“Ақ жол” демократиялық партиясының депутаты Айгүл Жұмабаева «Үкімет сағатында» Әлеуметтік Кодекс жобасын талқылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, Кодекс жобасында Президенттің бағдарламасын іске асыру бойынша бірқатар новелла көзделген. Олардың барлығы өзекті, халықпен кездесулер осыны көрсетті.
«Кодекстегі маңызды бағыттың бірі – ішкі көші-қонды ынталандыру, азаматтардың солтүстік, орталық өңірлерге қоныс аударуын ретке келтіру. Әрбір қабылдаушы өңір қоныс аударуды ынталандыру үшін өз жол картасын әзірлейтін болады.
Осыған орай, келесіге назар аударғым келеді. Мәселен, жазда сайлаушылармен кездесу кезінде «Еңбек» (Оңтүстік-Солтүстік) бағдарламасының кейбір кемшіліктері анықталды. 5 жыл ішінде қоныс аударуға 2 млрд. теңге жұмсалған.
Алайда, осы бағдарлама бойынша келген азаматтардың көбісі қайтып оралуда, ал қалғандарының-да жағдайлары мәз емес.
Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының өтініші бойынша, біз / мал өсіруге, егін егуге жағдайы бар ауылдарды араладық.
Бірақ бұл ауылдар мемлекеттік органдардың өлшемдері бойынша болашағы жоқ ауылдар тізіміне кірген.
Ауылдарға бүгін адам керек, өйткені ауылдардағы жалғыз жұмыс беруші мекеме - мектептер жабылып қалуы мүмкін. Бұл шағын ауылдарда дайын тұрған қора жай мен тұрмысқа ыңғайлы дайын үйлер де бар, жергілікті тұрғындар оларды жөндеп, малмен, жем-шөппен көмектесуге дайын. «Ақжолдық» кәсіпкерлер де сол бос үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге әзір. Осы ауылдарға оңтүстік азаматтары және қандастар қоныс аударғып мал ұстап, бос жерлерді пайдаланғысы келеді. Бірақ бұл жерге келген азаматтар тиісті мемлекеттік қолдауды ала алмайды, өйткені ол ауылдар перспективасы жоқ деп саналады.
Ал оңтүстік өңірлерден отбасылар жаппай қоныстанған тірек ауылдарда мал ұстауға жағдай жоқ, бос жатқан жер де жоқ, оны өздеріңіз бүгінгі көптеген жер дауларынан білесіздер.
Жайылым жер де жоқ, жұмыс та жоқ, бірақ, оларға сол тірек ауылдарда үй салынуда. Үйлердің сапасы сын көтермейді. Учаскелерінде мал қорасына орын жоқ. Қаншама бюджеттік ақша ысырап болып жатыр»,—деді ол.
Депутат Президенттің алдағы 5 жылда ауылды дамытуға арналған жоспарына ерекше тоқталды.
«Еңбек» бағдарламасын «Қуатты өңірлер» жобасы алмастырады. Келесі жылдың 31 наурызына дейін Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданады.
Осыған байланысты, қоныс аударуды ынталандыру туралы жаңа жобаларда қабылдаушы өңірлердегі ауылдарды дамыту перспективасының өлшемдерін қайта қарау қажет. Жалпы адам қоныстандыруға кедергі болып отырған, шалғай ауылдарға қатысты болашағы жоқ деген түсінікті, критериді айналымнан мүлде алып тастау керек.
Сонымен қатар, мал шаруашылығына қолайлы ауылдарды сақтау үшін орталық және солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды қабылдау квоталарын бірнеше есе арттыру керек деп санаймыз»,—деп түйіндеді ол.