Кездесу алдында Түрікменстан президентін Ақорда резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшысына рапорт беріп, Қазақстан мен Түрікменстанның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды. Бұдан соң екі ел басшылары Шығыс залында шағын құрамда кездесті, делінген Ақорда хабарламасында.
"Түрікменстан – Қазақстан үшін бауырлас мемлекет. Біздің тарихымыз бен шекарамыз ортақ. Бізді мәдени-гуманитарлық салалар және экономикалық мүдде секілді көп бағыттар байланыстырады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге, әсіресе, энергетика, көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше назар аударылды.