Жастар ұйымдары сайлау қорытындысына қолдау білдірді

2751
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабта «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Bir Tolqynda» диалог алаңының отырысы өтті. Жастар ұйымдарының көшбасшылары, қоғам қайраткерлері және Халықтық коалицияға кірген спортшылар қауымдастығының өкілдері президент сайлауының қорытындысы жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Сайлауалды штабта БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Олар үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабы мен жастар секторының қызметімен танысты.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Халықтық коалициядағы жастар блогының қызметін егжей-тегжейлі түсіндірді.

«7,5 мыңнан астам белсенді 3 млн-нан астам үгіт-насихат материалын таратты. Олар тек үнпарақ таратып қана қоймай, «Есіктен есікке» акциясына, сайлаушылармен өткен экспромт-кездесулерге, азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін қабылдау ісіне атсалысты. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі сол, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын әр сайлаушыға егжей-тегжейлі түсіндіріп беру мақсатында біз тек ірі қалаларға ғана емес, сонымен қатар шалғай орналасқан ауылдарға да бардық», - деді ол.

Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Вера Кимнің пікірінше, сайлау нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытына жалпыхалықтық қолдау бар екенін дәлелдейді.

«Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. Әділеттілік қағидатына сәйкес, мәртебесіне, жынысына немесе жасына қарамастан, қазақстандықтар тең мүмкіндіктер мен құқықтарға ие болуы тиіс. Сайлау қорытындысы халық Президентті қолдайтынын көрсетті. Еліміздің, сонымен қатар халықаралық байқаушылардың оң пікірі сайлаудың ашық әрі адал өткенін айқындайды», – деді халық қалаулысы.


Өз кезегінде, Олимпиада чемпионы, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас хатшысының орынбасары
Серік Сәпиев спортшылар қауымдастығының ұстанымын жеткізді.

«Біз Қуатты әрі Әділетті Қазақстан үшін дауыс бердік. Сайлау учаскесіне келген әрбір адам өзінің азаматтық парызын өтеп қана қоймай, ел болашағы үшін таңдау жасады деп ойлаймын. Біз ел игілігіне қызмет етуге барымызды саламыз және барша қатысушыларды осыған шақырамын», – деді ол.

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәлі алдағы 7 жылда жастар мемлекет құру ісіне елеулі үлес қосады деп отыр.

«AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова сайлаушылардың ұсынысы мен тілегіне назар аударды. Үгіт-насихат науқаны барысында 40 мыңнан астам осындай ұсыныс-тілек келіп түсті. Бұл азаматтардың саяси процестерге деген қызығушылығы артқанын аңғартады.

Пікірлер