Шымкент жастары пікір алмасты

874
Adyrna.kz Telegram

Абай ауданының жастары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы бастамалар туралы ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Алдымен Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов Президенттің жастарға қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық жағдай қарастырғанын айтып, жас буынды патриот болуға шақырды.
–Білім іздеп, тұлғалық даму жолына түскен жастарды бүгіннің патриоты деп айтар едім. Қазір жастардың сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау үшін көптеген мемлекеттік бағдарламар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасын алып қарасақ, енді оқу орнын тәмамдаған жас түлек тәжірибе жинау үшін алғашқы жұмыс орнына жолданады. Өз кәсібіңізді ашып, ерекше жобаларды жүзеге асыруды көздесеңіз, мемлекеттік гранттың мүмкіндігін пайдаланыңыз. Жұмыс істейтін жастарды да пәтермен қамту жолға қойылып отыр. Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында 100 мың жасты жұмыспен қамту, кәсіпкерлігін дамытқысы келген жастар үшін 2,5 пайыздық несие берілетінін айтты. Ел Президенті жастар үшін барынша күш салып жатыр. Сондықтан сіздерден даму жолына түсіп, елдің өркендеп, гүлденуіне үлес қосуға шақырамын, - деді М.Исахов.
Шымкент жастарының ұсынысы әрдайым әкімдіктен қолдау тауып келеді. Өткен жылы қаланың бір топ белсенді жастары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуінде әр ауданнан орталық ашу ұсынысын жеткізген болатын. Көп ұзамай шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қаладағы төрт ауданда Жастар ресурстық орталығының филиалдары өз жұмысын бастады. Бүгінде аудандық орталықтарда жастарға мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері түсіндіріліп, бос уақытты тиімді пайдалануға бағыт беріп отыр.
–Жастардың белсенділігі тек волонтер болуымен шектелмеу керек. Елімізді дамытуға, қаламызды көркейтуге, өз замандастарыңыздың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған жобаларыңыз болса ортаға салыңыздар. Біз үшін сіздердің ұсыныстарыңыз әрқашан маңызды, - деді орталық басшысы.
Жиынға қатысушы жастар спорт үйірмелерін көбейтуді, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге арналған спорттық ойындарды ұйымдастыруды ұсынды. Орталық басшысы осы ұсыныстарды алдағы күндері бірлесе пысықтап, жүзеге асыратынын жеткізді.

Пікірлер