АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ. Ұлағатты ойлар.

3250
Adyrna.kz Telegram

Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрібір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын.

 * * *

Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.

* * *

 Үгітті бүтін жұртқа айтса да, бір адамға айтса да үгіт болады.

* * *

 Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес.

* * *

 Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары – қазақ жұмысына  қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр.

* * *

 Мәселе мынада: қазақтар арасында халқы толық сенетін және жаза басып жаңылысса да, жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп, өз халқын ешқашанда саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір тобы бар. Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол – осы зиялылар арқылы өтеді.

* * *

 Елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі.

* * *

 Мінез – іштен туады, бірақ шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін  тәрбиемен өзгертуге болады. Адамға тәрбие беруге әуелі: ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төңірек.

* * *

 Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.

* * *

 Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.

Пікірлер