Маңғыстау облысының жас ұстаздары NIS-те бас қосты

3046
Adyrna.kz Telegram


Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жас мұғалімдердің аймақтық форумы өтті. 

Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұйымдастыруымен «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты облыстық форумы өткізілді. Бұл шара тамыз айында елордада республика көлемінде өткен форумының жалғасы.

Маңғыстау облысы мектептерінен қатысқан 140ан астам мұғалімге педагогикалық шеберлік орталығы мамандары сабақ құрылымын зерттеу, функционалды сауаттылықты арттыру, оқытуда АКТ-ны тиімді қолдану сияқты маңызды тақырыптар бойынша тренингтер ұйымдастырды. Форумда тақырыптық алаңдар, жас ұстаздардың шеберлік сабақтары және Active SPOT алаңдары жұмыс жасады.  

Форумның ашылу салтанатында Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева  жас ұстаздарға қолдау көрсетіп, табысты мұғалім қандай болу керектігін атап өтті. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры РинатЖұмабаев қазіргі жас ұстаздарға шеберлігін шыңдау үшін елімізде қарастырылған мүмкіндіктерге тоқталып, ұстаздарға берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, білікті маман болуға шақырды.

«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» облыстық форумында сөз сөйлеген бір қатар қатысушылар мен қонақтар форумның маңыздылығына тоқталды.

- Тамыз айында республика көлемінде өткен форумның қатысушысы ретінде бұндай шараның ұстаздар үшін, әсіресе жас мамандар үшін маңызды екенін айтқым келеді. Өйткені ұстаздар қауымы елдің ертеңі, болашағы. Оларға әрдайым қолдау көрсету арқылы болашаққа нық сеніммен қарауға әбден болады. Бүгін міне  өлкеміздегі дарынды, жас ұстаздардың басын қосып, өткен форумнан алған әсерімізбен, тәжірибемізді ортаға салып, теориялық мәлеметтерді бөлісіп жатырмыз,- дейді Марат Қаниев, Ақшұқыр мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сондай ақ «Жас ұстаз:табысқа апарар жол»  форумына арнайы шақырылған қонақтар Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Әділбек Ниязымбетов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бақтыбай Жайлау, Н. Жантурин атындағы драма театрының актерыЕркебұлан Бекен жас ұстаздармен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді.

- Жас ұстаздарға арналған облыстық форум өте жоғары деңгейде өтті. Қызық болғаны сонша уақыттыңда қалай өткенін байқамадық. Деседе көңіл көтеру әрине жақсы бірақ, осы форумнан алған біліміміз біраз жылға азық болары сөзсіз. Ұстаздық еткен шақтан бүгінге дейін облыстың түкпірінен келген ұстаздармен алғаш рет кездесіп, тәжірибе алмасудамын. Дәл осындай кездесулер жас ұстаздарға шынымен де қажет. Қазір заманның қарқынды дамыған шағында мектептерде қалыс қалмай, оқытудың жаңа бағыттарын пайдалануда. Осы тұста ұстаздар қауымы бір жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге жаңа дүниені үйретіп, тәжірибе алмасу өте маңызды,- деді Бақытгүл Тілеубаева Жаңаөзен қаласы №24 мектеп-лицейінің ұстазы

- Ұстаз - ұлт болашағымен ел тұғырының кепілі болу керек. Ертеңіміз үшін алаңдайтын ел болсақ кез келген мәселені ұстаздардан бастағанымыз жөн. Ұлт болашағын тәрбиелеушілерге өз деңгейінде қолдау білдіру қажет, әсіресе ұстаздық деген ұлы жолға енді қадам басқан жас мамандарға. Міне бүгінгі форумның басты мақсаты осы,- Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Қатира Боранбаева

Форум соңында кері байланыс ұйымдастырылып, жас ұстаздар қауымынан сындарлы қажетті кері байланыстар берілді.

Пікірлер