Бүгін Ақселеу Сейдімбектің туған күні

2297
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алаштың ардақтысы болған марқұм жазушы, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу Сейдімбектің туған күні.

Көркем сөздің зергері Әбіш Кекілбайұлының Ақселеу Сейдімбек дүниеден өткенде сөйлеген сөзі:

«Ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипаттарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер – қайран Ақселеу, енді жоқ.

Атар таңның жарығы жаңа-жаңа себездеп, айналаны толтыра бастағанда ай маңдайы жарқырап, аққан жұлдыздай көзден ғайып болады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті.

Алапат төсін айқара жайып, күректей саусақтарын салалай тарақтап, әр сөзін саралай салмақтап, шалқая қарап, шабыттана сөйлеп тұрғаны күні кеше ғана емес пе еді?! Қашанғы қара домбыра мен иірімі мол қыл қобыздың көмейіндегісін, құймақұлақ кәриялардың көкейіндегісін төгіп-шашпай түгел жинап, енесінің бауырына сүңгіген ашқарақ қошақандай қомағайлана бас сұғып, күрпіте сораптап, талмай еміп, жебей сауып, ештеңе қалдырмай, ақтап-қақтап, әбден сарыққан соң байыппен пайымдап, саралай салмақтап, әбден сораптап еді-ау шіркін!… Тілімен бал емізгендей еді. Жүрегінен күн көрінгендей еді. Оның кең қарымды, тың серпінді, тынымсыз ізденіске толы тарихи зердесі өзімізді дүние танып, өзгел­ерді дұрыс бағамдаудың асқаралы шыңдарына шығып, бұрын-соңды батылымыз бармаған ұшы-қиырларын еркін самғай бастап еді.

«Қазақтың күй өнерін», «Қазақтың ауызша тарихын» аяқтағалы бері мойнынан батпан жүк түскендей болып, ешкісі тауға жайылғандай емін-еркін жүр еді… Ойдағысына жеткендей еді, ел алдындағы парызын, ақтағандай еді!.. Маңғыстаудың қалғып жатқан қара ойы мен сағым шалып, мұнарға батқан ақ шыңдарын селт еткізіп, өзіне қаратып, көсілте жөңкіліп, талайды көріп, талайды біліп үлгерген тарлан басын сәндене шайқап, сырбаздана күлімсіреп еді-ау сабазың.

Алаш аруағы мен қазақ рухының қайта тіріліп, қайта оянып, қайта қалыптасып келе жатқан шағында ұлпа сезімімізге қаяу түсірген қаза болды ғой бұл! Есімізден тандырып кетті. Жер жастандырып кетті. Өкініште қапы жоқ. Жер бетіне келіп-кеткеніне, аз күн дәмдес, мұңдас-мүдделес болғанымызға, бірге жүріп, бірге тұрғанымызға тәубе дейміз. Қазақ санасында оның өлмес-өшпес іздері жатыр жосылып…

Қиырға шарлатып, қияға самғатып… Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады».

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер