жақсы білген. Тектанудың екі бағыты бар: біріншісі – тектілік мәдениеті. Ол көптеген ұлттарда кездеседі. Баланы қалай тәрбиелеу керек, әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас қандай болуы қажет? Ал, екінші бағыты – тектану арқылы адамға психологиялық шиеленісті шешу жолдарын көрсету. Генетиктердің зерттеуі бойынша, адамда қалыптасқан мінез-құлық пен әдет 3-4 ұрпақ алмасқан соң, белсенді білінеді екен. Ал 1 ұрпақтан кейін тіпті қатты білінеді. Демек, аталарымыз бен әжелеріміз – біздің өміріміздің сценариін жазушылар. Әке-шешеміз режиссер болса, біз – актерміз.

Бізде қазақтарда «әке жақтан жеті атамызды білуіміз керек» дейміз. Бірақ нағашы жағынан да арғы ата-бабаларын білу керек. Өйткені адам ағзасында 46 хромосома бар. Оның 23-і - анасынан, 23-і - әкесінен. Демек, ана жақтың да арғы тегін білу керек. Біздің психологтар мен психотерапевтерден айырмашылығымыз – адамның өмірінде болып жатқан жағдайларға ата-бабаларының өмірінен жауап іздейміз. Тектану бойынша, негізгі жауап ата-әжеміздің жүріп өткен жолында және төрт буын бұрынғы бабамыздың өмірлік сценариінде жатыр,-дейді тектанушы.

Еуропада өткен ғасырдың 50-жылдары адамның ата тегін ерекше мән беріп зерттей бастады. Анн Анселин-Шутценбергер деген француз психологы өзінің «Синдром предков» деген әйгілі кітабында ата-бабасының өмірінде болған жағдайды оның ұрпағы да қайталайтынына назар аударған. Мысалы, бір адам 40 жасында дүниеден озса, оның ұрпақтары да тура сол жасқа келгенде ауырып, қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Анн Шутценбергер ата-бабасының тағдырын қайталаған осындай біраз адамның мәліметін жинап, статистикасын жасаған. Ал, бұл заңдылықты «синдром годовщины» (орысша аудармасы) деп атаған. Ал, қазақ халқында бұл «ру жасы» деп аталады.

«Ата-баба синдромы» бойынша Анн Шутценбергер адам өзінің кем дегенде төрт атасын білу керектігін айтады. Тек әкесі жағынан ғана емес, анасы жағынан да. Себебі осы бабаларымыздан ұрпақтарына мінез-құлықтың, кейде, тіпті, тағдырының қайталануын байқаймыз. Кейде «нағашыға тартып кеткенсің», «ағаңа ұқсап кеттің» деп жиі айтып жатады. Бұл нені білдіреді? Бабаларының тағдырын қайталаған адам - өз өмірін сүрмейді. Ол басқа адамның өмірімен, уайымымен өмір сүреді.

Байқасаңыз, кейбір адамдар «мен әкемнің жасынан асып қайда барамын, шешемнің жасаған жасынан аспаймын» деп жатады. Бұл бекер сөз емес. Қазақ халқы Еуропаның өткен ғасырда ғана зерттей бастаған механизмін бұрыннан білген.

Белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның «Вечное небо казахов» деген кітабында да осы «ру жасы» туралы айтылады. Мұны «тек жасы» деп те атайды екен,-дейді Әлия Нұрпайқызы.

Сабы алтын болса да,

Көсеудің көсеу аты қалмайды.

Жақсыда кек жоқ, жаманда тек жоқ.

Барлық нәрсе тегіне тартады.

Тектен нәр алған тозбайды.

Шұғаның қиқымы да шұға.

Жабыдан тұлпар шықпайды,

Тексізден текті тумайды.

Тегін білмеген теріс бағады.

Тексізді төрге шығарма,-деген мақалдардардың негізінде терең ой, зерттейтін ілім жатыр.

Бүгінгідей рухани құлдырауға ұшыраған заманда тектілікке терең мән берген ұлтымыздың рухани құндылықтарын сақтап және оның ерекшеліктерін өскелең ұрпаққа үйрету өте маңызды. Сонда ғана «Жеті атасын білген ұл, Жеті жұрттың қамын жер. Өзін ғана білген ұл, Құлағы мен жағын жер»,-деген бабалардан жеткен сөздің терең мағынасын ұғармыз.

Шәкен Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, тарихшы-этнолог,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

Пікірлер