Бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің қай өңірдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқаны, түрмеде жұмыс істейтіні және қандай кітаптар оқитыны белгісіз, деп хабарлайды “Адырна”.
Курсив дерегінше, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметтерді жариялаудан бас тартқан.
Редакция Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, Мәсімовтің еңбек қызметі, жалақысы, кітап оқуы және қамауда ұстау жағдайларына қатысты шағымдары туралы ақпарат сұраған.
Алайда комитет сотталған адамның жеке деректерін қорғау талаптарына сүйеніп, сауалдағы сұрақтардың басым бөлігіне жауап бермеген. ҚАЖК төрағасының орынбасары Сергей Варго бұрынғы ҰҚК басшысының нақты қай мекемеде және қай өңірде жазасын өтеп жатқанын ашып айтпағанымен, оның қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде отырғанын растаған.
«Сауалда көрсетілген сотталған адам заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жатыр», – делінген комитет жауабында.
Бұдан бөлек, басылым Мәсімовтің жаңа мамандық меңгерген-меңгермегенін, 2025–2026 жылдары медициналық көмекке жүгінгенін, тәртіптік жаза немесе көтермелеу алғанын сұраған. Сондай-ақ соңғы бір жарым жылда туыстарымен қанша рет кездескені және қанша сәлемдеме алғаны туралы мәлімет сұратқан. Алайда бұл сұрақтарға да жауап берілмеген.
Комитет сотталғандардың жеке істеріндегі мәліметтер құпия саналатынын және жариялауға жатпайтынын мәлімдеген. Ведомство бұл ұстанымын «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң мен Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарымен түсіндірді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, сотталған адамның қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы ақпарат оның жақын туыстарына беріледі.
2026 жылғы тамызда Кәрім Мәсімовтің Қазақстаннан кетіп, АҚШ-тың Хьюстон қаласында отбасымен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Суретші Қанат Ибрагимов өзге адамдардан естіген мәліметтерге сүйеніп, бұрынғы ҰҚК төрағасының бостандыққа шыққанын айтқан. Алайда ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды. Министрлік ҚАЖК мекемелерінде тәулік бойы бейнебақылау жүргізіліп, тұрақты тексерулер ұйымдастырылатынын хабарлаған.
Еске салайық, 2023 жылғы 24 сәуірде Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойына тыйым салынды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Украина жерінде ұрысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты тергеу бастады
