Ресей азаматтарының көші-қон процесіне қатысты мәселе шешімін табуда

1887
Adyrna.kz Telegram

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Надир Құрымбаев Ресей азаматтарының көші-қон процесіне қатысты туындаған мәселелерді түйіндеді.      


Алаңдауға негіз жоқ

          БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың мәліметінше, Ресей Федерациясы мен Қазақстан шекарасы аумағында болып жатқан ахуал толық бақылауда. Барлық күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет етуде. Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан Қазақстанға өтетін шекара пункттерінде тәуліктік патрульдеу жүргізіліп отыр.

      –  Сырым, Шаған, Тасқала, Теплый шекара посттарында тәулік бойы үздіксіз полиция департаменті қызметкерлеріжұмыс істеуде. Орал қаласы бойынша патрульдік полиция мен жаяу нарядтар көбейтіліп, барлық қоғамдық жерлер бақылануда. Одан бөлек еріктілерден құрылған 5 топ облыс орталығындағы алаң, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде. Облыстағы еріктілер РФ келген азаматтарға жиналу орындары мен көмек көрсету орындарын белгілеп, қол ұшын беріп жатыр, – деді Бақытжан Қаберұлы.

       Әкім орынбасарының сөзінше, тасымалдаушылармен шекарадан облыс орталығына дейін және одан әрі жеткізу орындарына дейін бір адамнан 700 рубльден тасымалдау жүргізілуде.Облыс еріктілерінің бастамасымен Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында 330 орынға «келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері» ұйымдастырылған. Онда уақытша тұру және тамақтану қызметтері 5000 теңгені құрайды. РФ келген азаматтарға және біздің тұрғындар үшін түйткілді мәселелерді шешу мақсатында 109 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болады. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы құны туралы ақпараттар орналастырылған. Қалыптасқан жағдайға орай күніне 3 рет жолаушылар автобусы Атырау қаласына қатынауда. Поезд бағыттарына қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде сұраныстар бойынша тиісті министрлік пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін жеке штаб құрылатын болады.

Пікірлер