Республикалық «Үздік педагог» байқауында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Жаннұр Мауытова үздіктер қатарынан көрінді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек-қараша айында өткен байқау 3 кезеңнен тұрды. Осы үш кезеңнен сүрінбей өтіп «Үздік педагог» атағына ие болған Жаннұр Мауытованы бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады.
Министр әріптестерін «Үздік педагог» атағымен құттықтап, өз ісіне адалдығы мен білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ министр ұстаздарға қиын болса да, бірақ ұлы кәсіпте жаңа табыс мен жетістік тіледі.
Ұстаздық мамандық әрқашан ең құрметті мамандықтардың бірі. Ал бүгінде, сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлағатты ағартушылардың игілікті ісін жалғастырушы жансыздар, - деді Асхат Аймағамбетов.
Жаннұр Мауытова Зияткерлік мектептің білікті ұстазы, көптеген үздік ғылыми жобалардың жетекшісі. Ұстаздың бірнеше жобасы авторлық құқыққа ие болды. Жаннұр Мауытова жетекшілік етуімен жыл сайын Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін ғылыми жобалар конкурсының, пәндік олимпиадалардың түрлі кезеңдерінде үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Бірнеше кезеңдерден өткен сайыста жол жүрулер шаршатқанымен, додада жарып жеңіп шығу мақсат болды, мектебім мен отбасымның үкілеген үмітін ақтау, кәсіби біліктілігімді таныту басты нысанға айналды. Жеңісімді алғашқы естіген сәтте көз жасына ерік бердім, себебі, ұйқысыз түндер, толассыз пәндік олимпиадаға шәкірттерімді дайындаулар мен ғылыми жобаларға оқушыларды әзірлеу, оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын құрастыру сияқты сан қырлы ұстаздық еңбегімнің ақталғанына, мойындалғанына ризалық басым болды. Менің жеңісім - кәсіби дамуыма ықпал еткен Назарбаев Зияткерлік мектептер жүйесінің, мектебім мен әріптестерімнің, кәсіби өсуім мен кейбір кәсіби қателіктерімнің куәсі болған оқушыларымның жеңісі деп білем,- дейді «Үздік педагог» Жаннұр Қалыбайқызы
Сондай ақ өскелең ұрпақтың білім беру және тәрбие ісіне қосқан елеулі үлесі үшін 2020 жылы Мауытова Жаннұр Қалыбайқызы Қазақстан Республикас Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Республикалық конкурс комиссиясының құрамында қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, білім және ғылым қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері болды.
2022 жылғы «Үздік педагог» байқауына 5000 мыңнан астам педагог іріктеліп, конкурс қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз анықталып, марапатталды.
«Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 600-ге жуық ұстаз үздік атанды.