"Мектеп жөндеуге бөлінген қаржыны жоқ қылғандар қашып, дәретханаға тығылып жүр" - журналист Мадина Оқас

4296
Adyrna.kz Telegram
"Алматы" телеарнасының журналисі Мадина Оқас Талғар ауданы, Дәулет ауылындағы оқушылардың мүшкіл хәлін сөз етіп, дабыл қақты. Оның айтуынша, 2017де құрылысы басталып, 2019да пайдалануға берілуі тиіс мектептің жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Балалардың игілігіне бөлінген ақша орта жолда жоғалып, жауаптын жалтарған аудан мамандары ақыр соңында журналистерден жалтарып, дәретханаға барып тығылған. Бұл сорақы жайды "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 
Мадина Оқас өз жазбасының басында ар-ұяттан безгендерге қарата түйрей сөйлейді:
- Ағалар, ұят қайда?! Талғар ауданы Дәулет ауылының оқушылары үш жылдан бері онлайн оқиды. Өйткені, 2017-де құрылысы басталып, 2019-да пайдалануға берілген мектептің жөндеуі бітпеген. Ең сорақысы, бюджеттен құрылысқа деп бөлінген 1,6 млрд теңгенің қайда кеткенін ешкім ашып айта алмады. Айтпақ түгілі, аудан әкімдігінің мамандары дәретханаға тығылып, жауаптан жалтарып жүр!
Талғар ауданы әкімінің орынбасарына тіпті сөз жоқ! Үш республикалық телеарнаның келіп тұрғанын біліп, "BBC, CNN-ді де шақырып алмадыңыздар ма?", "Келсеңдер, құтты болсын, енді қайтейін?",-деп шала бүлінеді. Бұл бергі жағы... Аудиода бәрі жазылған, - деді жанкешті журналист.
Кейіннен балалар игілігіне бөлінген ақшаның бөтен бағыт, теріс торапта жұмсалып, қолды болғанына кейіс білдірді.
- Беу, ағалардың біразының бетін тілсе қан шықпайды ғой қазір! Басқа-басқа, балаға деп бөлінген қаржы еді ғой ол! 700-ден астам оқушының обалы кімге? Бірер ай бұрын министр Аймағамбетов келіп, тапсырма беріпті. Оған дейін неге әрекет етуге болмады? Одан кейінгі нәтиже қайсы? Әкімдік өкілі "1 айда труба төселеді, балаларды офлайнға ауыстырамыз",-дейді. Алматыдан арнайы келген мен біліп тұрмын шаруаның 1 айда бітпейтінін. Былықтың ортасында жүріп бұлар кімге ертегі айтады?! Қайдар Әбдіханов өзіңізге де хабарластық, айтуыңыз бойынша әрекет қылдық. Мұрты қисаймаған мамандарыңыздың мазағына қала берер жай жоқ. Түзу сұраққа түзу жауап беруді үйренсін! - деп жазды Мадина Оқас.
Мектеп нысанына тапсырыс беруші - "Талғар ауданы құрылыс бөлімі" ММ 2017 жылдың 23 қарашасында "Еламан" ЖШС-мен 1 миллиардқа келісімшарт жасасқан. Жобалаушы - "Нұр-Құрылыс-80" ЖШС. Мектепті жабдықтауға 71 миллион теңге бөлінген. Алайда, Дәулет ауылының балалары мектеп қабырғасын көрмегелі 3 жылдан асты.
"Талғар жөні түзу әкімге жарымады", "BBC, CNN-ге шыққысы келсе, шығады бір күні. “Ұялған тек тұрмас” деген сол. Журналистерді кекетіп-мұқатқанша, алдындағы жұмысын істемей ме екен?!.", "Ар-ұяттан безгендер" деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер