12 жылдың ішінде шетелдіктер Қазақстаннан 8 791 бала асырап алған — Шыңғыс Мұқан

3065
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан 12 жылдың ішінде шетелдіктердің Қазақстаннан 8 791 бала асырап алғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер Қазақстаннан 8 791 баланы асырап алған, оның ішінде 6 421 бала Америка асып кеткен.

Америкада оқып жүргенде түрлі іс-шаралар өткізіп, қазақ балаларын америкалық ата-аналарымен шақыратынбыз. Елге оралған соң, бірер баланы ата-анасымен қонақ етіп жібердік.

Сол кезде бір ойлап қойып едім. Жыл сайын 200-300 баланы елге алдырып, он күн қыдыртып, елмен жақындастырып жіберсе… Балалар шетел азаматы болғанымен, 8 791 бала деген қаншама халық. Дамыған батыс елдерінде өсіп жатыр. Арасынан мықты ғалым, кәсіпкер шығады… Ең болмағанда әрқайсысы еліміздің елшілері»,—деді ол.

Айтуынша, күн астында жүрген әрбір төртінші қазақ шетелде тұрады.

«20 млн қазақтың 5 млн шетелде тұрады деп есептейміз. Зерттеуге де, көрсетуге де үлкен тақырып. Журналистер үшін болашағы бар тақырып.

Жанар Байсемізова досым осыны ерте түсінді. 2009-2013 жылдар аралығында түрлі телеарналардан түрлі атаумен шыққан “Шетелдегі қазақ балалары” эфирге қайта оралды. “Жібек жолы” телеарнасында әр жексенбіде 14-30-де көрсетіледі.

Тарыдай шашылған халықпыз. “Әр қазақ менің жалғызым” деп Сабыр ақын айтқандай, әрбір қазақты түгендеп жүрер кез келгей»,–деп сөзін толықтырды Шыңғыс Мұқан.

Пікірлер