Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің қатар өмір сүруіне қазақтың қонақжайлығы себеп болды - Анна Альшанская

3285
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі әлем терең әлеуметтік және геосаяси өзгерістерді бастан кешіруде. Әлемдік қауымдастық үшін бірлік, этномәдени және көпконфессиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ мемлекеттегі келісім мен тұрақтылықты нығайту бұрынғыдан да маңызды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚазИС-ның жетекші ғылыми қызметкер Альшанская Анна “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

“Қазақстанның этникалық топтар арасындағы мәдени өзара әрекеттестіктің бірегей тарихы бар. Өзара әрекеттестік өмірдің барлық салаларына - өмір салты мен ойлауына, менталитетіне және құндылық бағдарларына енеді. Сонымен қатар, елімізде түрлі ұлт өкілдерінің қатар өмір сүруіне де қазақтың ашықтығы мен қонақжайлығы себеп болды.

Қазақстан ел азаматтарының бірегейлігінің құрамдас бөлігіне айналған «әртүрліліктегі бірлік» қағидатын ұстанады. Қазақстан халқының соңғы санағы бойынша халық құрылымында қазақтар 70,18%, орыстар 15,81%, өзбектер 3,22%, ұйғырлар 1,48%, украиндар 1,36%, татарлар және басқалар 1,06% құрайды. Ел тұрғындарының 64,45%-ы ислам дінін, 20,45%-ы православиелік христиандықты, 0,11%-ы буддизмді ұстанады.

Этносаралық үнқатысудың көрініс беруіндегі бірегей құбылыс – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Мемлекет ұлттық-мәдени бірлестіктердің, газеттердің, радио және телебағдарламалардың, театрлардың қызметіне қолдау көрсетеді. Мәселен, елімізде 52 этникалық БАҚ тіркеліп, 10 тілде шығарылады. Сонымен қатар, 1000-ға жуық этномәдени бірлестіктер мен олардың филиалдары бар. Орта білімді қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік және басқа тілдерді де алуға болады”,- деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанның мұндай тәжірибесі әлемдік деңгейде сұрагысқа ие.

“Бірегей қазақстандық тәжірибе әлемдік деңгейде сұранысқа ие. Қоғамдағы бейбітшілік пен диалогты нығайту мақсатында Қазақстанда 2003 жылдан бері әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіліп келеді. Жақында өткен конгресс нәтижесінде Декларация әзірленіп, ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылды.

Осылайша, қазақстандық қоғамда этномәдени әртүрлілік, ең алдымен, барлық қазақстандықтардың құнды мәдени жетістіктерімен алмасуына мүмкіндік беретін елдің орасан байлығы мен артықшылығы екенін түсіну керек. Міне, бұл жаһандық өзгерістер жағдайында біздің бүкіл қоғамымыздың сенімді тірегі болады”,- деп сөзін қорытындылады Анна.

Пікірлер