“Әділдік іздеймін!”: Тоқаевқа хат жолдаған Қызылорда тұрғыны өзін бопсалағандар әлі жазаланбағанын айтады

6462
Adyrna.kz Telegram

Шілденің 18-і күні “Адырна” ұлттық порталы Қызылорда облысының тұрғыны Нұрлан Тұрмановтың оқиғасын жариялаған болатын. Ол “Аппақ Сәбит” лақап атымен белгілі Сәбитбек Өмірзақов бастаған қылмыстық топ өлтірмек болғанын айтып, шағымданған еді.

«Мақсаттары мені өлтіру болған»: Қызылорда облысының тұрғыны Тоқаевқа хат жолдады» тақырыбымен жарияланған мақалада Нұрлан Тұрманнан ақша бопсалап, өзінің лас істеріне, мұнайды заңсыз тасымалдау әрекеттеріне араластырмақ болған Өмірзақов Сәбитбектің атына қанша арыз жазылғанымен бостандықта жүргені, оған қатысты істердің жабулы қазан күйінде қалатыны жазылған еді.

Алайда ақшасы бардың мүмкіндігі де мол заман болғаны ма? Нұрлан Тұрманның оқиғасын заң да, басқасы да елеп-ескермеді. Нұрланның айтуынша, барлығы қалталылардың ығына көніп, Аппақ Сәбиттің ісін қарамай отыр. 

Аппақ Сәбит қазір бәрін алдап отыр. Ұйымдасқан қылмыстық тобы дамыған сайын өршіп барады. Тіпті, базарды да ұстап отыр. Өзбектерді бопсалауда. Бәрінің көздегені ақша болғандықтан, Өмірзақов Сәбитбектің ақшасына қызыққандар оның артын жауып отыр”, - дейді ол.

Қаншама арыз жазып, талай есікті тоздырған Нұрлан Тұрманның әрекеті осы күнге дейін нәтижесіз. Тіпті Тоқаевқа  6 мәрте хат жолдағанымен, құзырлы органдардан ешкім хабарласпаған.  Оның әділдік жолында аяқ тоздырып жүгіріп жазған арыздары – бәрі қараусыз күйі қалды. Қаншама қылмысы бола тұра Сәбитбек Өмірзақов еш қиналмастан өмірін сүріп жүр. «Осының бәрін ақшамен шешіп отыр» деген Нұрлан мырза өзіне қатысты істің қайтадан қозғалғанын талап етеді.

Нұрланның айтуынша, қылмысты бүркеп отырған облыс прокуроры Нұрлан Бижанов екен. 

Қызылордадағы қылмыс әлемнің крышасы - Бижанов Нұрлан болып тұр. Ол барлығын қанатының астына алып отыр. Аппақ Сәбит те осымен байланысты. Сондықтан да ол жазаланбайды”,- деді Нұрлан.

Айта кетейік, Бижанов Нұрлан Дәуренұлы Қызылорда облысының прокуроры.

Мен Аппақ Сәбиттің жазаланғанын қалаймын. Ол маған қаншама залал келтірді. Бірақ әлі күнге дейін жазасын өтеген жоқ. Әділдік іздеймін! Қазір базардағыларды да бопсалап, өз бизнесін ашып алды. Сырт көзге момақан бизнесмен көрінгенімен, “қой терісін жамылған қасқыр” болып отыр. Мен тек өзімді ғана емес, зардап шеккен өзгелерге де алаңдаймын. Сондықтан Өмірзақов Сәбитбекті тексеріп, іс қозғауларыңызды сұраймын. Әділдік бар шығар”, - деді Нұрлан Тұрман.

Неліктен Нұрлан Тұрмановтың арызы қайта қаралмайды? Бірнеше мәрте бопсалау әрекеттерімен қоса, мұнайды заңсыз тасымалдауға қатысы бар Сәбитбек Өмірзақов не себепті жазаланбайды? Аппақ Сәбиттің қылмыстық әрекеттеріне қатысы бар Иманқұлов Нұрболат, Беркінбаев Айдос, Тілеуов Нұрландар іске тартылып, неге қамауға алынбады?   Осы сұрақтар төңірегінде мәселелерінің шешілгенін қалаған, отбасы мен құқығын қорғамақ болған, әрі әділдік іздеген Нұрлан Тұрманов арызының қаралғанын талап етіп, редакциямызға хабарласқан еді. Осыны ескерген біз де Президентке, ҚР ҰҚК, ҚР Жоғарғы соты, Бас прокуратурасына қылмыстық істің қаралуын талап етеміз.

”Адырна” ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер