Тұрғын үй салуға қомақты қаражат бөлінген

1791
Adyrna.kz Telegram

Облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға 7,19 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл жайында облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Абзал Жұмағалиев хабарлады.

Қазіргі таңда республика бойынша тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып келеді. Соның есебінен баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны кеміп, жеке тұрғын үйге ие болуда. Ел азаматтары тұрмысының жөнделуі үшін мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар мен заманауи бағдарламалардың әсері мол. Жыл сайын жасампаз жобалар арқылы әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандар бірінші кезекте баспанаға ие болуы жағы қарастырылған.

2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал және Ақсай қалаларында көп қабатты 5 үй және ауылдық жерлерде 51 баспана құрылысы аяқталған. Яғни «Отбасы банк» АҚ салымшыларына – 476, әлеуметтік санат бойынша кезекте тұрғандарға 436 пәтер берілген. Үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 192,8 млрд теңге бөлінген. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Абзал Жұмағалиев атап өткендей аумақта 1993-2020 жылдары құрылыс жұмысына жұмсалатын қаражат көлемі 14,6 млн теңгеден 173,1 млрд теңгеге дейін (12 мың есе) ұлғайыпты. – Тәуелсіздік жылдары облыста 5,9 млн шаршы метр тұрғынжай пайдалануға берілді. «Қолжетімді баспана», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары ауқымында жаңа шағынаудандар салынды.

Бағдарлама тетіктері арқылы табыс деңгейі әр түрлі азаматтардың баспана сатып алуына нақты мүмкіндік пайда болды. 2010-2020 жылдары үй салуға және инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға мемлекеттік бюджеттен 109,5 млрд теңге бағытталды,-деді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Абзал Жұмағалиев.

Пікірлер