Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.
Іс-шараны ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтады.
«Ұлытауда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы осы атаулы мерекені қайта жаңғыртты. Тарихи ақиқат қалпына келді. Дәл осы күні Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған мемлекеттік Егемендік туралы декларация қабылданды. Міне, бүгінгі таңда Республика күні ұлтымыздың ынтымағын, халқымыздың береке-бірлігін паш ететін игі дәстүрге айналып отыр», - деді партия Төрағасы.
Ерлан Қошанов Республика күні қарсаңында түрлі салада жетістіктерге қол жеткізіп, еңбегін ел мойындаған азаматтарды марапаттау дәстүрге айналғанын атап өтті. Биыл партия мемлекеттік және партиялық наградалармен марапаттауға ел игілігі үшін еңбек еткен және Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бағытын жүзеге асыруға атсалысып жүрген педагогтарды, дәрігерлерді, кеншілерді, мұнайшыларды, шаруаларды, жұмысшыларды және басқа да кәсіп өкілдерін ұсынды.
Президент Жарлығына сәйкес «Парасат» орденімен №5 Алматы қалалық емханасының бас дәрігері Болат Садықов марапатталды.
«Құрмет» ордені «Еуразиялық банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Қырмызы Жанбыршинаға, жазушы Алмас Ахметбекұлына, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақыт Өтебалыға және елордадағы Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемировке тапсырылды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен параби бойынша ұлттық құраманың мүшесі Севда Әлиева, «Еңбек адамы» партиялық жобасының қатысушысы Нұрлыбек Байменов, тележүргізуші Айкерім Есеналиева, Д.Карбышев атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Зәуре Жабаева, партияның Целиноград аудандық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Қанапиянов, «Қазфосфат» зауытының инженер-механигі Тілектес Қарғабаев, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері Ербол Кенжевалов, «Ремстрой» ЖШС директоры Николай Распопов және басқалар марапатталды.
«Шапағат» медалі «Kex Group» продакшн-студиясының жетекшісі Камиль Байрамовқа және «Мейірім» мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Мариямхан Төлегенбаеваға берілді.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы «Семей орманы» орман шаруашылығының өрт сөндірушісі Дмитрий Полянскийге, Қ.Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ректоры Далида Сиваракшаға және басқаларға тапсырылды.
«Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова, Ualikhanov University бірінші проректоры Ғалым Байтоқ және басқалар «Белсенді қызметі үшін» партиялық наградасымен марапатталды.